ШЫМКЕНТ, 23 қараша — Sputnik, Жансая Тәуекелқызы. Республикалық маңызы бар қалалардың қатарына енген Шымкенттің спорт саласы қалай дамып жатыр? Облыстан бөлініп шыққан шаһарда қай спортшы қайда қалды? Қалада бұқаралық спортты дамытуда нендей жұмыстар атқарылып жатыр? Ел көптен күткен "Шымкент арена" спорт кешені қашан пайдалануға беріледі? Бұл сұрақтарға жауап алу үшін Sputnik Қазақстан тілшісі қалалық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Әлібек Нұртаевтан арнайы сұхбат алды. Айтпақшы, бірнеше басшылық қызметті атқарған шенеунік өзіне қатысты ел ішінде айтылып жүрген алып-қашпа әңгімеге қатысты да пікір білдірді.
"Шымкентте мыңға жуық бапкер мен 20 мың спортшы бар"
"Бұқаралық спортты дамыту бойынша басқарма тарапы нендей жұмыстар атқарып жатыр?" деген алғашқы сауалымызға жауап берген басқарма басшысы дәл бұқаралық спортты дамыту кәсіби спортшыларды тәрбиелеп шығарудың төте жолы екенін атап өтті.
Мемлекеттік қызметкердің айтуынша, Шымкентте 140-қа жуық мектеп болса, соның 6-сында әзірге спорт залдары жоқ. Бұл мәселені шешуде де басқарма білім басқармасындағылармен тиісті келіссөздер жүргізіпті. Тағы бір атап өтерлігі, жуырда ғана елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мектеп жасындағы балалардың бос уақытта спорт залдарына баруын тегін қамтамасыз ету мәселесі Шымкентте бұрыннан келе жатқан дәстүр екенін атап өтті. Қала облыс құрамында болғанда 12 мемлекеттік спорт мекемесі болса, бүгінде олардың қатары 31-ге артқан.
Қазіргі таңда басқарма баласын спортқа бергісі келген ата-ана ыңғайлылығын қарастырып жатыр. Жуық арада қаладағы спорт мектептері туралы ақпаратты үйде отырып-ақ ғаламтор арқылы біліп, тіпті спортқа баланы жаздыруға болатын жүйе қолданысқа енбек. Айтпақшы, Шымкент мегаполис атанған кезде спортшы мен бапкерге таласу мәселесі орын алған жоқ деп сендірді шенеунік.
"Облысқа тиесілі болған мекемелер сонда кетті. Қаладағылар осында қалды. Негізі кәсіби спортшылар бұған дейін де Шымкентте тұратын. Себебі заманауи жаттығу залдары облыс орталығында орналасқан. Бапкерлердің де көбі осында қызмет етті. Облыс бөлінгенде біз ешкімді қаласың не кетесің деп мәжбүрлемедік. Әркім өз таңдауын жасады. Біз облыс немесе қала спортшысы деп бөле-жармаймыз. Бәріміздің мақсатымыз бір. Ол — Ұлттық құрамаға енетін тәжірибелі спортшы дайындау. Ары қарай ел намысын әлемдік деңгейде қорғайтын спортшы тәрбиелеу",- деді ол.
Тағы оқыңыз: Шымкентте жер салығы өседі
"Шымкент арена" қашан салынады?
Әлібек Нұртаев шымкенттіктер тағатсыздана күтіп отырған "Шымкент арена" спорт кешені қала әкімінің тікелей бақылауында екенін айтты. Оған "Шымкент сити" қалашығынан тиісті жер бөлінген. Қазіргі таңда оның эскиздік жобасы әзірленіп жатыр. Жақын арада нысанның жобалық-сметалық құжаты жасалынады. Бірақ, кешенді кімнің салатыны әлі нақтыланбапты. Мүмкін мемлекет қазынасына немесе инвестор есебінен бой көтереді. Белгілісі, алдағы 4-5 жылда халықаралық стандарттарға сай спорт кешені пайдалануға берілмек.
"Спортта саясаттың да рөлі жүреді"
Басқарма басшысы бұған дейін жергілікті тілшілерге берген сұхбатында спорттың саясатқа айналып кеткенін айтып дабыл қаққан болатын. Шенеунік бұл ойын әлі де өзгертпепті. Айтуынша, әдемдік деңгейдегі жарыстарда саясат рөл ойнайды. Алпауыт мемлекеттер спорттық аренада өз биліктерін жүргізуге тырысады және онысы іске асып та жатыр екен.
"Отызға келген спортшының жасы келді деген ой қалыптасып қалғаны бар. Бірақ, мен онымен келіспеймін. Спортшының өзіне байланысты. Тіпті қырық жасында мықтылығын жоғалтпаған талай саңлақтарды білеміз. Геннадий Головкинге келсем, қартайды деп болжам жасау меніңше, дұрыс емес. Шыны керек, соңғы жекпе-жегінде ол ойсырата ұтылды деуге келмейді. Керек десеңіз, менің есебім бойынша ол жеңілмеуі керек еді. Бірақ, онда да саясат болған шығар", — деді басқарма басшысы.
"Ордабасы" клубының ең қымбат ойыншысы айына 10 мың доллар алады
Әлібек Нұртаев шымкенттік "Ордабасы" футбол клубының ойыншылары алатын жалақы туралы алғашында айтқысы келмеді. Себебі ҚР Футбол федерациясының ережесіне сәйкес ол екі жақты құпия саналуы тиіс. Қай футболшының қанша алатынын нақты айтпаса да, жалпы жалақылары туралы айтуға келісті. Айтуынша, елімізде қымбат спортшылар "Астана" мен "Қайрат" клубында ойнайды. Ал "Ордабасы" ойыншыларының ай сайынғы табысы 300 мың теңге мен 10 мың доллар аралығында. Дегенмен шенеунік өз жалақысын жасырмады. Үш ұлды тәрбиелеп отырған оның ай сайын қолына алатыны — 175 мың теңге екен.
"Мықты спортшылар көбіне ауылдан шығады"
Ауылдан шыққан шенеунік сұхбат барысында өзінің жеке өмірі туралы да бөлісті.
"Ауылда өскен кез келген бала мал баққан десем, қателеспейтін шығармын. Мен де солардың қатарында болдым. Он шақты сиырымыз, қой, жылқымыз болатын. Қора тазалап, талай қызықты бастан өткердік қой. Бірақ, сиыр сауған емеспін. Анам, әпкелерім жасады ол жұмысты. Негізі мал бағу физикалық күшті қажет етеді. Менің спорттық мансабымда жақсы нәтиже көрсетуім де соның арқасында шығар.
Не дегенмен ағза соған бейім қалыптасқан. Қара жұмыс – нағыз спорт дер едім", — деген басқарма басшысы өз балаларының спортшы болатынына сенімді. Бірақ, әзірге олар мамандық таңдайтын жаста емес екенін алға тартқан ол спорттың қай түріне баратынын өз еріктеріне беремін деп отыр.
Қызметтік мансабына кімнің ықпалы әсер етті?
Соңғы бес жылдан бері басшылық қызметті атқарып келе жатқан Әлібек Нұртаев (бұған дейін ОҚО спорт басқармасының басшысы болды — Sputnik) спорттың жекпе-жек түрі бойынша Қазақстанның спорт шебері. Тек белгілі себептерге байланысты спорттық мансабын ерте аяқтады. Содан мемлекеттік қызметке келеді. "Басшылық қызметіңізді бапкерлікке айырбастауға дайынсыз ба?" деген сауалымызға шенеунік былайша жауап берді.
Ел ішінде "Әлібек Нұртаев жоғары лауазымда отырған Үкімет мүшесінің күйеу баласы болғандықтан ұзақ жылдан басшылық қызметті атқарып келеді" деген әңгіме жиі айтылады. Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатта шенеунік бұл әңгімеге нүкте қойды.
"Мен осы күнге дейін жеткен жетістіктеріме ешкімнің ықпалы болмағанын кесіп айтамын. Қарапайым ғана отбасыдан шықтым, спортқа келуіме ата-анам себепші болды. Спорттағы жетістіктерім маңдай термен келген еңбек. Ал қызметке сол спорттағы еңбегімнің арқасында келдім. Мен бірден басшы бола салған адам емеспін. Басқармада алғашында маман болып, кейін қызметтік сатыда өстім. "Сен қызметке мына кісінің арқасында отырсың" деп ешкім келіп бетіме басып айта алмайды. Дәлелі бар ма, келсін. Мен сол күні арызымды жазып, жұмысымнан кетемін.
Сенесіз бе, мен өзім туралы кітап жазуға дайын адаммын, әрине, өзімді зорға ұстап жүрмін (күліп). Әлі ерте секілді. Нәсіп етіп шығып жатса, сонда ел менің қызметке қалай келгенімді, нендей қиындықтан өткенімді білетін болады. Сондықтан сіз айтып отырған кісінің маған ешқандай ықпалы болмаған және мен ешқашан қызметке ұмтылған адам емеспін. Осы ретте қала әкіміне маған осындай жауапты істі сеніп тапсырғаны үшін алғыс айтамын. Және ол сенімді ақтауға барынша тырысамын", — деп сөзін түйді шенеунік.