Жақында Ресейдің қорғаныс министрлігі Ил-96-400М базасындағы үшінші буынға жататын әуедегі басқару пунктімен қамтылады. Жаңа екі ұшақты құрастыру "Звено-С" жобасының аясында Воронеж авиазауытында басталды.
Әуедегі басқару пункті Ресейдің Жоғары басқолбасшысы мен Қарулы күштердің Бас штабының басшылығына қарсылас жердегі барлық басқару пункттерін жойып тастаған жаһандық қарулы қақтығыс, яғни атомдық соғыс кезінде де әскердің барлық түрін, стратегиялық ядролық күштерді тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Әзірше мұндай технологиялық деңгейдегі авиациялық кешен Ресей Федерациясы мен Америка Құрама Штаттарында ғана бар.
Ресейлік жаңа әуедегі басқару пунктінің америкалық аналогынан басты айырмашылығы – ол ұзақ уақыт бойы қолдануға жарамды. Ал бұл мүмкіндік кез келген агрессорға қауқарлы кек қайтаруды қамтамасыз етеді. Ресейлік әуедегі басқару пунктін анықтау және жою қиын. Дербестігі жоғары, радиоэлектронды қаруға қарсы заманауи құралдар, қарсыластың спутнигі мен радарына түсу мүмкіндігін төмендететін техникалар, радиоактивті сәуледен қорғаныс, жылдамдығы, қашықтығы әуедегі басқару пунктіне жердегі, жерасты немесе суасты басқару пунктерінен үлкен артықшылық беріп отыр. Қосымша жанармай құю арқылы ұшақ әуеде бірнеше тәулік жүре алады. Ал оны оқ атып құлату бәрінен де қауіпті болады: себебі 2-3 минуттың ішінде Бас штабтағы жедел топ ондаған жау мемлекетті жер бетінен жойып жібере алады.
Жалпы қазіргі соғысты Голливуд боевиктері секілді елестетуге болмайды. Қарсылас тараптар соғыс сценарийін кез келген уақытта өзгертіп, болжап білмейтін әрекеттерге баруы мүмкін. Сонымен қатар Ресей Федерациясы Қарулы Күштерінің жалпы жай-күйі, жоспарлау және байланыс жүйесі, ядролық қаруды соғыста қолдану алгоритмдері, мемлекет басшысы мен Жоғары бас қолбасшының саяси көзқарасы да үлкен рөл атқарады. Сол себепті үшінші буынға жататын әуедегі басқару пунктін дайындау сыртқы әскери қауіптің қаншалықты жоғары екенін көрсетіп тұр.
Ресей әскері заманауи автоматтандырылған басқару жүйелерімен, жасанды интеллект элементтері бар қарулармен жабдықталып жатыр және стратегиялық ядролық күштер де ұдайы жаңартылып келеді. Ғарыштан барлау және байланыс құралдары жетілдіріліп жатқандықтан, әуеден басқару пункті де заманауи технологиялық талаптарға сәйкес болуы керек. Ұшақ бортындағы радиокешен стратегиялық авиация, стратегиялық ядролық қару тасымалдаушы субмариналарға бұйрық жолдап, 6000 километр қашықтағы жылжымалы және шахтадағы іске қосу қондырғыларын есептей алады. Оның бортында РФ ҚК жоғарғы командалық құрамы, Бас штаб офицерлерінің жедел тобы және техникалық топ мамандарының көпсағаттық жұмыс жүргізуі үшін қолайлы жағдай жасалған. Жаһандық қақтығыс болған жағдайда Ресейдің бас командалық пункті қосымша жанармай құю арқылы бірнеше тәулік бойы ұшуына тура келеді.
Ил—96-400 ұшағы жоғары қуаты мен қауіпсіздігі арқылы танымал Ил-96-300 әуе кемесінің жүк тасымалдауға арнап модификацияланған түрі. Заманауи материалдар ұшақ салмағын төмендетіп, төзімділігі мен үнемділігін арттыруға мүмкіндік берді. Ил-96-300 арнайы модификациясы Ресей Федерациясы президентінің №1 борты ретінде қолданылады және қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысының функцияларын орындауға бейімделген. ПС-90А1 қозғалтқыштары бар және жүк көтерімділігі арттырылған Ил-96-400 әуе кемесі соғыс кезіндегі басқарудың барлық автоматтандырылған жүйесімен жұмыс істей алатын борттық кешен үшін сенімді база бола алады. Азаматтық нұсқадағы Ил-96-400М ұшағы 370 жолаушыны тасымалдауға арналған. Ресей авиаөнеркәсібіндегі барлық машинамен салыстырғанда Ил-96 ең ұзаққа ұшатын техника екені белгілі. Әйтсе де Ресейдің шет аймақтарында қосымша аэродромдар мен қажетті инфрақұрылымдар қажет болады.
АҚШ-тың әскери-әуе күштерінде елдің жоғары басшылығына арналған төрт заманауи командалық пункт бар. Олар жолаушыларға арналған Boeing 747-200 ұзақ магистральді кең фюзеляжді ұшағының негізінде құрастырылған. Азаматтық авиация нұсқасындағы Boeing 747-200 ұшағының ең жоғарғы ұшу салмағы 374,8 тонна, жылдамдығы – 895 км/сағ дейін және ұшу ұзақтығы 10 670 километрді құрайды. Жолаушыларға арналған орын саны – 490. Boeing 747-200F 113 тоннаға дейінгі салмақтағы жүкті тасымалдай алады.
Boeing C-32 базасындағы АҚШ-тың әуедегі стратегиялық басқару пункті жердегі инфрақұрылым болмаған немесе қарсылас жердегі басқару пунктерін, байланыс тораптары мен желілерін жойған жағдайда жедел түрде әскерді жұмылдыру кезінде түрлі міндеттерді орындау үшін қолдануға арналған. Сонымен қатар FEMA Төтенше жағдайларда әрекет ету жөніндегі федералдық агенттіктің мобильді басқару пункті ретінде де жарамды.
С-32А ұшағына жаңа жабдықтар, навигация жүйелері мен байланыс құралдары орнатылған. Алғашқы ұшақ 1998 жылдың 19 маусымында Сиэттлдегі Boeing зауытында құрастырылды. Аталған кәсіпорында барлығы төрт ұшақ дайындалды. Олардың әрқайсысы әуедегі басқару пункті мен "Минитмен" континентаралық баллистикалық зымыранын іске қосу пункті ретінде қолданыла береді. Ал E-6B Mercury ұшағы General Electric шығарған F108-CF-100 төрт турбореактивті қозғалтқышы бар Boeing 707-320 базасында құрастырылған.
АҚШ-та алғашқы әуедегі басқару пункті 1965 жылы пайда болды. Бұл арнайы құралдармен жабдықталған жанармай тасымалдаушы КС-135А ұшақтары болатын. Олар Боингтер қолданысқа енгенге дейін АҚШ қарулы күштерінің бас қолбасшысы ұшағының рөлін атқарды және Мэриленд штатындағы Эндрюс авиабазасында тұрақтаған. Осылайша Ресей мен АҚШ-тың қарулы күштер саласында қолдануға қажетті жоғары технологиялар бойынша жарысы жалғасып жатыр.
Оқи отырыңыз: Ресей ядролық соғыс кезінде қолданылатын ұшақ жасап шығарады