АСТАНА, 21 сәуір — Sputnik. Талдыкөлде екі станция толықтай тапсырылып, жағымсыз иіс жойылды, деп баяндады Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Талдыкөлде екі станция толықтай тапсырылды. Күкіртті сутек иісі жойылды. Абаттандыру, көгалдандыру, қалпына келтіру жұмыстары қыркүйек айының соңына дейін аяқталады", — деп баяндады Исекешев Президенттің қатысуымен өтіп жатқан Астана қаласының дамуы және "ЭКСПО-2017" халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық жөніндегі кеңесте.
Астана әкімі қаладағы кәріздік жүйеге қатысты жағдайға да тоқталды.
"Нөсерлік кәріз жүйесі бойынша үлкен жұмыс жүргізілді. Өткен жылы үш тазарту нысаны салынды. 2017 жылы тағы үш нысанның құрылысы аяқталады. Үш магистральдық коллектор салынды. Оның ішінде суды Есілге дейін ағызатын коллектор бар. Осылайша биылғы жылы толықтай қаланың сол жағалауына судан қауіп жоқ. Келесі жылы тағы он нысан салынып, келесі кезең аяқталады. Ал бірқатар перспективалы аудандарды қамтамасыз етуді 2019 жылы бітіреміз", — деді ол.