НҰР-СҰЛТАН, 22 қыркүйек – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Маңғыстау облысына жұмыс сапары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізуден басталды, деп хабарлады Ақорда.
Президент аймақта жылдам шешуді қажет ететін бірқатар қордаланған мәселе бар екеніне назар аударып, жаппай мал шығынына алып келген қуаңшылық мәселесіне қатысты көзқарасын білдірді.
Мемлекет басшысы мұқтаж фермерлерге көмек көрсету кезінде шенеуніктердің сылбырлығын сынға алды. Оның айтуынша, облыс әкімдігі мен құзырлы министрлік қайта-қайта қағазын түгендеп, құжатын реттеп отырғанда ахуалды тұрақтандыру үшін резервтен бөлінген тиісті қаражат қиналған шаруаларға мезгілінде жетпеген.
"Құдық қазуға бөлінетін субсидия 80-нен 50 пайызға дейін қысқарған болатын. Үкіметке бұл шешімді қайта қарауды тапсырамын. Маңғыстау және Қызылорда облыстары үшін өтемақы мөлшерін қайтадан 80 пайызға дейін көбейту қажет. Құзырлы министрлік шөлді аймақта ауыл шаруашылығын дамыту үшін ұсыныс енгізсін. Оның ғылыми негізі болуы шарт. Халықаралық озық тәжірибені, соның ішінде Израильдің тәсілін зерттеңіздер", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент заңсыз балық аулау әрекеттерінің көбейіп кеткенін тағы бір өзекті проблема ретінде атады. Осы ретте, Мемлекет басшысы мұның қудалаумен ғана шешілмейтінін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев балық өсіріп, оны өңдейтін кәсіпорын құруға қолайлы жағдай жасау керек деп есептейді.
Оқи отырыңыз:
- Маңғыстау билігі неге мал қырылуының алдын алмады
- Үш миллионнан астам малдан айырылайық деп отырмыз – Садырбаев
- Қатты құрғақшылық: Маңғыстау мен Қызылорда облыстары малды солтүстікке жіберіп жатыр