АСТАНА, 11 қазан – Sputnik. Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов 2018 жылға арналған нақтыланған елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Дәленовтің айтуынша, 2018 жылы номиналды ЖІӨ 58,2 триллион теңге көлемінде болжануда, бұл сәуір айындағы нақтыланған көрсеткіштен 1 триллион теңгеге артық.
"ЖІӨ-нің нақты өсімі 3,8 процент деңгейінде қалды. Негізгі салалардың өсу қарқыны бүрынғы деңгейде сақталды. Мұнайдың әлемдік бағасының өсуі мен экономика өсімін ескерсек, экспорт 56,5 миллиард долларға дейін өседі, ал импорт 33,2 миллиард долларға дейін төмендейді. Инфляция бекітілген диапозонда қалады деп болжанып отыр", — деді вице-министр мәжілісте заң жобасын таныстыру барысында.
Түзетілген макроболжам негізінде 2018 жылға арналған республикалық бюджет параметрлерінің болжамы нақтыланған.
"Трансфертті есепке алмағандағы табыс бекітілген жоспар деңгейінде сақталып отыр, яғни 5 триллион 718 миллиард теңге. Шымкентке республикалық маңыздағы қала мәртебесінің берілуіне байланысты 2018 жылға арналған бюджетте Түркістан облысынан 15 миллиард теңге сомасында түсетін трансферт қарастырылған. Одан әрі ол Шымкенттің бюджетіне аударылады. Республикалық бюджет шығыстары 12,6 миллиард теңгеге ұлғайып, 9 триллион 656 миллиард теңге көлемінде болжанып отыр", — деді Дәленов.
"Соңғы үш айда теңге бағамы бір АҚШ доллары үшін 329-381 теңге аралығында өзгерді және орташа 351 теңгені құрады. Осыны ескере отырып, теңгенің долларға қатысты есеп айысыру бағамы 340 теңгеден 350 теңгеге дейін ұлғайды. Жыл басынан бері мұнай бағасы құбылмалы болды. Халықаралық ұйымдардың консенсус болжамы бойынша мұнай бағасы барреліне 69 долларды құрайды. Осыны ескере отырып, базалық сценарийде мұнай бағасы барреліне 59 доллардан 60 долларына дейін артты", — деді ол.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда қанша қызметкердің жалақысы артады?