Қоғам

Сәлем салу: ескіліктің сарқыншағы ма, жоқ әлде әдептілік белгісі ме?

© Sputnik / Сергей КимВ Алматы открылся Международный фестиваль “Восточный Базар”
В Алматы открылся Международный фестиваль “Восточный Базар” - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Ертеден келе жатқан сәлем салу дәстүрі – қазақ келіндерінің үлкенге деген сый-құрметінен туған әдептілік белгісі

АСТАНА, 11 қаңтар – Sputnik. Нұргүл Абай. "Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет" көрсеткен дана халқымыз сыйластықты әрдайым бірінші орынға қойған. Сәлем салу да осының нақ дәлелі. Бүгінгі таңда қазақылықтың қаймағы бұзылмаған оңтүстік пен батыста ғана жақсы сақталған бұл үрдісті үлкенді құрметтеудің әдемі әдебі десе де болады. Sputnik Қазақстан тілшісі келіннің ата-енесі мен қайын жұртына деген құрметін білдіретін дәстүр туралы тереңірек зерттеп, бүгінгі қоғамның көзқарасын білуге тырысты. 

"Келін сәлем салу арқылы сыйластық ортаны қалыптастырады"

Белгілі этнограф Досымбек Қатран сәлем салу ықылым заманнан бері келе жатқан салт екенін айтады. Туыстық қатынастардың күрделенгеніне байланысты, әулеттегі жарасымды сыйластықтың жібін үзбеу үшін қалыптасқан дүние дейді. 

сәби - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Баланы қырқынан шығару дәстүрі туралы не білеміз?
"Қазақ қоғамында әйел затына қатысты ырым-тыйым, шектеу өте көп. Себебі әйел – өмірге ұрпақ әкелетін, оны өсіріп, тәрбиелейтін бірден бір адам. Сондықтан оның дені сау, көрегенді, тәрбиелі болуы керек. Отбасының кіші ұл-қыздары үйдегі шаруашылықтың бел ортасында жүрген келінге қарап бой түзеп, соған қарап өсетін болған. Ұрпақ өсіретін бірден бір адам әйел болғандықтан, ырым-шектеу де көбейе түскен", — дейді этнограф. 

Қазақтың келіндері тек ата-енесіне, қайын жұртына ғана иіліп сәлем салмайды, алыстан ат терлетіп келген ағайындарына да құрмет көрсетеді. 

"Жалпы, келінген жүктелетін міндет көп қой. Солардың бірі – өзі түскен шаңырақта, өзі жүрген ортада жақсы аура қалыптастыру. Неге дейсіз ғой. Келіннің сәлем салуы – сыйластық ортаны қалыптастыратын, өзгелердің субординация сияқты дүниелерді қатаң сақтауына, өзін дұрыс ұстауына жетелейтін керемет бір этикалық мәні бар ереже, тәртіп ретінде орныққан дүние", — деп санайды Досымбек Қатран.

Этнографтың айтуынша, сәлем салу жай ғана иіле салу емес, оның ар жағында үлкен тәрбие, сыйластық жатыр. Сәлем салған келінге үлкендер де "Өркенің өссін", "бақытты бол", "көп жаса" деп жауап қайтарып, ризашылығын білдіріп жатады. 

"Сәлем салғаннан ешкім қорланып, кем болып қалмайды. Керісінше, бұл отбасындағы сыйластыққа жол ашып, оны одан әрі күшейте түсетін үрдіс", — дейді этнограф. 

Келін қандай жағдайда сәлем салмайды?

Досымбек Қатран үйдегі келіннің қандай жағдайда сәлем салудан босатылатынын түсіндірді. Айтуынша, күйеуі қайтыс болған жесір әйелге жылын бергенше, бір жыл бойы сәлем салмауға рұқсат етіледі. 

Әже бата беріп тұр - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Бата беру дәстүрі қайдан шықты және оны кімдер береді?
"Бір жыл бойы аза тұтады. Жылын берген соң, аза тұту аяқталды деп есептеледі. Осыдан кейін дәстүрлі ортада әмеңгерлік салтымен жесір әйел қайын ағасына немесе қайын інісіне күйеуге шығуы тиіс. Яғни, әмеңгерлікпен әулеттегі еркек кіндіктінің біріне тигенше, сәлем салмайды", — дейді ол. 

Осы орайда, этнограф жүкті әйелдерге де сәлем салу міндет екенін атап өтті. 

Досымбек Қатранның пікірінше, бүгінде сәлем салу дәстүрі барлық өңірде сақталмағанымен, ұмытылып бара жатқан жоқ. Керісінше, қазір қайтадан тамырын жайып, жаңғыра бастаған. 

"Сәлем салу, әсіресе, мына оңтүстік пен батыста жақсы сақталды деп ойлаймын. Бірақ тек осы екі өңірде ғана деп те кесіп айтуға болмас. Себебі бір облыстың ішінде бір ауданында да орындалып жатқан болуы мүмкін. Кейбір аймақтарда бұрын жоғалып кетсе, бірте-бірте оралып жатыр", — дейді ол. 

Сәлем салу Аллаға серік қосуға жата ма?

Айсәуле Бақытбек - Sputnik Қазақстан
Мәдениет
"Міндетті түрде сәлем салу керек пе?". Айсәуле Бақытбек тойға дайындығы туралы айтты
Келіннің иіліп сәлем салу тақырыбы жұрт талқысына түскен кезде, неше түрлі ой-пікір айтылады. Бірі "дұрыс" дейді, енді бірі "бұрыс" дейді, "ескіліктің сарқыншағы", "Алла Тағалаға серік қосуға жатады" деп те айтып жатады. 

"Келіннің сәлем салуы шариғатқа қайшы ма?" деген сауалымызға белгілі исламтанушы-ғалым Қайрат Жолдыбайұлы жауап берді. 

"Әрбір амал ниетке байланысты. Жалпы, құрмет ниетімен сәлем салу ширк амалына жатпайды. Сәлем салу атауының өзі біреуге табыну немесе құлшылықты емес, амандасуды білдіріп тұр. Иіліп сәлемдесуге ешбір танымал ислам ғалымы "ширк" деп үкім шығармаған", — дейді исламтанушы.

Айтуынша, құрмет ниетімен иілудің Аллаға серік қосу яки харам емес екендігін сахих хадистермен дәлелдеуге де болады. 

"Мәселен, Исламда тақуа яки сыйлы, қарт кісіге құрмет көрсету ниетімен қолын сүюге рұқсат бар. Сахабалардың пайғамбарымыздың, тіпті бір-бірінің қолдарын сүйгендігі жайлы көптеген сахих хадистер бар. Қол сүйетін адамның кісі алдында бел бүгіп, иілетіні сөзсіз. Ал мұндай иілуге ешбір ислам ғұламасы "ширк" яки "харам" демеген. Егер жалпы иілу харам болғанда қол сүю арқылы құрмет көрсету де харам болар еді. Сөз түйіні, құрмет ниетімен сәлем салу исламда харам яки Алла Тағалаға серік қосуға жатпайды. Бұл – қазақтың әдет-ғұрпы. Діни міндет те емес", — деді Қайрат Жолдыбайұлы. 

Ол қазақ келіндерінің ешбірі табыну мақсатында сәлем салмағанын атап өтті. Сондықтан ғасырлардан бері жалғасын тауып келе жатқан бұл үрдісті ширкке балап, елдің шырқын бұзу әсте дұрыс емес деп санайды.

Тағы оқыңыз: 

"Тағы бір қаперге алатын жайт, келіннің ата-енесі мен сол әулеттің үлкендеріне құрмет көрсетіп, ізет білдіруі – тек қана сәлем салумен өлшенбейді. Оның жеке басының имандылығы мен бойындағы басқа да адамгершілік қасиеттерін басты назарда ұстаған жөн", — деді исламтанушы-ғалым.

Бүгінгі қоғамның көзқарасы қандай?

Киіз үй - Sputnik Қазақстан
Мәдениет
"Үйге кіріп келе жатқан бала құлап қалса..." Қазақтың ырым-тыйымы туралы не білеміз?
Қазақтың салт-дәстүрлерін қатаң ұстанатын өңірлердің бірі – батыстағы Маңғыстау облысы. Жаңаөзенде тұратын Гүлсім Мұрынова шаңыраққа келін болып түскен сәттен бастап ата-енесіне күнде таңертең сәлем салады. Бұл кішінің үлкенге деген құрметі деп санайды.

"Маңғыстауда сәлем салмау деген жоқ. Өз басым таңғы алтыда тұрып, ата-енеме сәлем саламын. Мысалы, көлікпен келе жатқанда, көшеде алдыңнан қайын ағам шыға қалса, машинадан түсе салып, иіліп сәлем беремін. Ал олар болса, "көп жаса, бақытты бол" деп батасын беріп жатады", — дейді жаңаөзендік келін. 

Маңғыстаудың келіндері оң тізесіне қолын қойып, сәл бүгіліп, иіліп сәлем береді. 

"Бірде басқа өңірде тұратын құрбыларым жұмыс бабымен қонаққа келді. Сол сәтте үйге қайын ағам келіп қалмасы бар ма. Мен орнымнан тұрып, ол кісіге сәлем салып жатсам, құрбыларым таңғалып, сасқанынан олар да отырған жерлерінен атып тұрды", — деп күліп еске алды Гүлсім. 

Тағы оқыңыз: 

Бұдан бөлек, сәлем салудың екінші түрі табақты алу кезінде атқарылады екен. Ет жеп болған соң, ас қайырудың алдында келіндер табақты сәлем етіп алып кетеді. 

"Табақты алу арқылы сәлем етеміз. Содан кейін барып ас қайырамыз", — дейді Жаңаөзен тұрғыны.

Сәби мен анасы құшақтасып тұр - Sputnik Қазақстан
Қоғам
"12 жасқа дейін емізген". Маман сәбиді емшектен қалай дұрыс шығару керектігін айтты
Ал 52 жастағы астаналық тұрғын Жаңыл Естанова бұл дәстүрді әдептілік белгісі санағанымен, келініне сәлем салғызбайды. Келіннің иіліп-иілмеуі емес, маған деген шынайы құрметі маңызды дейді. 

"Солтүстікте сәлем салу деген атымен жоқ. Мен келін болып түскенде, енем маған "басыңа орамал тақ, сәлем сал" деп ешқашан айтқан емес. Бірақ, анамның берген тәрбиесі шығар, басымнан орамалымды тастамайтын едім. Өзімнің келінім де сәлем салмайды, шындығына келсек, мұның маған керегі де жоқ. Бастысы иіліп сәлем салу емес, оның ниетінде, маған деген сыйластығында. Ал мен сыйластықты сәлем салумен өлшемеймін", — дейді Естанова. 

Ол сәлем салатын келіндердің бәрі ата-енесін жүз пайыз сыйлап, құрметтейтініне шүбә келтіреді. 

"Келінімнің көзбояушылық жасап, қазақтың дәстүрі болғаны үшін ғана сәлем салғанын қаламас едім", — дейді Астана тұрғыны. 

Ал астаналық бойжеткен Мадина Дүйсембаева кез-келген салт "дәстүр" болғандықтан ғана, адамның еркінен тыс орындалмауы тиіс деген пікірде. 

"Менің ойымша, алдымен, бұл салттың шығу тарихына мән берген дұрыс. Маңызы мен қастері неде, соған түсінік беру керек. Себебі, өз басым қазақтың лиро-эпостық жырларынан, не болмаса тарихи шығармаларынан "сәлем салу" туралы оқыған емеспін. Сондықтан мұның біздің халықтың дәстүрі екеніне де күмәнім бар. Көбіне оңтүстікте жақсы сақталғандықтан, басқа өңірдің қыздары бұл дәстүрді бірден қабылдай қоймас. Сол себепті, сәлем салу немесе салмау мәселесінің басын ашып алған жөн деп санаймын. Әдет-ғұрыптың кез-келгені шын ниетпен жасалуы керек. Сонда ғана оның маңызы артып, құнды бола түседі", — дейді 26 жастағы тұрғын. 

Сәлем салуды ізет көрсетудің белгісі немесе ескіліктің сарқыншағы деп санау – ол әркімнің жеке шаруасы. Ал біздің айтарымыз, сәлем салудың түпкі мән-мағынасы – әдептілік. Еліміздің әр өңірінде бұл дәстүр әрқилы орындалса да, ең бастысы әрі маңыздысы – сәлем салудағы шын ниет.

Жаңалықтар
0