НҰР-СҰЛТАН, 29 қыркүйек – Sputnik. Жамбыл облысында әскери қоймадағы жарылыстан қаза тапқан азаматтар мен олардың әйелдерінің қарызы кешірілді.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мәлімдеді.
Айтуынша, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Жамбыл облысы әкімдігімен, банктермен және өзге де қаржылық ұйымдармен бірлесіп, Байзақ ауданында жарылыстан қаза тапқан азаматтардың отбасыларының борыштық жүктемесін азайту бойынша шаралар қабылдады.
"Банктермен, микроқаржы ұйымдарымен және коллекторлық агенттіктермен жүргізген жұмыстарымыз нәтижесіз аяқталған жоқ. Төтенше оқиға салдарынан қаза болған азаматтардың – қарыз алушылар мен олардың артында қалған жесірлерінің берешектерін толық көлемде есептен шығару жөнінде бірыңғай шешім шықты. Бүгінгі таңда 47 несие бойынша берешек толығымен өтелді", - деді Сапарбаев.
Ол жергілікті билік бұдан өзге де көмек көрсету шараларын қолға алғанын атап өтті.
Әскери қоймадағы жарылыс
26 тамыз кешке Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінде өрт басталып, артынша оқ-дәрі жарылды. Кем дегенде 10 жарылыс болған.
Жарылыстан кейін қорғаныс министрі болған Нұрлан Ермекбаев отставкаға кетті, оның орнына Мұрат Бектанов тағайындалды.
Оқи отырыңыз: