НҰР-СҰЛТАН, 24 қыркүйек – Sputnik. 23 қыркүйектегі жағдай бойынша салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шотына өтініш берушінің өтініші және өзге де себептер бойынша 246,8 миллиард теңге қайтарылды. Бұл соманың 6,1 миллиард теңгесі емделу мақсатында сұратылған. Бұл туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының баспасөз қызметі хабарлады.
Тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында берілген өтініштердің 438 834-і орындалды.
"Банктерде ашылған қазақстандықтардың арнайы шоттарына БЖЗҚ 1,8 триллион теңгеден аса қаржы аударды. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы – 4,2 миллион теңге", - делінген хабарламада.
Орындалған өтініштердің ең көбі Алматы қаласының (16,9%), Маңғыстау облысының (14,0%), Нұр-Сұлтан қаласының (12,9%) тұрғындары тарапынан жолданған.
Сондай-ақ БЖЗҚ емделуге берілген 40,1 миллиард теңгеден астам сомаға 43 453 өтінішті орындады. Бұл ретте алуға болатын орташа сома шамамен 0,9 миллион теңгені құрайды.
Біржолғы зейнетақы төлемі уәкілетті операторда ("Отбасы банкі") ашылған арнайы шотқа түскеннен кейін алушы уәкілетті операторға біржолғы зейнетақы төлемдерінің нысаналы мақсатын растайтын құжаттарды олар келіп түскен күннен бастап 45 жұмыс күні ішінде ұсынады. Егер уәкілетті операторға растаушы құжаттар белгіленген мерзімде берілмеген жағдайда, бұл қаражат БЖЗҚ-ға қайтарылады.
Оқи отырыңыз:
- Қазақстанда ипотекалық ставка 2% дейін төмендейді
- Зейнетақы жинағын алғысы келетіндер үшін жаңа қызмет іске қосылды
- Ұлттық банк: қазақстандықтар жиі ипотека рәсімдей бастады