Өңірлер

Қатты құрғақшылық: Маңғыстау мен Қызылорда облыстары малды солтүстікке жіберіп жатыр

© Sputnik / Александр Кондратюк / Медиабанкке өтуЖылқы мен сиыр, архивтегі сурет
Жылқы мен сиыр, архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 03.07.2021
Жазылу
Министрліктің ақпаратынша, қазір екі өңірде жағдай тұрақтанды, мал қырылып жатқан жоқ

НҰР-СҰЛТАН, 3 шілде – Sputnik. Маңғыстау және Қызылорда облыстарында малдың қырылуы тоқтады. Үй жануарлары Ақтөбе, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарының жайылымдарына жеткізілуде, деп хабарлайды ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.

Көктемде жауын-шашын түспеуіне байланысты Маңғыстау облысы мен Қызылорда облысының Арал ауданында қатты құрғақшылық болды. Жем-шөптің жоқтығынан екі өңірдің мал шаруашылығы саласы зардап шекті.

"Маңғыстау облысының халқына көмек ретінде республиканың басқа өңірлерінен екі аптада 13 мың түп және 92 орам шөп әкелінді. Бұған қоса Қостанай облысы апта сайын 5 вагон кебек жөнелтуде. Ақтөбе және Атырау облыстары маңғыстаулық шаруаларға өз аумағында шөп шабуға мүмкіндік берді", - делінген хабарламада.

"Каспий" ӘКК шөп сатып алуға 204 миллион теңге бөлген. Сонымен қатар Азық-түлік корпорациясы 637 тонна арпаны 17%-ке төмен бағамен сатты.

Министрліктің ақпаратынша, Маңғыстау облысының агроқұрылымдары мен жеке қосалқы шаруашылықтарында малдың қыстауы үшін жем сатып алуға үкімет резервінен 1,9 миллиард теңге бөлінеді.

Тағы оқыңыз: Маңғыстау облысында жылқылар қырылып жатыр

"Онымен қоса, мал Бейнеу және Қарақия аудандарына тасымалданып жатыр. Ол жақтың жайылымдары жазда мал жаюға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Ақтөбе, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарының аумағына жаз кезінде мал жаю үшін 2260 бас жылқы, 3 мың қой, 200 түйе және 1010 бас ірі қара тасымалданды. Жалпы алғанда, Маңғыстау облысында жағдай тұрақтанды, малдың қырылуы тоқтады", - деп сендірді ведомство.

Ал Арал ауданына жоңышқа жеткізілуде, сонымен қатар, мың тоннадан аса шөп, 40 тонна құнарлы жем түсті. Азық-түлік корпорациясы арқылы 600 тонна арпа сатып алу туралы келісімшарт жасалды. Сондай-ақ жем-шөпті 10-15%-ке арзан бағамен сату бойынша ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілді. Бұдан басқа, жергілікті бюджет есебінен азық құнын субсидиялауға 3,4 миллиард теңге бөлу мәселесі қарастырылуда.

"Қызылорда облысының Арал ауданында да жағдай тұрақты, малдың қырылуы фактілері тіркеліп жатқан жоқ", - деп атап өтті министрліктегілер.

Тағы оқыңыз: Аралда төтенше жағдай жарияланады

Айта кетсек, ауыл шаруашылығы министрлігінің жанынан жем-шөппен қамтамасыз ету және жедел ден қою мәселелерін шешуді үйлестіру үшін республикалық жедел штаб құрылды. Оның құрамына облыс пен аудан әкімдерінің орынбасарлары, Азық-түлік корпорациясы мен Бәйтерек холдингі ұйымдарының басшылары кірді.

Бұған дейін Маңғыстау облысында жылқылар аштан қырылып жатқаны хабарланды. Сондай-ақ Қызылорда облысының Арал ауданында құрғақшылықтан жүздеген ірі қара мал қырылып қалды.

Жаңалықтар
0