Әсет Өрентайұлы Исекешев 1971 жылы 17 тамыз күні Қарағанды қаласында туған. Білімі – жоғары, әскери атағы – запастағы лейтенант.
"Мен – дәрігердің ұлымын"
Әсет Исекешевтің ата-анасы кім, қайда қызмет еткен, қандай кәсіпті игергені туралы ақпарат көп айтыла бермейді. Тек Исекешевтің өзі Астана қаласындағы үздік дәрігерлерді марапаттау кезінде анасы дәрігер болғанын айтқан еді.
"Дәрігердің жұмысын жақсы білемін. Жәй естіп қана қойған жоқпын, қандай ауыр жұмыс екенімен жақсы таныспын. Себебі, мен – балалар дәрігерінің ұлымын" — деген еді ол дәрігерлермен кездесуінде.
Оның 1968 жылы туған ағасы бар, аты-жөні – Ерлан Исекешев. Ал, әкесі – Өрентай Исекешев қайтыс болған, өмірін энергетика саласына арнаған адам.
Әйелі – Ләззәт Исекешова. 2010 жылы туған Әлихан атты ұлы, 2010 жылы туған Кәмила есімді қызы бар.
Қарапайым слесарь, қарапайым әкім
Әсет Исекешев білімін Орал училищесінен бастаған. 1989 жылы училещедегі оқуынан кейін оралдық "Омега" ауылында слесарь болып жұмыс істеген. 1991 жылы Алматыдағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түсіп, "құқықтану" мамандығын алып шыққан. Артынша ҚР Мемлекеттік қызмет істері академиясында мемлекеттік басқару саласын игеріп шықты.
Университеттегі оқуынан кейін ең алдымен прокурор көмекшісі, бас маман, департамент директоры, бірқатар жекеменшік компанияларда басшы қыметтерін атқарған. Мемлекеттік қызметтегі мансабы 2003 жылы бұрынғы экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінде министрдің кеңесшісі лауазымынан басталған. Одан кейінгі жылдары Әсет Исекешев бірнеше рет әртүрлі ведомстволарда вице-министр болды.
Бұл екі арада (2008-2009 жж) Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі де болып үлгерген. Министр ретіндегі карьерасы 2009 жылы Индустрия және сауда министрінен басталған. Индустрия министрі бола жүріп, вице-премьер, Премьер-министрдің орынбасары қызметтерін қатар атқарды. 2014 жылы Инвестициялар және даму министрі болды. Ал, 2016 жылдың маусымында Преидент Жарлығымен Астана қаласының әкімі қызметіне тағайындалды.
Қандай мансапқа ие болса да, Әсет Исекешев көп азаматтарға өзінің қарапайымдылығы үшін ұнап жатады. Тіпті, Астана әкімі бола тұра әуежайда қарапайым азаматтармен бірге рейс күтіп тұрған Исекешевтің суреті уазық уақыт бойы жақсы сөдермен желіде тарап жүрді.
2016 жылы 21 маусым президент жарлығымен Астана қаласының әкімі болып тағайындалған Исекешев жаңа қызметіне білек сыбана кірісті. Өйтпеске, амал жоқ еді. Жан-жақты миграцияның ықпалымен шаһардың проблемасы күннен күнге көбейіп жатты.
Мәселен, Әсет Исекешев әкім болып тағайындалғаннан кейін үш күннен соң қаланы ғана емес, бүкіл елді елең еткізген оқиға болды. Астананың Әділбек Мейрамов деген тұрғыны отбасын үйіне қамап алып, терезеден газ балонын жарып жіберемін деп қорқытты. Оның себебі – қаланың қақ ортасындағы Мейрамовтардың жер үйі сүрілу керек еді. Алайда, Әділбек Мейрамов әкімдік ұсынған өтемақыға келіспей, үйін сүруге келгендерге "жоласаңдар, балонды жарамын" деп қорқытқан.
Әділбек Мейрамов өз үйі үшін бұрын да бірнеше рет осындай жанкешті амалға барса да, оның проблемасы шешілмеген. Бірақ, Исекешев жаңа қызметін қайғылы жағдаймен бастағысы келмесе керек, Мейрамовтарға 3 бөлмелі пәтер беріп "құтылды". Әділбек Мейрамов журналистерге берген сұхбатында "нағыз әкім" осындай болу керек деп, Исекешевке алғыс айтқан.
"Онлайн" әкім
Әсет Исекешевті өзге әкімдерден ерекшелейтін бір ғана фактор бар, ол — әкімнің әлеуметтік желіні "жақсы көруі". "Исекешевті белгілеп жібер" немесе "Әкімдік қайда қарап отыр" деген қалжың сөзді астаналықтар ғана түсінеді. Себебі, қазір қаланың тыныс-тіршілігіне қатысты проблеманы халық Исекешевке фэйсбук желісі арқылы жеткізуді әдетке айналдырды.
Тағы оқыңыз: Исекешев жаңа оқу жылында ұстаздардың жалақысы өсетінін айтты
Әсет Исекешев желідегі ондай жазбаларды әдетте жауапсыз қалдырмайды. Тікелей қаланың мәселесіне қатысты болса, үнемі жауап беріп, қоластындағыларға тиісті тапсырма жүктейді. Бұл байланыс тәсілін жақсы көргені соншалық, Әсет Исекешев халықтан әлеуметтік желі арқылы арыз қабылдайтын "Қалалық шешімдер бюросы" атты мекеме құрды. Ол мекеме әлеуметтік желіні күні-түні сүзіп, Астана тұрғындарының әкімге айтар арыз-шағымын, қалаға қатысты өзге де проблемаларды теріп, әкімдікке жеткізеді.
Қар мен судың "сақшысы"
Астана қаласының әкімі ретінде Әсет Исекешевтің көп күрескен проблемасы ол – қар мен су.
Биыл тамызда да жаңбыр суы үлкен көшелерді басып қалғаннан кейін, Исекешевті сынағандар көп болды. Бұдан өзі де шаршаған болу керек, Әсет Исекешев жаңбыр суына қарсы күресетін ұлттық компания құруды ұсынды. Бірақ, әкімнің бұл ұсынысы қоғамда қолдау таба қойған жоқ. Желі қолданушылары бұны "ғасыр жаңалығы" деп атап жатты.
Әсет Исекешевтің EXPO-2017 кезіндегі жұмысы
Әсет Исекешев Астана қаласының әкімі қызметіне EXPO-2017 халықаралық көрмесі басталардан тура бір жыл бұрын тағайындалды. Сондықтан, жұмысының алғашқы жылы қаланы басқарумен қатар, осы үлкен шараға дайындықпен өтті деуге болады.
Көрме алдындағы қаланың келбетіне көңілі толмаған президент Нұрсұлтан Назарбаев Әсет Исекешевті қатты сынға алған болатын. Президенттің сынынан кейін ертеңгі күні Әсет Исекешев қаладағы жер үйлердің, салынып бітпеген құрылыстардың айналасын темір қашамен қоршап тастаған.
Ал, EXPO-2017 көрмесі аяқталуға бір апта қалғанда қаладағы Әбу-Даби кешенінде үлкен төбелес басталған болатын. Көшедегі төбелес, толған полицей көрме қонақтарына ерсі көрінетінін білген Әсет Исекешев түн ортасында төбелес болған жерге барып, ішкі істер органдарына мәселені шешуге көмектескен.
"Астана- самая вышка"
Әсет Исекешев Астанаға әкім болғандардың арасында қай жағынан да — қызметте де, әлеуметтік желіде де белсенді әкім ретінде есте қалады. Және Әсет Исекешев үшін де Астананың өзі де, әкімі ретіндегі тәжірибесі де ыстық болатыны сөзсіз. Жуырда инстаграм желісінде жасотандықтың #әкімдерчелленджіне қатысқан Исекешев Астананы бәрінен де сұлу қала деп атады.