КӨКШЕТАУ, 4 қыркүйек — Sputnik. Ақмола облысында Атбасар ауданының бұрынғы әкімі ұзақ жылға сотталды, деп хабарлады Sputnik тілшісі.
Атбасар аудандық сотына Атбасар ауданының бұрынғы басшысына қатысты ҚР ҚК 366-бабы 3-тармағы "Пара алу", 189-бабы 2-тармағы "Сеніп тапсырылған біреудің мүлкін иемдену немесе ысырап ету" бойынша қылмыстық іс түсті.
Тергеу бойынша, Атбасар ауданының бұрынғы әкімі мен орынбасары төтенше оқиғаны пайдаланып, жол жөндеу, өзен аңғарын тазарту, дамбаларды нығайту, суға кеткен үйлерді бұзуға бөлінген мемлекеттік қаражатты қымқыру схемасын ойлап тапты. Лауазымды тұлғалар мемлекеттік тапсырыс алған мердігерлерден 10 миллион теңгеден астам ақша алған.
Атбасар аудандық соты Атбасар ауданының бұрынғы әкімі мен оның орынбасарын пара алғаны және сеніп тапсырылған мүлікті ысырап қылғаны үшін айыпты деп таныды. Олар 10 және 8 жылға бас бостандықтарынан айырылып, мемлекеттік қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды, ал мердігер ұйымдардың екі өкілі – 7 жылға сотталған. Тағы екі фигурантқа пара алып-бергендері үшін ірі айыппұл салынды: "Атбасар Су" МКК бұрынғы директорына – 18 000 000 теңге, ал "Строй Ишим Инвест" ЖШС директорына — 59 981 848 теңге.
Бұдан бөлек, ұзақ жылға сотталған төрт басты фигурант пен Атбасар қаласының бұрынғы әкімі әкімдіктің шағымы бойынша материалдық шығын ретінде 70 910 847 теңге төлеуі тиіс.
Сот ҚР Президенті Әкімшілігіне қатысты жер дамбасын салуды қадағаламағаны үшін жеке қаулы шығарды. Екінші қаулы Атбасар ауданы әкімі Комбатуров шығынды өтемесе де, жасаған ісіне өкінді деп жазадан босатқаны үшін ҚР Бас прокуратурасына шығарылды.
Назарбаев шенеуніктерді қатаң сынға алды — видео
Атбасар ауданында 2017 жылдың көктемінде жер дамбасының жарылуынан 636 үйді су басып, олардың 461-і апатты жағдайда, 175-і жөндеуді қажет етеді деп танылған болатын. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 332 миллион теңгеден асты. 729 адам баспанасыз қалған. Су тасқыны салдарын жоюға бюджеттен 513 миллион теңге бөлінген еді.