АСТАНА, 5 наурыз – Sputnik. Джефф Безос әлемдегі ең бай еркек, ал Франсуаза Беттанкур-Майерс әлемдегі ең бай әйел атанды.
Бай-бағландардың дәулеті туралы жазатын Forbes журналының дерегінше, Франсуаза Беттанкур-Майерстің дәулеті 49 миллиард долларға бағаланып отыр. Ол косметика шығаратын L`Oreal компаниясының 1997 жылдан бері басқарма мүшесі саналады.
"Майерс пен оның туыстары L`Oreal-дің 33% акциясына иелік етеді", - деп жазды басылым.
Франсуаза Беттанкур-Майер – шаш бояуын ойлап тауып, аталған компанияның негізін қалаған Эжен Шуллердің қызы Лилиан Бетанкурдың жалғыз қызы.
Сондай-ақ Forbes журналы әлемдегі ең бай ер адам Джефф Безос екенін хабарлады.
Amazon компаниясының негізін қалаушының дәулеті 131 миллиард долларға бағаланды. Осыған дейін оның 112 миллиард доллары болған, бір жылдың ішінде 19 миллиар доллар пайда тауыпты.
Алайда Джефф Безос әлемнің ең бай адамы тізімінен шығып қалуы мүмкін. Себебі, осы жылдың басында Amazon компаниясының басшысы әйелі Маккензи Безоспен ажырасатынын мәлімдеген. Ерлі-зайыптылардың ажырасу процесі Вашингтон қаласында өтеді. Жергілікті заңға сәйкес, егер олардың арасында неке шарты жасалмаса, ерлі-зайыптылардың мүлкі тең дәрежеде екіге бөлінуі мүмкін.
Егер Джефф Безостың әйелі отбасының дәулетінің жартысына иелік етсе, ол әлемдегі ең бай әйелдердің тізімінде көш бастауы мүмкін, дейді Forbes.
Айта кетейік, өткен жылы әлемдегі ең бай әйел Элис Уолтон болған. Аталған басылым оның дәулетін 46 миллиард долларға бағалаған.
Элис – Walmart гипермаркет желісінің негізін қалаушы Сэм Мур Уолтонның қызы.