АСТАНА, 27 сәуір – Sputnik. Саратов облысында Қазақстанмен шекаралас аудандарда қазақ тілі сабағы енгізіледі, деп хабарланған Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің ресми сайтында.
Саратов облыстық думасында мемлекеттік ұлттық саясат стратегиясын жүзеге асыру мәселесіне арналған дөңгелек үстел өткен. Жиында өңірлік білім министрінің орынбасары Виктория Ушаковаға "Қазақстан" мәдени орталығының жетекшісі Үмітхан Жөнелбаева өтініш айтты.
"Шекаралас аудандарда қазақ тілі факультативтік сабақтарын ұйымдастыру бойынша көмек беруіңізді сұраймыз. Қазақтар көп тұратын аудандарда, оқушылардың 30 пайызын қазақ балалары құрайтын сыныптарда ашуға мүмкіндік бар. Біз жәрдемдесуге дайынбыз. Бізге тек министрлік осындай факультатив жүргізуге рұқсат берсе болды. Бұдан бөлек, бізге облыстық дума көмектессе, біз батысқазақстандық мамандарды тартамыз", — деді Жөнелбаева.
Ушакова министрлік бұл мәселемен айналысатынын айтып, қазақ тілі сабақтары қажет елді мекендердің тізімін беруді сұрады.