Соңғы уақытта "Солтүстік ағын–2" құрылысының аяқталуына байланысты проблемалар туындаған кезде бұқаралық ақпарат құралдарында: "Ресейлік газ жеткізілімі болмаса, Еуропа америкалық қымбат сұйытылған табиғи газ (СТГ) үшін артық ақша төлейді" деген пікірлер жазылып жүр. Ал онымен келіспейтін сыншылар: америкалық СТГ еуропалық газ нарығында басқа газдармен бірдей бағамен сатылып жатыр, деген көзқарастарын алға тартуда, деп жазады РИА Новости.
Сонымен қайсысы дұрыс?
Оның үстіне, украиндық транзиттің құны төрт жылға төленген (жылына 40 миллиард текше метр), ал "Солтүстік ағын–2"-нің жобалық қуаты 55 миллиард болады. Яғни, қазір "Солтүстік ағын–2" құрылысын жалғастырудан мүлдем бас тарту немесе құрылысты белгісіз уақытқа дейін шегеру "Газпромды" үлкен шығынға ұшыратады (себебі, құрылысқа кеткен ауқымды қаражатты есептен шығаруға тура келеді). Алайда, Еуропаны ресейлік газдың орнына америкалық сұйытылған табиғи газды сатып алуға міндеттей алмайды.
Сондықтан америкалық тарап "Солтүстік ағын–2" құрылысына кедергі келтіріп, өзінің СТГ-ін ілгерілетуді мақсат тұтса, "бұғатталған" "Солтүстік ағын–2"-нің артынан украиндық транзит те тоқтайтынын (қандай себептермен болса да: құбырдың ескілігі, транзиттік тарифке тыйым салу немесе басқа да жағдайлар) айту қажет.
Мұндай қадам америкалық СТГ-ге көмектесе ала ма?
Біріншіден, кез келген жағдайда газ қымбаттайды. Өйткені, нарықтан 50 миллиард текше метр болатын газды алып тастау бұл әлемдік саудаға айтарлықтай салмақ түсірмек. Ал бұдан жоғары биржа бағасы АҚШ-тың СТГ сатылымындағы кірісінің артуына алып келеді.
Екіншіден, бұл жерде мынаны ескеру керек. Қазіргі кездегі сұйытылған газ экспорты аясында АҚШ сұйылту үшін кепілдендірілген төлем ала алады. Төмен белгіленген жаhандық бағадан трейдерлер зардап шегеді. Яғни, жалпы алғанда құрама штаттарға салынған зауыттардан алынған СТГ сатылымын қандай да бір жолмен ынталандырудың қажеті жоқ.
Сондай-ақ, бұл жерде әу баста біз сөз еткен қарама-қайшылық туындайды. Иә, басқа СТГ секілді америкалық СТГ де шын мәнісінде Еуропада төмен бағамен сатылып жатыр. Нарықта – дағдарыс, бірақ өнімді бәрібір де бір жерде сату қажет. Зауыттар салынып бітті, ал трейдерлер сатып алуды "сұйылту немесе төлеу" қағидасы бойынша жасады.
Екінші жағынан, Еуропа да арзан америкалық газдың тым артық екенін түсінуі қажет, себебі ол Азияның анағұрлым тиімді әрі пайдалы нарығына тез кетіп қалады. Демек, егер кепілдендірілген газ жеткізілімін алғың келсе, ұзақ мерзімді келісім жасап және одан да көп төлеңіз.
Америкалық сұйытылған табиғи газ басқа жеткізілімдермен салыстырғанда, қаншалықты қымбат болуы мүмкін?
Қазіргі уақытта газға баға белгілеудің (СТГ) үш негізгі нұсқасы бар екенін атап өткен жөн: (1) споттық баға (тауарлар қолма-қол ақшаға сатылып, дереу жеткізілетін нарықтағы баға), (2) мұнайға байланған баға (3), АҚШ-тың өз ішіндегі СТГ бағасына және сұйылту төлеміне негізделген баға.
Нарық қалыпты жағдайға келген кезде газдың биржалық бағасы мың текше метрге шамамен 200 доллар болады. Мұнай баррелі 50 доллар тұрғанда, газ бағасы да соған шамалас болады. Қалай болғанда да, қазір "Газпром" өз газының көп бөлігін ЕО-ға биржа бағасымен сәйкестендіріп сатуда. Сондықтан мұнай бағасына емес, осы бағаға назар аударған жөн.
Америкалық СТГ қандай бағамен жеткізіледі? Оның бағасы АҚШ-тағы газдың бағасына (ол құбылып тұрады, ал бұл белгісіздіктің басты факторы), сұйылту және Еуропаға жеткізу құнына байланысты. Бұл жерде есепке егжей-тегжейлі тоқталмай-ақ, мың текше метр үшін 220-дан 270 долларға дейін жететінін аңғаруға болады. Егер 2013 жылы америкалық СТГ басқа жеткізілімдерге қарағанда арзан болып көрінсе (онда спот-нарықта қымбат мұнай және қымбат СТГ болды), онда қазіргі жағдайда (арзан мұнай, СТГ-дағы жоғары бәсекелестік) ол қымбат болып шығады.
Осы жерде тағы бір сауал туындайды. Неліктен Еуропа Катардың немесе Ресейдің емес, тек америкалық СТГ-ні сатып алуы керек. Оның үстіне жақын болашақта Катар газының бір бөлігі биржа нарығының бағасына байланысты сатылатын болса, таңқаларуға болмайды.
Егер бұл мәселені қорытындыласақ, мынадай тұжырымға келуге болады.
Біріншіден, ресейлік газды америкалық СТГ-ге ауыстыруға екі шартты бір уақытта орындағанда ғана қол жеткізуге болады: "Солтүстік ағын–2" жобасы жабылғанда және украиндық транзит тоқтатылғанда.
Екіншіден, қалай болғанда да, америкалық СТГ нарықтағы басқа газдарға қарағанда бірнеше есе емес, 10-30 пайызға қымбаттайды. Бәлкім нарықтағы басқа газдардың бағасымен де сәйкес болуы мүмкін – барлығы Американың өз ішінде газға белгіленетін бағаға байланысты болмақ. Бірақ АҚШ-тан СТГ жеткізуге қатысты ұзақмерзімді келісімшарттар жасасу арқылы Еуропа АҚШ-тағы ішкі газ бағасына байланысты барлық тәуекелдерді өз мойнына алады.
Біз қазір Еуропада көріп отырған арзан америкалық СТГ – бұл нарықтағы артық газдың нәтижесі: трейдерлер оны америкалық СТГ-ні сатып алу туралы келісімшарттарға қатысты шығындарды ішінара өтеу үшін сатады. Егер Еуропа АҚШ-тан кепілдендірілген газ жеткізілімдерін алғысы келсе, онда ол америкалық СТГ-ге белгіленген баға бойынша төлеуі керек. Ал одан кейін бас тарту мүмкін болмай қалады.
АҚШ Еуропаға өзінің СТГ-сін жүктей отырып, бірінші кезекте қазіргі жеткізілім туралы емес, болашақтағы жеткізілім туралы ойлап отырғаны анық. Бұл жерде әңгіме газ сұйылтатын зауыттар және оларды СТГ жеткізуге кепілдік беретін келісімшарттармен қамтамасыз ету туралы болып отыр. Зауыттардың құрылысы шамамен төрт жылға созылады, ал дәл сол мезетте Украинамен қазіргі транзиттік келісім аяқталады.