Дерекқор

Мағжан Жұмабаев туралы не білеміз?

CC0 / Congerdesign / Кітап, архивтегі сурет
Кітап, архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Мағжан Жұмабаев жай ғана ақын емес, ұлт болашағы үшін күрескен Алаш қайраткері. Рухты жырларымен халықты жігерлендіріп, елді татулыққа шақырды. Бірақ солақай саясаттың құрбаны болды

Мағжан Жұмабаев қазақтың бірлігі мен Алаштың азаттығы үшін күрескен танымал тұлға. Оның күрескерлік өмірі мен шығармашылығы Кеңес кезінде кісенде болды. 

Балалық шағы 

Мағжан Бекенұлы Жұмабаев  1893 жылы 25 маусымда Солтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданы, Сасықкөл жағасында дүниеге келген. Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы. Азан шақырып қойған аты – Әбілмағжан.

Фариза Оңғарсынова - Sputnik Қазақстан
Дерекқор
Фариза Оңғарсынова туралы не білеміз?
Атасы – Жұмабай қажы. Әкесі Бекен саудамен айналысқан дәулетті адам болған. Бекен өжет, өте пысық еді. Қоянды базарына жиі қатынайтын. Сол ұзын жолда ыңылдап өлең шығарады екен. Отыздың бел ортасында елге билік айтуға қолы жетті, болыстыққа сайланды.

Анасының есімі – Гүлсім. Гүлсім – Қызылжарда тұратын керей Әшірбек (Әшірбектің ағасы Құрманбайдан Мағжанның болашақ әйелі Зылиха туады) деген саудагердің қызы. Мағжан бойындағы серілік, ақындық қасиеттер әкеден болса, жүрегінің жұмсақтығы, нәзіктігі, жолдас, достыққа қалтқысыздығы, жұртқа қайырымдылығы осы шешесінен деседі.

Мағжан ауыл молдасынан сауатын ашып, 1905-1910 жылдары Қызылжардағы №1 мешіт жанында белгілі татар зиялысы, мұсылман халықтарының азаттығы жолында күрескен М.Бегишевтің ұйымдастыруымен ашылған медреседе оқыды. Медреседе Бегишевтен Шығыс халықтарының тарихынан дәріс алды, қазақ, татар әдебиеттерін, Фирдоуси, Сағди, Хафиз, Омар Һайям, Низами, Науаи секілді шығыс ақындарының дастандарын оқып үйренді.

Тағы оқыңыз: Шерхан Мұртазаның шерлі сөздері 

Мағжан бала кезінде ұшып-қонып бір жерде отыра алмайтын тас қайнаттың өзі болған. Қасында отыратын кісі табылмай қалса, шешесі кереуеттің аяғына байлап кетеді екен. Естияр шағында күрт өзгереді. Ойға батып, тұнжырап жүретінді шығарады. Шелек әкел деп үлкендердің бірі жұмсаса, елек әкеледі екен. Айтылған сөзге көңіл бөлмейді. Балалармен ойнап кетуді ерте қойған. Жеке тұрып қалады. Сол үшін апасы Күләндәм Мағжанды "Марғау" атандырып жіберіпті.

Еңбек жолы 

1910-1913 жылдары Уфа қаласындағы "Ғалия" медресесінде білім алды. Онда татар жазушысы Ғ. Ибрагимовтен дәріс алып, белгілі қайраткер С.Жантөринмен тығыз қарым-қатынас орнатады, болашақ көрнекті жазушы Бейімбет Майлинмен танысады.

Ибрагимовтің көмегімен 19 жасында Қазан қаласында "Шолпан" атты тұңғыш өлеңдер жинағын басып шығарады. Бұл 1912 жылы болған еді. Содан бастап Жұмабаевтың есімі Омбы, Петропавл, Семей қалаларындағы әдеби қауымға мәшһүр болады. Жазғандары жұрт аузына ілігіп, жастардың піріне айналады. 

Ұлытау - Sputnik Қазақстан
Мәдениет
"Бас жарып, көз шығару емес". Жүрсін Ерман айтыстың негізгі мақсатын түсіндірді
"Садақ" журналын шығаруға атсалысады, басылымға өзінің өлеңдерін жариялайды. 1913-1916 жылдары Омбы мұғалімдер семинариясында оқыды.

"Бірлік" ұйымының жұмысына белсене араласып, "Балапан" қолжазба журналын шығаруға көмектеседі. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді Алаш қайраткерлерімен байланыс орнатып, "Қазақ" газетіне өлеңдерін жариялайды. "Алаш" партиясының Ақмола облысы комитетінің мүшесі болды. "Үш жүз" партиясы өкілдерінің жалған айыптауымен бір айдай абақтыда отырып шығады. 

1919-1923 жылдары Ақмола губерниялық "Бостандық туы" газетінде, "Шолпан", "Сана" журналдарында, "Ақжол" газетінде қызмет істеп жүріп, халықты ағарту жұмысына белсене араласады. Сол кезеңде қалың қауымға таныс "Батыр Баян" поэмасын жазып, жарыққа шығарады.

1923-1927 жылдары Мәскеуде Жоғары әдебиет-көркемөнер институтында оқиды. Онда орыс әдебиетін, Батыс Еуропа әдебиетін терең зерттеп, орыс мәдениет қайраткерлерімен жете танысып, көпшілігімен достық қарым-қатынаста болады. Мәскеуде оқып жүргенде, оның шығармалары орынсыз сынға ұшырады.

1924 жылы 24 қарашада Мәскеу қаласындағы Шығыс еңбекшілері коммунистік университетінде қазақ жастарының жерлестік ұйымында жиналыс өтіп, олар Мағжанның жыр жинақтарын талқыға салды. Мәскеуде оқыған қазақ жастары оған "ескілікті жырлаушы ақын, керітартпа, көнені көксеуші ақын, заманмен бірге алға жылжуды қаламайды" деп ат қойып, айдар тақты. Сөйтіп ақын шығармаларын теріске шығаратын қаулы қабылданды. 

Тағы оқыңыз: Мырзан Кенжебай: Абайды бүкіл ұлттың бас ақыны деу әрі күнә, әрі надандық

Жаңа құрылысқа, жаңа тұрмысқа қатысты өлең жазбаса да, тап күресіне белсене араласып, кедей сөзін сөйлемедің деген айыппен Жұмабаев қатаң сынға алынды. 

Ақын 1927-1929 жылдары аралығында Бурабайда, одан соң Қызылжарда оқытушылық қызмет атқарады. Петропавлдағы мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Көп ұзамай қалалық оқу ісінің меңгерушісі оны саяси себептерге байланысты бұл қызметтен босатады. 

Мағжан Жұмабаев қай жерде жүрсе де, оған шығармашылық одақ құру туралы ой маза бермейді. Ол КСРО Жазушылар одағы сияқты ұйым құруды көптен армандап жүретін. Оған өзінше "Алқа" деп ат та қойған. Ұйымның жобасын Қазақстанның әр түкпірінде тұратын әдебиетші қауымға пошта арқылы жіберіп те үлгерген. Алайда ақынның осы арман-мұраты ақырында оның түбіне жетті. 

Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері 

Арыстандай айбатты, 

Жолбарыстай қайратты,

 Қырандай күштi қанатты 

Мен жастарға сенемiн!

Бүкіл бір ұлтты бір арнаға ұйытатын әйгілі "Мен жастарға сенемін" атты өлеңін бәрі жатқа білері анық.  Өлеңдегі өміршең қуат пен сөнбес жалын жас ұрпаққа рухани күш беріп, қазіргі таңда өмірлік ұранғаа айналды деуге болады. 

Мағжан Жұмабаев алғашқы өлеңінен бастап әлеуметтік тақырыпқа ден қойып, ағартушылық, ұлт-азаттық, демократияшыл бағытты ұстанды. Батыс пен Шығыстың рухани қазынасын сабақтастыру негізінде қазақ поэзиясын тақырып, түр мен мазмұн жағынан байытты. 

"Туған жерім – Сасықкөл" деген өлеңінде патшаның отаршылдық саясатына қарсы жаза бастайды.

Айдын көл ата қоныс, құт болған көл.

Сусын боп, сұрағанға от болған көл.

Кеше бірлік, ынтымақ түгел шақта,

Бейне бір сенің басың сот болған көл.

Білмеймін не боларын қайран көлім?

Жарайды тең болмаса күн мен түнің,

Итиіп қара шекпен келіп қонса,

Басыңнан құсың ұшып, кетер сенің, – деп туған жерінің зарын зарлайды.

"Анама", "Жазды күні қалада", "Есімде тек таң атсын", "Жауынгердің жыры", "Орал", "Алыстағы бауырыма" деген өлеңдері ұлтқа деген сезімінің ояна бастағанын көрсетеді.

Жұмабайұлы ел ішіндегі әлеуметтік мәселелерді көтерді ("Шын сорлы"), халқын өнер-білімге шақырды ("Ләззат қайда?", "Жазғы таң", "Өнер-білім қайтсе табылар", "Балалық шақ", "Қазағым", "Қарағым", "Осы күнгі күй", "Мен сорлы").

"Мағжан – алдымен сыршыл ақын. Не жазса да сырлы, көркем, сәнді жазады. Оқушының жүрегіне әсер ете алмайтын құрғақ өлеңді, жабайы жырды Мағжаннан таба алмайсыз. Ол табиғатты суреттей ме, әйелді жаза ма, тарихи адамдарды ала ма, ертегі айта ма, ұран сала ма – бәрінде де ақынның ойлағаны, сезгені, жүрегінің қайғыруы, жанының күйзелуі, көңілінің кірбеңі көрініп тұрады. Қай  өлеңін оқысаң да, не ақынмен, не өз жүрегіңмен, не ел жүрегімен сырласқандай боласың. Ақынның өзі көрінбейтін өлеңдерін оқысаңыз да, еріксіз бір сезім туғызады. Әлде өкіндіреді, әлде мұңайтады, әлде жылатады, әлде аятқызады, әлде есіркетеді, әлде жігер береді…"

Белгілі жазушы Жүсіпбек Аймауытов Мағжанның ақындығы туралы осылай деген еді. 

тарихи құжаттар - Sputnik Қазақстан
Мәдениет
Мағжан Жұмабаевтың құпияланған қолжазбасы Астанадағы көрмеге қойылады
Мағжан Жұмабаевтың бірқатар өлеңі махаббат тақырыбына арналған. "Жас келін", "Зарлы сұлу", "Сүйгеніме", "Алданған сұлу" және тағы басқалары. Нәзік лирикасымен махаббатты жырлаған ақын. Әсіресе Гүлсімге ғашық болған кезде махаббат жайлы біраз өлең шығарады. 

Мағжан түрік халқының басқыншыларға қарсы азаттық қозғалысына үн қосады. Мұнда реалистік, романтикалық сарындар бір-бірімен астасып, бірге өріліп отырады.

Түркі тақырыбы қазақ халқының ұлт-азаттық тақырыбына ұласып, отаршылдыққа қарсы күреске алып келді ("Орал тауы", "Алыстағы бауырыма", "Жер жүзінде", "Қазақ тілі", "Тез барам!"). 

Ақын соңғы деміне дейін ұлт-азаттық тақырыбын өз поэзиясының өзегі етті. Халқымен бірге күйзелді. 

Сентиментализм әсері, әсіресе, әйел теңдігіне арнап жазған өлеңдерінде ұшырайды.  "Домбыра",  "Зарлы сұлу",  "Жәмила",  "Шын сорлы",  "Жас келін",  "Алданған сұлу",  "Тілегім" деген өлеңдерінде әйелдің халін өте ауыр көрсетіп, әйелмен мұңдасқандай, әйелді аяғандай, есіркегендей, оқушылардың жанын ашытқандай мұң бар, зар бар. 

Жәмила, мұнша неге жүдедің,

Бетіңде тамшы қан жоқ қой.

Сарғаймашы, бауырым? – деп іші-бауыры елжіреп қатты аяйды. 

Мағжан – философ ақын. Ақынның философиялық көзқарасы өз өлеңдерінде жақсылық пен жамандық, әділдік пен әділетсіздік тәрізді қарама-қайшылықты философиялық ұғымдарды шебер шендестіре білуінен байқалады. Ол дүниені біртұтас құбылыс ретінде алып, адамды сол ұлы табиғат, жаратылыстың бір туындысы, бөлшегі ретінде суреттейді. 

Мағжан Жұмабаевтың поэмалары 

Әже бата беріп тұр - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Бата беру дәстүрі қайдан шықты және оны кімдер береді?
Қазақ лирикасында үлкен көркемдік жаңалық ашып, соны әсемдік арналарды негіздеп, әсіресе Еуропа, орыс әдебиетіндегі ізденістерді, бағыттарды ұлттық топыраққа батыл да еркін ендірген Мағжан эпикалық жанрда поэманың ықшам формаларын қалыптастырды. Бір қарағанда, тақырыптық тұрғыдан алғанда, алып-жұлып, әкетіп бара жатқан ерекшелік көрінбейтін секілді: "Қойлыбайдың қобызы", "Қорқыт", "Түркістан", "Оқжетпестің қиясында", "Батыр Баян" – аңыз, тарихи белгілі оқиғаларға, "Жүсіп хан", "Өтірік ертек" – шығыстық сюжет, мысал, тұспалға құрылған. 

"Қойлыбайдың қобызы" поэмасында Қойлыбай бақсының өнерін сүйсіне жырлайды. Қазақтың бақсысына дейін ардақ тұтады.

Қалың Найман ішінде Бағаналы, 

Қазақта бақсы асқан жоқ Қойлыбайдан. 

Қойлыбай жын жүгендеп, пері мінген, 

Алдында жорғалаған шашты шайтан.

"Қорқыт" поэмасы бұрынғы өмір мен өлім тақырыбына жазылғанымен, ақын идеясы ол емес. Поэмада Қорқыттың өлімнен қашып, соңында әр өмірдің соңы өліммен аяқталатынын түсініп, қобызын сарнатып өткені айтылады. 

Тағы оқыңыз: Балғынбек Имашев айтыстағы "әділетсіз" қазылар туралы айтып берді

Қиялымен қазақ халқын бостандығынан айырмай, тарихын, мәдениетін, тілін, дінін ұмыттырмайтын, жақсылыққа кенелтетін, "өлтірмейтін" қоғам іздейді, Қорқыттың "мәңгілік ғұмыр іздеуін" шығармасына нысана етіп алуы Мағжан философиясының асқақтығын көрсетеді.

Жұмабаев поэмаларының ішіндегі ең көлемдісі, алдымен ауызға ілігері –"Батыр Баян" поэмасы. Поэма аса көркем деңгейде ерекше шабытпен жазылған. Жан күйзелісі, сезім, батырлық пен махаббат дастанда жыр болып өріледі. Поэма өзінің сюжеттік жағынан эпостық жырларға өте ұқсас. Мағжан тілінің әуезділігі мен әсемдігі, көркемдігі мен көріктігі ерекше үйлесімділікте сай келуі поэмада айрықша көрінеді.

"Батыр Баян" поэмасы мынадай кең мағыналы өлең жолдарымен аяқталған:

Ерлерді ұмытса да  ел, сел ұмытпас,

Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас. 

Ел үшін жаннан кешіп, жауды қуған, 

Ерлерді ұмытса да ел, шөл ұмытпас. 

Ел үшін төккен ерлер қанын жұтқан, 

Ерлерді ұмытса да ел, жер ұмытпас.

Арқаның селі, желі, шөлі, белі 

Ерлерді ұмытпаса, ел де ұмытпас!

Мағжан Жұмабаевтың педагогикалық еңбектері 

Ақын шығармашылығының үлкен бір арнасы – халыққа білім беру, педагогика саласы. Мектеп оқушыларына, мұғалімдерге арнап "Педагогика" (1922, 1923), "Бастауыш мектепте ана тілін оқыту жөні" (1925) еңбектерін жазды. 

Ақан сері, Базар жырау, Әбубәкір Диваев туралы зерттеу еңбектер жазып, ауыз әдебиеті үлгілерін жинауға атсалысты.

Мағжан Жұмабаевтың отбасы

Мағжанның алғашқы әйелі Зейнеп Шоқан Уәлихановтың інісі Жақып төренің қызы Қадишадан туған. 

Бекболат Тілеухан - Sputnik Қазақстан
Дерекқор
Бекболат Тілеухан туралы не білеміз?
Зейнеп ұл босанып, оның есімін Граждан қояды. Алайда тағдырдың жазуымен ақын үшін қымбат осы екі жан бірінің артынан бірі опат болды. Зейнеп баладан дүние салды. Артынша тұла бойы тұңғышы шетінеді. Бұл шамамен 1917-1919 жылдардың арасы. 

1920 жылы Омбыдағы мұғалімдер курсы Қызылжарға ауыстырылды. Мағжан сол курсқа басшылық етеді әрі үйреншікті пәндері бойынша сабақ береді. Міне, осы кезде Мағжан курста математикадан сабақ беретін Гүлсім деген әйелге ғашық болады. Алайда Гүлсімнің күйеуі Мағжан мен әйелінің арасын біліп қалып, үйін көшіріп әкеткен. 

1921 жылы Қызылжарда Мағжан өмірлік жары болған Зылихамен танысады. Зылиха Мағжан Жұмабаевтың жиені болған. 1894 жылдың 26 қаңтарында туған Зылиха Құрманбайқызының Мағжаннан жарты жастай ғана кішілігі бар.

Зылиха апаймен ақын туған-туыстарының тойында кездескен екен. Ағайындары Мағжанды Жәмила деген жас қызбен қосуға ниеттенген. Бірақ Мағжан мен Зылиханың бір-бірінен көз алмай қарап отырғанын байқаған бойда-ақ, Жәмила көзіне жас толып, сыртқа атып шыққан. Ал Зылиха сол күні кешке заттарын буып-түйіп, Мағжанның үйіне көшіп келеді. Көп ұзамай Мағжан мен Зылиха Қызылжардан кетеді. Алдымен Ташкентке барады. Кейін Мәскеуге аттанады. Ол жерде Мағжан Шығыс еңбеккерлерінің университетінде шығыс тілдерінен сабақ береді. Әдебиет институтында білім алады.  Гете, Лермонтов, Блок, Горькийдің шығармаларын, әлем әдебиетінің басқа да жауһарларын қазақ тіліне аударады.

Зылиха Құрманбайқызы 97 жасында елі Мағжанның жүз жылдығын атап өтуге дайындалып жатқанда өмірден озды.

Екі рет ақталған ақын

1929 жылы Мағжан Жұмабаев "Алқа" атты жасырын ұйым құрды деген айыппен Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалып, 10 жылға Карелияға айдалып кетеді. 

Ақынның жиені Райхан Жұмабаева Мағжанның көзі тірісінде де, қаза болғаннан кейін де жазықсыз жазғыру мен айыптан көпке дейін арыла қоймағанын айтады. 

"Онымен дәм-тұздас болып жүрген жақын дос-жарандарының өзі оның талантына, тиянақты әдеби біліміне көре алмаушылық танытқан еді", — деп еске алады ол. 

Зылиха да, Мағжан да ауқатты отбасынан шыққан. Зылихада ата-анасынан мұраға қалған әшекей бұйымдар көп болатын. Зылиха Мағжан Карелияға жер аударылған кезде, 14 рет барып қайтты. Қымбат тастармен көмкерілген сырға-сақиналарын беріп, күйеуімен кездесуге рұқсат алатын.

Зылиха Мағжанның атылудан аман қалғанына қуанды. Түрмеде отырса да, басының амандығын тіледі. Жақынырақ болайын деп Ленинградқа көшіп келді. Ленинградта тұратын құрбысы үйіне кіргізді. Күйеуінің өтініші бойынша оған медицина тақырыбындағы кітаптарды апарып берді. Мағжан емтихан тапсырып, фельдшер болып алды. 

Тұсаукесер - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Тұсаукесер: қазақ нені дұрыс жасамай жүр?
Енді Зылиха Мағжанды құтқарудың қамына кірісті. Ол Максим Горькийге хат жазу керек деп шешті. Мағжан Горькийдің шығармаларын қазақ тіліне аударған еді. Естуінше, жазушының әйелі Екатерина Пешкова Қызыл Крестің кеңестік бөлімшесін басқарады екен, тұтқындарға көмектеседі деп еститін. Осылайша Пешкованың өтінішімен жаза мерзімі жеті жылға кемітілді. Мағжан Жұмабаев 1936 жылы Отанына оралды. 

Түрмеден босап, Қызылжарға келгеннен кейін Мағжан шығармашылықпен айналысып, сабақ беремін деп ойлады. Бірақ сотталған деп оны ешкім жұмысқа алмады. 1937 жылы наурызда Мағжан Жұмабаев Алматыға келеді. Аударма ісімен айналысады. Алайда 1937 жылдың желтоқсанында қайта тұтқындалып, 1938 ақпанында халық жауы ретінде атылып кетті.

Ақынның шығармалары дүкендер мен кітапханалардан алынып, жойылды. Жарты ғасыр бойы, яғни 1988 жылға дейін оның шығармаларына тыйым салынды. 

Күйеуі атылғаннан кейін Зылиха да халық жауының әйелі атанды. Достарының кеңесімен қуғын-сүргіннен аман қалу үшін алыстағы Ленинградқа, баяғыдағы құрбысының үйіне кетеді. Зылиха апай күйеуі ақталғаннан кейін ғана туған отанына оралады. Бір ғажабы, Зылиха апа Мағжанның қолжазбаларының көп бөлігін сақтап қалған екен. Қорапқа салып, туыстарының үйінің шатырында сақтапты. 

Тағы оқыңыз: Қазақтың ырым-тыйымы туралы не білеміз?

"Біздің республикамызда ғана емес, бүкіл Кеңес Одағында қатарынан екі мәрте ақталған бірде бір ақын не жазушы болған жоқ. Тағдыр тәлкегі деген осы шығар. Бірінші рет ол 1960 жылы ақталды. Алайда шығармаларын жариялауға толық рұқсат берілмеді. Шығармаларын оқуға болмаса, ол қалай ақын атанбақ?! Бұл барып тұрған қорлау. Тек араға жиырма сегіз жыл салып, яғни 1988 жылы ол екінші рет ақталды", — дейді ақынның жиені Райхан Жұмабаева. 

Мағжан Жұмабаевтың мол мұрасы Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында ғана жұртшылыққа жария етілді. Өлеңдері орыс тіліне аударыла бастады.

Жаңалықтар
0