АСТАНА, 22 мамыр — Sputnik. Су тасқынынан баспанасы қирап, жарамсыз болып қалған Атбасар тұрғындары жаңа пәтерге ие болады, деп хабарлады ішкі саясат басқармасының коммуникациялар қызметі.
Сәуір айында Атбасар ауданында су тасқыны салдарынан 650 нысанға зиян келді, оның ішінде 644 үй және №1 орта мектеп бар.
Жергілікті билік өкілдері жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жариялап, келтірілген зиянды есептеу үшін арнайы комиссия құрды. Сарапшылар 467 үйді апатты жағдайда деп бағалаған, олардың ішінде 36 үй қираған, ал 168 үйді жөндеуге болады.
Жергілікті билік өкілдері қайырымдылық қаражаты есебінен баспанасыз қалған тұрғындарға үй жалдау үшін 218 келісімшартқа қол қойды. Келісімшарттар бойынша үй жалдаудың жалпы сомасы 7 миллион 630 мың теңгені құрайды.
Биыл Атбасар әкімдігі он екі көппәтерлі үй құрылысын жоспарлап отыр. Оларды 2017 жылдың екінші жартысында бітіру көзделген.