ҚАРАҒАНДЫ, 20 қазан — Sputnik. Қарағанды олблысы Ботақара ауылының тұрғыны Қадиша Дәрменбаева кесар тілігімен босанғаннан соң алты сағаттан кейін қайтыс болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Әйел адам жергілікті ауруханаға барады. 19:40-та күйеуіне жазған хабарламасында Қарағанды перзентханасына апарғалы жатқанын айтыпты, бірақ әйелді онда жеткізіп үлгермеген. Жарты сағаттан соң суы кетіп қалып, жиырма минут ішінде шұғыл ота жасауға мәжбүр болады. Алты сағаттан соң Қадиша көз жұмды.
Ана мен бала өліміне қатысты ҚР ҚК 317-бабы 3-бөлімі (Медициналық қызметкердің кәсіби міндеттерін дұрыс орындамауы) бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Денсаулық сақтау департаменті комиссия құрып, емханада тексеріс жүргізеді, тергеуге басқа облыстың мамандары да қатысқан.
"Біз сот-медициналық сараптама жасамаймыз, біздің жұмысымыз – медициналық көмек көрсетудің сапасын тексеру", — дейді денсаулық сақтау департаменті басшысы Ольга Смирнова.
Оның сөзіне сүйенсек, тексеріс барысында науқастың жағдайы күрт нашарлаған кезде хабар беру схемасында ағаттық жіберілгені анықталды: әйелдің жағдайының төмендеп кетуін дәрігерлер дұрыс бағаламапты.
Қадиша Дәрменбаевада шарананың қабықшасы ерте жарылып, ұрықжолдасы бөліне бастаған. Кесар тілігін жасаған кезде, шарананың суы қанға түсіп кеткен. Соның салдарынан анафилаксияға (аллергиялық реакция) ұшырап, ардиопульмоналдық шок болып, әйел қайтыс болады.
"Эмболия (қантамырларының бітелуі) дамуын алдын ала болжау мүмкін емес, деп түсіндіреді Ольга Смирнова. — Ол босану кезінде болады. Ұрықжолдас бөлінген соң ота стандарт бойынша жасалған — 20 минуттан кейін. Мұның әдеттегі жағдай емес, босану кезінде шұғыл жайт туындағанын түсінуіміз керек. Оның үстіне, өте сирек кездесетін жайт. Ботақара ауруханасының дәрігерлері бұрын-соңды мұндайды көрмеген".
"Нәресте босану кезінде шетінеп кеткен, оған ұрықжолдастың бөлінуі мен вирустық инфекциялар себеп болды. Шарана пневмония және менингит дертіне шалдыққан. Анасы үшінші триместрде вирустық инфекциямен ауырса да, дәрігерге қаралмапты. Анасы мен баласының өлімінің себебі әртүрлі, бірақ екеуін де аман алып қалу мүмкін емес еді", — деп сөзін қорытындылады денсаулық сақтау департаментінің басшысы.
Денсаулық сақтау басқармасы да тергеу жүргізіпті. Олар да сондай қорытындығы келген: ана мен баланы аман алып қалу үшін дәрігерлердің қолынан келер ештеңе болмады. Эмболия жиырма мың босанатын әйелдің біреуінде ғана кезігуі мүмкін.
"Біз өз тарапымыздан ауруханаға хабар беру схемасын бзғаны үшін ұйғарым жазып жібереміз. Бірақ дәрігерлердің қаншалықты кінәлі екенін тергеу шешеді", — деп атап өтті ведомство.
Қарағанды облысында бес жыл ішінде осымен екінші рет ана өлімі болып отыр, 2016 жылы да бір әйел эмболиядан көз жұмған еді.
Естеріңізге сала кетсек, Астанада биыл жазда перзентханада бірнеше ана өлімі болды — босану кезінде және босанғаннан кейін бес әйел қайтыс болған.