Дерекқор

Бекболат Тілеухан туралы не білеміз?

© Sputnik / Болат ШайхиновБекболат Тілеухан
Бекболат Тілеухан - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Белгілі қоғам қайраткері, депутат, жыршы, әнші Бекболат Тілеуханның өмірбаянын Sputnik дерекқорынан оқыңыз

Бекболат Тілеуханның өмірбаяны

Бекболат Қанайұлы Тілеухан 1966 жылы 7 тамызда Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Атасу кентінде туған. Әнші, жыршы, педагог, қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі (1996), Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Дарын жастар сыйлығының иегері. 

Білімі – жоғары, 1993 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын "концерт орындаушы" мамандығы бойынша, ал 1998 жылы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ мемлекеттік техникалық университетін "инженер-металлург" мамандығы бойынша бітірді.

1996 жылдан 2001 жылға дейін Қазақстан президенті оркестірінің көркемдік жетекшісі қызметін атқарған.

Тағы оқыңыз: Бекболат Тілеухан "ісін жақсы білетін" министрді сөйлетіп қойды 

2000 жылдардың басында еліміздің мәдениет саласында бірқатар лауазымды қызмет атқарды. 2002-2004 жылдар аралығында ҚР мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім вице-министрі, мәдениет вице-министрі болды.

2004 жылдан бастап "Нұр Отан" партиясына мүше. 

Бекболат Тілеухан - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Тілеухан 7 жасар баланың ісіне қатысты: бәрі шулап жатқанда, министрлік неге үнсіз?

2016 жылдың 24 наурызынан бері VІ шақырылымдағы Мәжіліс депутаты, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі. Сондай-ақ, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті. 

Бекболат Тілеухан бұған дейін Мәжілістің ІІІ және ІV шақырылымында депутат болған. 

1996 жылы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен "Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі" құрметті атағы берілді. "Парасат орденімен", "Қазақстан конститутциясына 10 жыл", "Қазақстан парламентіне 10 жыл", "Астанаға 10 жыл", "Қазақстан тәуелсіздігіне 20 жыл" медальдерімен марапатталған.

Айтары бар депутат

Қоғам қайраткерінің сақалын сөз ететіндер көбейіп, елді адастырып жүр деп те сынағандар болды. 

Білім және ғылым министрлігінің жұмысын жиі сынайтын халық қалауларының бірі. Білім министрінен бастауыш сынып оқушыларына "Әліппені" қайтаруды сұрап, мектептегі үштілділікке шүйліккен еді. Сондай-ақ, оқулықтардағы кемшіліктерді айтып, білім министрлігінің басшысы Ерлан Сағадиевті баспасөз бетінде жекпе-жекке де шақырған болатын. 

Қоғамда резонанс тудырған оқиғаларға қатысты пікірін білдіріп, үн қатып жүретін депутат. Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің қазасына байланысты бас прокуратура мен ішкі істер министрлігіне жүгініп, көлік бөлшектерінің саудасын қатаң тексеру қажеттігін айтты. 

"Елім менің" шығармашылық кеші

2017 жылы Алматыдағы Республика сарайында Бекболат Тілеуханның Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған "Елім менің" шығармашылық кеші өтті. Концертте Бекболат Тілеухан жыраулардың жауһар жырларын орындады. Шалкиіз, Ақтамберді, Доспамбеттің жырларымен жиналғандардың құлақ құрышын қандырды. Абай Құнанбайұлы мен Дулат Бабатайұлының мәнді де мағыналы жырлары орындалды. 

Бекболаттың Тілеуханның отбасы

Бұқаралық ақпарат құралдарында Тілеуханның 11 перзенті бар екені хабарланған еді. Парламент мәжілісінің сайтындағы депутаттың өмірбаянында да алты ұлы мен бес қызы бар екені жазылған. Ал Бекболат Тілеухан Sputnik Қазақстанға берген сұхбатында шын мәнінде 14 баласы бар екенін мойындады. 

Ашық дереккөздерде оның тек үш баласының есімдері көрсетілген. Ұлдары – Нұрмұханбет, Нұрдәулет, қызы – Зейнеп. Зайыбы – Несіпбай Раушан Төлеутайқызы (1966 жылы туған), өнертану ғылымдарының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті.

Жаңалықтар
0