АСТАНА, 23 тамыз — Sputnik. Астанада орыс сыныптарын қазақ тіліне көшіру бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылады.
Елордалық ата-аналар бастапқыда мемлекеттік тілде білім алуға қиналатын оқушыларға арнайы сыныптар ашуды ұсынды.
Бұл туралы Астана қаласының білім басқармасы басшысы Әнуар Жанғозин айтып берді.
Оның айтуынша, тәжірибелік жоба жаңа оқу жылында іске қосылады. Алғашқы мектеп ретінде №60 мектеп-лицейі таңдалды.
Исекешев жаңа оқу жылында ұстаздардың жалақысы өсетінін айтты
"Бірінші сынып оқушыларын біртіндеп қазақ тілінде оқыта бастайды. Бастапқыда қиналатын балалар бар. Мәселен, отбасында мүлдем қазақша сөйлемейді. Бастапқыда оларға қосымша тапсырмалар беріліп, бесінші сыныпқа дейін толығымен мемлекеттік тілде білім алатын болады", — деп түсіндірді Жанғозин Sputnik агенттігіне.
Пилоттық жоба қыздарға арналған "Білім-инновация" лицейінде де жүзеге асырылады. Бұл жылы қыз балалар мектепке бесінші сыныптан бастап қабылданып жатыр.
"Барлығы ата-аналардың келісімімен. "Білім-инновация" мектебінде аға буын сыныптары қазақ және ағылшын тілінде оқиды. Енді үш тілде білім беру басталады. Әр елдерде көптеген жылдар бойы қалыптасқан халықаралық тәжірибеден өткен әдістер бар", — деді ол.
Жанғозиннің сөзіне сүйенсек, жаңалық енгізілетін сыныптар биыл тамыз айының соңына дейін нақты құрылады.