Саясат

Парламент сайлауы тақап қалды: қазақстандықтар нені білуі тиіс

© Sputnik / Абзал КалиевМәжіліс пен мәслихаттар сайлауына шақыру
Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауына шақыру - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Биыл парламент сайлауы коронавирус індетімен тұспа-тұс келіп тұр. Пандемия жағдайында дауыс беру үшін сайлаушыларға да бірқатар талап қойылып отыр

НҰР-СҰЛТАН, 7 қаңтар – Sputnik. Үш күннен кейін Қазақстанда мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы өтеді. Осыған байланысты Sputnik Қазақстан дауыс беру тәртібі, оны ұйымдастыру мен өткізуге қатысты барлық ақпаратты назарға ұсынады.

Сайлау учаскелері нешеде ашылады

Учаскелiк комиссиялар дауыс беру басталғанға дейiн 1 сағат бұрын дауыс беруге арналған учаскелердi аша бастайды.

Учаскелiк (аумақтық) сайлау комиссиясының төрағасы:

  • дауыс беру басталардан 30 минут бұрын комиссия мүшелерiнiң қатысуымен сайлау жәшiктерiнде бюллетеньдердiң бар екенiн немесе жоқ екенiн, жәшiктердiң бүтiндiгiн тексередi, дауыс беруге арналған жәшiктерге пломба салады немесе мөр басады;
  • комиссияның сайлау бюллетеньдерiн беруге жауапты мүшелерді белгiлейдi.

Сайлаушылар үшін дауыс беру таңғы сағат 7.00-де басталады.

Бес өңірде – Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында учаскелер жергілікті уақыт бойынша таңғы 7-де жұмысын бастайды. Дегенмен уақыт белдеулері арасындағы айырмашылыққа байланысты Қазақстанның қалған облыстарына қарағанда бір сағатқа кеш ашылады.

Сол күні кешкі сағат 20.00-де учаскелер жабылып, дауыстарды санау басталады.

Аумақтық сайлау комиссиялары тиiстi әкiмнiң, учаскелiк сайлау комиссиясының ұсынысымен дауыс берудi бастайтын және аяқтайтын басқа уақыт белгiлеуге құқылы.

Бұл орайда дауыс берудi сағат 06.00-ден ерте бастап, сағат 22.00-ден кеш аяқтауға болмайды.

Учаскелiк сайлау комиссиясы дауыс беретiн уақыт пен орын туралы азаматтарды сайлау өткiзiлетiн күнге дейiн он күннен кешiктiрмей БАҚ арқылы, сондай-ақ өзге де әдiстермен хабардар етуі тиiс.

Қазақстанның иелiгiндегi және сайлау күнi жүзуде жүрген кемелерде, әскер бөлiмдерiнде, шалғайдағы және қатынау қиын аудандарда, алыстағы мал шаруашылығы учаскелерiнде, демалыс үйлерiнде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерiнде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында, сондай-ақ шет мемлекеттерде Қазақстанның өкiлдiктерi жанынан құрылған сайлау учаскелерiнде, егер тiзiмге енгiзiлген сайлаушылардың бәрi дауыс берсе, учаскелiк сайлау комиссиясы дауыс берудi кез келген уақытта аяқталды деп жариялай алады.

Сайлаушы нені білуі тиіс

Қазақстанның 18 жасқа толған кез келген азаматы, тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, сайлауда дауыс беруге құқылы.

Сайлауға сот iс-әрекетке қабілетсiз деп таныған, сондай-ақ сот үкiмiмен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар қатыспайды.

Әрбiр сайлаушы өзi дауыс бередi.

Тағы оқыңыз: Сайлау комиссиясында жұмыс істейтіндер қанша жалақы алады

Сайлауда дауыс құқығын басқа бiреуге беруге және сол сияқты басқа адам үшiн дауыс беруге жол берiлмейдi.

Дауыс беруге арналған бюллетеньді алу үшін сайлаушы жеке куәлігін көрсетеді. Содан кейін тізімге бюллетеньді алғаны туралы қол қояды. Комиссияның бюллетеньдi берген мүшесi оларға өзiнiң қолын қояды, сондай-ақ бюллетеньдi алған сайлаушының тiзiмдегi тегiнiң тұсына қол қояды.

Сайлау комиссиясының төрағасы мен хатшысының бюллетень бepуге құқығы жоқ.

Дауыс берушiлер сайлау бюллетенiн жасырын дауыс беруге арналған кабиналарда толтырады. Оны толтыру кезiнде кабинаға басқа адамның кіруіне тыйым салынады. Бюллетеньдi өз бетiнше толтыруға мүмкiндiгi жоқ сайлаушы өзi сенетiн адамның көмегiн пайдалануға құқылы.

Сайлаушы саяси партиялардың атауы бар бюллетеньде өзі жақтап дауыс беретін партия атауының оң жағындағы бос шаршыға кез келген белгi қояды.

Бюллетеньге қарындашпен белгi қоюға, сондай-ақ оған қандай да болсын түзету енгiзуге жол берiлмейдi.

Толтырылған бюллетеньдердi сайлаушы дауыс беруге арналған жәшiкке салады.

Егер кейбір сайлаушылар денсаулығына, отбасындағы сырқат жанға күтім жасауына, сондай-ақ, сайлау учаскесі құрылмаған шалғайдағы және қатынау қиын ауданда тұруына байланысты дауыс беруге келе алмаса, учаскелiк сайлау комиссиясы олардың дауыс беру күнi жергiлiктi уақыт бойынша сағат он екiден кешiктiрмей берген жазбаша өтініші бойынша осы сайлаушылардың тұрған жерiнде дауыс берудi ұйымдастыруға міндетті.

Сайлау учаскесінен тыс жерде дауыс берудi ұйымдастырған кезде,  тасымалданатын жәшiктердi сайлау комиссиясының екі мүшесi алып жүредi. Бақылаушылар мен сенім білдірілген адамдар сайлау комиссиясының мүшелерiмен iлесiп жүруге құқылы.

Сайлау күні басқа қалада жүргендер қалай дауыс береді

Егер азамат басқа өңірде жүріп, дауыс беретін күні сайлаушы ретінде тіркелген қаласына бара алмайтынын білсе, онда өзі жүрген қаланың әкімдігіне жүгінуге құқылы. Жазбаша өтiнiшті сайлаудан кемінде отыз күн бұрын беру керек.

Азамат өтiнiш жасаған соң, әкімдік оны тiркелген жері бойынша сайлаушылар тiзiмiнен шығарып, сол қаладағы дауыс беретiн учаскенiң сайлаушылар тiзiмiне енгiзеді.

Дауыстарды санау

Егер сайлау учаскесінде Конституциялық заңда белгiленген тәртiппен дауыс беру уақыты өзгертiлмеген болса, онда дауыстарды санау жергiлiктi уақытпен сағат 20.00-де басталады.

Дауыс беру уақыты өзгерген жағдайда дауыстарды санау дауыс беру аяқталғаннан кейiн басталады.

Дауыстарды санау уақыты санау басталған кезден бастап он екi сағаттан аспауы тиiс.

Бюллетеньдерді санау кезiнде комиссия төрағасы немесе комиссияның белгiлi бiр мүшесi қатысушыларға сайлау бюллетенiн көрсетедi және сайлаушының ерiк бiлдiруiн жариялайды.

Бұл ретте бюллетеньдер әрбiр кандидат, партиялық тiзiмiн ұсынған саяси партия бойынша және жарамсыз бюллетеньдер бойынша жеке-жеке қатталып жиналады.

Тағы оқыңыз: ОСК сайлау алдында тұрғызылған биік дуалға қатысты түсініктеме берді

Жәшiктердi ашардың алдында сайлау комиссиясы пайдаланылмаған барлық бюллетеньдi санайды және жояды.

Белгi қарындашпен қойылған, түзету немесе өзге де бұрмалау iздерi бар, сондай-ақ сайлаушылардың ерiк бiлдiруiн анықтау мүмкiн емес бюллетеньдер жарамсыз деп танылады.

Дауыстарды санау нәтижелерiн учаскелiк сайлау комиссиясы қарап, хаттамаларға түсiредi, оларға сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелерi қол қояды. Сайлау комиссиясының төрағасы болмаған жағдайда оның орнына хаттамаларға учаскелiк сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары немесе хатшысы қол қояды.

Дауыс беру нәтижелерi туралы хаттамаларды қарындашпен және әр түстi сиялармен толтыруға, сондай-ақ оларға қандай да бiр түзету енгiзуге жол берiлмейдi. Бұл ретте дауыс беру нәтижелерiнiң сандық мәнi сөзбен жазылып қайталануы тиiс.

Хаттаманың көшiрмесi жалпы жұрттың танысуы үшiн сайлау учаскесiнiң үй-жайындағы арнайы белгiленген орынға дереу iлiнедi және сол жерде екi күн бойы тұрады.

Парламент депутаттарын сайлау қорытындыларын Орталық сайлау комиссиясы анықтайды.

Мәслихат депутаттарын сайлау қорытындыларын аумақтық сайлау комиссиялары анықтайды.

Сайлау қорытындылары хаттамаға түсiрiлiп, оған сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелерi қол қояды. Комиссияның төрағасы болмаған жағдайда оның орнына хаттамаға комиссия төрағасының орынбасары немесе хатшысы қол қояды.

Парламент депутаттарын сайлау қорытындысы туралы хабар сайлау өткізілген күннен бастап 10 күннен кешіктірілмей, ал мәслихаттар депутаттарын сайлау қорытындылары туралы хабар 7 күннен кешiктiрілмей БАҚ-та жарияланады.

Сайлаушылар фото-видео түсіре ала ма

Бақылаушы немесе БАҚ өкілі саналмайтын сайлаушылар сайлау учаскесінде фото, видео түсіріп, аудио жаза алмайды.

"Сайлау учаскесінің өз тәртібі бар. Оны сайлау комиссиялары бақылайды. Ал фото мен видео түсіру, сондай-ақ, аудиожазба жасау құзіреті конституциялық заң бойынша тең бақылаушыларға ғана берілген. Сондықтан басқа адамдар фото мен видео түсіре алмайды", - деп түсіндірген болатын бұған дейін Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Серік Сыдықов.

Коронавирус жұқтырғандар қалай дауыс береді

Сайлауға қатысатын барлық адам бетперде киіп, 1,5-2 метр арақашықтықты сақтауы тиіс. Антисептикалық құралдарды да пайдалануы қажет.

Сондай-ақ, елдің бас санитарлық дәрігері қол алыспауға және тікелей байланыс жасамауға кеңес берді.

Сайлау учаскесінің мамандары мен еріктілер адамдардың дене қызуын тексеріп тұрады. Дауыс беруге келген адамда жоғары температура анықталса, оны медицина қызметкері қарап шығады. Жедел жәрдем шақырылған жағдайда мамандар келгенше бөлек оқшаулап қояды.

Тағы оқыңыз: Дариға Назарбаева мәжіліс депутаттығына кандидат болды

Ал коронавирус жұқтырғандарға комиссия мүшелері өздері барады.

Үйде емделіп, карантинде жатқандар үшін дауыс беру үйге кірмей ұйымдастырылады. Мысалы, баспалдақ алаңында сайлаушыға бюллетеньді және үй-жайдан тыс жерде дауыс беру туралы өтінішті беру, содан кейін одан өтінішті алу және бюллетеньді тасымалданатын жәшікке салу арқылы өткізуге болады.

Дауыс беруге арналған бюллетеньді алғанға дейін сайлаушы бетперде тағып, қолын антисептикпен өңдеуі тиіс. Одан кейін учаскелік комиссия мүшелері қолдарын және тасымалданатын жәшіктің беттерін міндетті түрде дезинфекциялайды.

Жеке қорғаныш құралдарын қайта пайдалануға болмайды. Оны тығыз жабылатын контейнерге салып тастау қажет.

Қазақстандағы парламент сайлауы

Қазақстанда мәжіліс (парламенттің төменгі палатасы) және мәслихаттар сайлауы 2021 жылы 10 қаңтарда өтеді. 9 қаңтар – тыныштық күні.

Алдағы сайлауда мәжілістегі орындарға бес партия таласады.

  • Nur Otan;
  • "Ақ жол" демократиялық партиясы;
  • Қазақстанның халық партиясы (бұрынғы коммунистер);
  • "Ауыл" халықтық-демократиялық партиясы;
  • "Адал" партиясы.

Мәжілістің қазіргі алтыншы шақырылымының өкілеттілік мерзімі 2021 жылдың 24 наурызында аяқталады.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне сәйкес, алдағы сайлауда 216 мәслихатқа 3 276 депутат сайланады. Соның ішінде республикалық маңызы бар қалалар мен астананың мәслихаттары (589 мандат), 36 облыстық мәслихат (596) және 163 аудандық мәслихат (2 091 мандат) бар.

Мәжілістің 98 депутаты да партиялық тізім бойынша сайланады. Бұдан бөлек, тағы 9 депутат Қазақстан халқы ассамблеясының атынан мәжіліске келеді.

Жаңалықтар
0