Қоғам

Бата беру дәстүрі қайдан шықты және оны кімдер береді?

CC0 / discovery-borovoe.kz / Әже бата беріп тұр
Әже бата беріп тұр - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Танымал продюсер Қыдырәлі Болманов бүгін қазақ қоғамында діни батаның көбірек айтылып жүргеніне назар аударды. Оның айтуынша, бұл бата түрі құрылысы жағынан өзгеше

АСТАНА, 12 қазан — Sputnik. Қазақ халқының ежелден келе жатқан өзіндік орны бар салт-дәстүрлерінің бірі — бата беру. Халқымыз ақ ниетпен бата беріп, жақындары үшін тілек тілеуді дәстүрге айналдырған. Оны кез келген адам айта бермейді және тойдағы тілектен айтарлықтай өзгешеленеді. Кімге қаратып айтылатынына қатысты да мәтіні өзгеріп отырады.

кітап - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Астанада мұқабасы адам терісінен жасалған кітап халық назарына ұсынылды
Этнограф-фольклоршы ғалым Александр Васильев өзінің 1905 жылы Орынборда шыққан "Образцы киргизской народной словестности, молитвенных благожеланий — бата сөз" атты мақаласында "Кімде-кім қазақ даласында болса, ол батаның халықтың қандай ерекше назарында болатынын жақсы біледі. Бата қазақ поэзиясының ерекше түрі, онда бата беруші адамның үй иесіне деген шын жүректі жарып шыққан ықылас-пейілі, ақ ниеті, Алладан тілер тілегі поэзиялық өлең түрінде ақтарылады" деп жазған.

Бата беру дәстүрі қайдан шықты?

Ал батаның шығуына қатысты фольклоршылардың пікірі әртүрлі. Яғни бұл тақырып әлі күнге дейін толық зерттеліп үлгермеген. Бірқатар маман оның араб елінің "фатеке" сөзінен шыққанын айтады. Фатеке дегеніміз — алғыс айту, ақ тілек білдіру.

"Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі" кітабында фатекенің негізінен намаздың соңында қол жайып айтылатын дұға екені туралы жазылған. Яғни қазақ баталары соның үлгісінде айтылады. Мәтінінің көркем болуы әдетте батаны айтып тұрған ақсақалдың ақыл-ой, парасатымен тікелей байланысты.

Қазақ қоғамында бата көбінесе астан кейін табақты жинап алудың алдында атқарылатын ғұрып ретінде қалыптасқан. Ақсақал бата беріп жатқан кезде шаңырақтағы жастар, кейде, тіпті, жасы үлкендер орындарынан түрегеліп тұрады.

Канат Ислам - Sputnik Қазақстан
Спорт
Қанат Ислам Кукка қарсы жекпе-жек алдында бата алды
Аталған кітапта батаның поэтикалық тілмен жалпы жұртқа қарап тұрып берілетіні айтылған. Осылайша бата беруші адам өзгелерге жақсылық пен табыс тілейді. Оны жасы үлкен адам немесе сыйлы қонақ беруі тиіс.

"Бата беруші жаратушы Алладан бақытты өмір, материалдық байлық, әрбір істе табысты болуын тілейді. Бата екі қолды ілгері қарай жоғары созып, екі алақанды өзінің жүзіне қарата бұрып тұрып беріледі" деп жазылған кітапта.

Тілекті кез келген адам айта алатыны, ал батаны арнайы батагөй қариялар ғана беретіні көп жағдайда ескеріле бермейді. Бата көпшілік немесе белгілі бір адам үшін Жаратқаннан жалбарынып сұрау сипатында айтылады. Оны айтып жатқан кезде дастарханда міндетті түрде ас тұрады. Мұнымен қатар, батаның айтылатын жері мен өзіндік мазмұны, бір-біріне ұқсамайтын ерекшеліктері болады. Ол адамды әдепті де арлы, дәулетті де бақуатты, білімді де батыр болуға баулиды.

Бата түрлері

Бата қай кезде және кімге қарата айтылып тұрғанына қарай бірнеше түрге бөлінеді. Олар — жарапазан батасы, серттесу батасы, жол батасы, жаңа ай батасы, теріс бата, соғым батасы, көші-қон батасы, жас отау иелеріне арналған бата және өлім шыққан үйде айтылатын бата және т.б.-лар.

Бүгінде ұлттық нақыштағы ойыншықтар шығарып, дәстүрлі өнердің жалғасын табуына өзіндік үлесін қосып жүрген Қыдырәлі Болманов батаның діни түрі болатынын айтады. Оның өзге баталардан құрылысы да өзгеше.

І Халықаралық Almaty Film Festival кинофестивалі - Sputnik Қазақстан
Мәдениет
Француз режиссер Шымкенттен шабыт алып кітап жазғанын айтты
"Халқымыз тілек пен батаның ара-жігін ажырата алады. Бірақ қалай десек те осы тілек пен батаның мүддесі бір. Барлығымыз да жастайымыздан бата алып өстік. Батада үлкен қасиет, үлгі-өнеге, салт-дәстүріміз бен үлкенді сыйлаудың нышаны бар. Үлкеннің сөзін тыңдау, олардан бата сұрау — тәрбие мен тектіліктің көзі деп түсінемін. "Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер" деген сөз тегін айтылмаған.

Сондай-ақ, батаны кім көрінген адам бере бермейді. Бата беру үшін өзің абыройлы, салиқалы да парасатты өмір сүруің керек.

Тек ер адамдар емес әжелеріміз де бата беретін. Тіпті, эпостарымызда "ана батасы" деген тіркестер кездеседі.

Бата — біздің дәстүріміздегі үлкен ұғымдардың бірі. Ол халық үшін өте қажет және оны дұға деп те түсінуге болады. Қазір діни баталар көп айтылады. Батаның бұл түрінде "Жамбылдың жасын берсін, Абайдың басын берсін" деген сөздер айтылмайды. Алланың атымен басталып, ислам жүйесімен өрнектеледі", — деді продюсер.

Мұнымен қатар, ол ақсақалдардың текті жердің баласына бата беруге өздері сұранатынын айтып өтті. Бір кездері мұндай жағдай өзінің де басында болған екен.

"Өзімнің әкем Ұлман ақын, ол кісінің әкесі Қожабай ақынның Құлтумамен айтысында Абай Құнанбаев төрелік еткен. Сол кезде Құлтуманы Қожабай ақын жеңіп шығып, әкем Абаймен хат алысқан. Осы Қожабайдың ұлы Болман ақынның Шашубаймен айтысын өзім 8-сыныпта әдебиеттен оқыдым. Сонда елдің ақсақалдары көбіне "Мына бала Болман ақсақалдың немересі деп көрген жерде бата беріп, басымнан сипап, қойдың құлағын кесіп беріп жататын.

Ол кезде балалардың құлақты қалай жақсы көргенін өздеріңіз білесіздер. Ақсақалдардың жанына тұра қалсақ, осы қойдың құлағын маған беретін. Сондай-ақ, әкеме келіп бата алуға асығатындар көп еді", — деді Қыдырәлі Болманов.

Қыдырәлі Болман - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Қыдырәлі мен Қарақат Астанада коттеджді тартып алды деп айыпталып жатыр
Қазақстандық асаба Жәнібек Айтолғанов бүгінде тойларда батаға ерекше мән берілетінін айтады. Осы күнге дейін батасыз өткен той көрмеген екен.

"Бата мен тілектің екі бөлек болатыны сөзсіз. Бірақ ол екеуі де оң дүниелер. Ешкімге зияны жоқ, тек жақсылықтың нышаны. Мен басқарып жүрген тойларда шама келгенше әулеттің үлкендері бата беріп жатады. Осылай болғаны да дұрыс деп ойлаймын. Біз қазақ үлкеннің алдын ешуақытта кесіп өтпегенбіз. "Кесіп өтсең, мұратыңа жетпегенсің" деген сөз де бар. Жалпы қазақ қоғамында батасыз өтетін той жоқ", — деді асаба.

Теріс бата. Халқымыз әрдайым жұрттың қарғысына ілігіп, теріс бата алудан сақтанған. Теріс батаны қарғыс пен жазаның ең ауыр түрі деп қарастыруға болады. Мұндай бата көп жағдайда ата-тегін көпшілік алдында ұятқа қалдырғандарға беріледі. Ғалымдардың айтуынша, қазақ қоғамында батаның бұл түрі сирек айтылған. Бұдан өзге теріс батаны алғаннан кейін оны қайтару үшін жалбарыну рәсімдері жасалатын болған.

Теріс батаға мысал ретінде "Қыз Жібек пен Төлеген" жырын қарастыруға болады. Аталған жырда Төлегеннің теріс бата алған жері сипатталған. Осыдан кейін оның ісі оңға баспай, ақырында жарық дүниемен қош айтысты. Яғни халқымыз теріс батаның әсері күшті деп есептеген.

Серттесу батасы. Батаның бұл түрін ел арасындағы маңызды үлкен шараларда, белгілі бір жағдайға байланысты уәде мен серт берген кезде және құдалық барысында беретін болған. Оның өзге түрлерінен басты ерекшелігі — әруақ, ақсақал, хан және билер алдында беріліп, соңында қол алысатындығында. Халқымыз сертті бұзуды қарғысқа ұшыраумен теңестірген.

Бұл бата түріне этнограф-жазушы Сейіт Кенжеахметұлы бір мысал келтірген-ді. "Шақшақ қайтыс болғанда (ХVII ғасыр) оның жас әйелі Сомалтынды жақын қайнысы Әйдеркеге қосады. Осы Сомалтынның Шақшақтан туған жас баласы Есназар мен Әйдеркеден туған Жылқыайдар екеуі енелес. Екі бала бірге өсіп, ер жеткеннен кейін елдің басты адамдары жиналып: "Сомалтын қасиетті, өнегелі ана болды. Бұдан былай одан туған Есназар мен Жылқыайдар бір ананың баласы болғандықтан, қанша ата өтсе де, бір-бірінен қыз алыспасын, өмір бойы туыс болып саналсын", — деп, қол жайып, баталасыпты. Міне, сол бата арада 400 жылдай уақыт өтіп, арасы 12 атаға толса да, әлі бұзылған жоқ", — деп баяндады оқиғаны этнограф.

Мысал:

Құдай сені қор қылсын,

Дұшпаныңды зор қылсын!

Жетейін дегенде жер қылсын,

Еңбегіңді сор қылсын,

Басқан жеріңді шөл қылсын,

Көз жасыңды көл қылсын!

Қайғың қалың шемен болсын,

Шыға алмайтын терең болсын!

Аузыңа жылы су тимейтін,

Күнің иттен төмен болсын!

Өмірден мəңгі қор болып өт,

Ел бетіне қарай алмай, жер болып өт.

Еш жақсылық, қызық көрмей,

"Не болдым" деп зарланып өт!

Іздегенің табылмасын,

Қасіретің жазылмасын,

Басыңнан пəле арылмасын,

Өлсең бетің жабылмасын!

Ас батасы. Бұл бата дастархан жайылып ауызға асты алмас бұрын және тамақтанып болғаннан кейін беріледі. Халқымыз әр кез тамақ ішкен сайын "Асқа адалдық, денге саулық" деп тілек тілеп отыруды өздерінің адамдық парызы деп білген.

Мысал:

Асың, асың, асыңа,

Береке берсін басыңа!

Бөденедей жорғалап,

Қырғауылдай қорғалап,

Қыдыр келсін қасыңа!

Сенен байлық өтпесін,

Тәңірі берген берекең

Тепкілесе кетпесін.

Желіңнің екі шетіне,

Тай шаптырса жетпесін!

Наурыз батасы. Халық мерекеде қыдырып, үйді-үйге барып көже ішіп жүргенде берілетін бата түрі. Аты айтып тұрғанда көбінесе Наурыз мерекесі кезінде беріледі. Әдетте бұл батаның мәтінінде "Жасыңыз ұзақ болсын! Көктем көңілді, ұрпақтар өмірлі болсын! Ұлыс береке берсін, пәле жала жерге енсін" сынды тармақтар болады.

Әумин! — бата берейін,

Жақсылықты терейін.

Жаңа жылда жараңдар

Үстем болсын мерейің!

Жақсылыққа бас болып,

Ауылымызда ас болып,

Келген Наурыз құт болсын!

Жүгінелік ақылға,

Араздыққа жол беріп,

Отырмайық тақырға.

Жермен бірге жаңарып,

Көңілде кір қалмасын!

Сырттағы жау жаланып,

Жағаға қол салмасын!

Есіктен кірген емініп,

Төр менікі демесін.

Еңістен келген тебініп,

Өр менікі демесін!

Наурызбенен жаңарсын

Тәніміз бен жанымыз

Жақсы негіз қалансын

Жарасып ән сәніміз!

Сапар батасы. Қазақ елі ұл-қызы алыс сапарға немесе өмірін бәске тігіп жорыққа аттанарда халықты жинап, ішінен ең сыйлы деген азаматтан бата сұрайтын болған. Осыдан кейін адамның сапары немесе жорығы сәтті болып, елге аман-есен оралады деген наным қалыптасқан.

Жолыңды Алла қолдасын,

Жаманшылық болмасын.

Серті мен сөзде тұратын,

Сенімді болсын жолдасың.

Жолыңды кесем дегендер

Ешқашанда оңбасын.

Сәтті болып істерің,

Жақсы болсын түстерің,

Жортып бір жортып жеткенде,

Жомарт болып төсегің.

Жұғымды болсын ішкенің

Көрмеген жерді көріп қайт,

Қайырылып сәлем беріп қайт.

Ырзығың сыртта шашылса,

Оны да түгел теріп қайт.

Айдарыңнан жел есіп,

Желіп барып, желіп қайт.

Бақ қосылып басыңа,

Дақ түспей ар мен бағыңа,

Сау-саламат өзіңмен

Кездесейік тағы да.

Балаларға арналған бата. Қазақ халқында сәби жаңадан дүние есігін ашқан сәтте ұзақ жасап келе жатқан қариялардан бата сұрайтын болған. Сондай-ақ, ата-аналар ұлдары ат жалын тартып мініп, қыздары іс тігуге жарап қалғанда өздері ұнатқан адамдардан бата сұрайтын болған.

Мысал: 

Өмір-жасы ұзақ болсын,

Маңайы аққан бұлақ болсын,

Əр күні қызық, шуақ болсын,

Жер-ана жайлы тұрақ болсын,

Жомарттың қолын берсін,

Жортқыштың жолын берсін,

Қыздың қылығын берсін,

Судың тұнығын берсін,

Даланың кеңдігін берсін,

Батырдың ерлігін берсін,

Ақынның өрлігін берсін,

Той батасы. Бұл бата түрі екі түрлі жағдайда айтылады. Біріншісі — той иелеріне бата беру мақсатында, екіншісі осы тойға арналған малды соятын кезде.

Мысал: 

Той тойға ұлассын,

Тойдан кенде қылмасын!

Өлең-жыр боп күндіз-түн,

Ауыл-аймақ жырғасын!

Құтты болып қуаныш,

Еш жамандық болмасын!

Қызыр дарып, бақ қонып,

Құдай өзі қолдасын!

Болсын тойың торқалы,

Қуандырсын баршаны.

Қарық болсын кəрі-жас,

Өлең айтып, əн салып!

Көрген досың сүйінсін,

Көре алмаған күйінсін!

Берекелі тойыңа,

Игі жақсы жиылсын!

Аллаһуакбар!

Қарияларға берілетін бата. Қазақта бата жастарға ғана емес, бата айтушылардың өздеріне де беріледі. Ақ сақалды аталар мен ақ самайлы әжелер өздері ұнатқан данагөй жандарды шақыртып алып бата сұрап алатын болған.

Мысал:

Уа, қария, күйлі болыңыздар,

Ел-жұрттарыңызға сыйлы болыңыздар!

Немере, шөбере, шөпшек көріп,

Тоқсан отау үйлі болыңыздар!

Түндеріңіз тыныш болсын,

Үйлеріңізге ырыс толсын!

Ұлдарыңыз десті болсын,

Келіндеріңіз есті болсын!

Орындарыңыз төр болсын,

Мəртебелеріңіз зор болсын,

Ел-жұрттарыңыз тоқ болсын,

Қатарларыңыз көп болсын,

Қам-қайғыларыңыз жоқ болсын!

Аллаһуакбар!

Қыздар мен келіндерге берілетін бата. Өсіп келе жатқан қыздың ақылына көркі сай, білімді де ісшең болсын деп қарттардан ықылас баталарын сұрайтын болған. Бұдан өзге ата-енелер келіндерін қыздай еркелетіп, оларға дастарханнан ас немесе табақтың түбін, кейде тіпті ішіп отырған шайын ұсынатын болған. Мұндайда келін орнынан атып тұрып сәлем берген. Осындайда қариялар келіндерге бата беретін болған.

Қыздарың құлықты болсын,

Ғаламат білікті болсын.

Күндей нұрлы болсын,

Гүлдей түрлі болсын.

Өлмес өнер берсін,

Əн-жыр, өлең берсін.

Теңдессіз дарын берсін.

Ізгіліктің бəрін берсін.

Талдай бой берсін,

Таудай ой берсін.

Жаздай жамал берсін,

Оттай жанар берсін!

Аллаһуакбар!

Жасың ұзақ болсын,

Күнің шуақ болсын.

Басыңа бақыт қонсын,

Үйіңе жақұт толсын.

Балалы-шағалы бол,

Ағалы-жағалы бол.
Өркенің өсе берсін,

Бақытқа қолың жете берсін!

Шенді-шекпенділерге арналған бата. Бұл бата түрі беделді қызметке жаңадан орналасқан азаматтарға беріледі. Мұндай батаны алдағы қызметінде айы оңынан туып, жолы болсын деген ниетпен береді.

Мысал:

Әумин десең есе берсін,

Қызырың кеп жетелесін.

Айларың аман кете берсін,

Күндерің күліп өте берсін.

Бақ-дәулет пен дәрежең,

Одан әрі өсе берсін!

Құлағың сақ болсын,

Ниетің ақ болсын,

Құлқының пәк болсын.

Көңілің шат болсын!

Дау-дамайдан қашпа,

Араныңды ашпа.

Қиындықтан саспа,

Қара қылды қақ жарып, елді түзу баста!

Аллаһу акбар!

Жас жұбайларға және күйеу бала мен қарындасқа арналған бата. Өз алдына түтін түтеткен жас жұбайлар отауларына кіріп орналасып алған соң сыйлы қариялар мен ағайын-туысқандарына дастархан жайып, кейін олардан бата сұрайтын болған. Сондай-ақ, үйлі-баранды болып үлгерген ерлі-зайыптылар да өздеріне тілекші болып жүрген ағайын-туыстарын шақырып, олардан ықылас баталарын тыңдайтын болған.

Бақытты бол, бағың ашылсын,

Әр күнің шаттыққа толсын.

Босағаңа жамандық жетпесін,

Төріңнен жақсылық кетпесін.

Ұлдарың оншақты болсын,

Қыздарың моншақты болсын.

Бастарыңа бақ қонсын,

Жаратқан ием жақ болсын.

Ынтымақ серік болсын.

Шаңырақтарың биік болсын.

Несібе-ырыс иіп келсін.

Дастархандарың кең болсын.

Қызық-қуаныш тең болсын.

Үй-іштерің мерекелі болсын,

Өмірлерің берекелі болсын.

Тілектерің ақ болсын,

Махаббаттарың пәк болсын.

Дастарқандарың берекелі болсын,

Отбасыларың мерекелі болсын.

Өмір-жастарың ұзақ болсын,

Жолдастарың Қызыр болсын!

Қораларыңнан қой кетпесін,

Есіктеріңнен той кетпесін.

Көшкенде көлікті болыңдар,

Өлшеусіз өрісті болыңдар!

Халық сүйер аға болыңдар,

Тоңдырмайтын жаға болыңдар.

Қиын жерде жол табар,

Дарқан ойлы дана болыңдар!

Аллаһуакбар! —

Шаңыраққа бата. Алыстан ат терлетіп келген қонақтар өздері түскен шаңыраққа алғыс ретінде бата-тілектерін айтатын болған. Ел мен жерге берілетін бата да осы іспеттес. Бірақ ол бір шаңыраққа емес, бүкіл елге беріледі.

Мысал:

Шаңырақтарың шайқалмасын,

Бақ-дəулеттерің ортаймасын.

Жаратқан Иең жар болып,

Не сұрасаң да қайтармасын!

Шаңырақтарың сыйлы болсын,

Отбасыларың дулы болсын.

Қоныстарың нулы болсын,

Өрістерің сулы болсын!

Аллаһуакбар!

Қорыта айтқанда, қазақ халқы бата арқылы өзінің жан-жүрегінде жатқан ізгі тілектерін жеткізіп, бір адамның немесе халықтың тілеуін тілейтін болған. Сондай-ақ, бата беруші қариялар да халық алдында беделін түсіріп алмауға, бата беруге лайық болуға тырысқан.

Жаңалықтар
0