АСТАНА, 12 сәуір — Sputnik. 15 сәуірден бастап "Астана-Теплотранзит" АҚ қаланың жылумен қамту жүйесіне тексеріс жүргізеді. Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін тексеріс өткізілетін күндері жылу жүйесінің контурына "Уранин-А" маркалы жасыл түске боялған су жіберіледі, деп хабарлайды Елорда инфо.
"Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін тексеріс күндері жылу желілері контурына адам организміне зияны жоқ "Уранин-А" маркалы жасыл түске боялған су жіберіледі. Ол жылу трассаларындағы жылу таратудағы ақауларды, істен шыққан су жылытқыш нысандарды анықтап, оларды қалпына келтіру үшін қажетті шараларды дер кезінде қабылдауға мүмкіндік береді", — деді "Астана-Теплотранзит" АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Сергей Голев.
Оның айтуынша, "Уранин-А" бояғышын жылумен қамтамасыз ету жүйесінде пайдалануға және ақаудың индикаторын бояуға болады. Сынама жүргізу Астана қаласының тұтынушылар құқығын қорғау департаментімен келісілді.
Бояғыш су құбыры арқылы келетін судың сапасына әсер етпейді. Алайда ол үйдегі су жылыту жүйесінде ақау барын білдіреді және техникалық су жылыту жүйесінен тұрмыстық қажеттілікке арналған ыстық суға түседі.
"Егер ыстық судың кранынан жасыл түсті су аққанын көрсеңіз, басқарушы компанияға (ПИК), қызмет көрсететін ұйым мен 109 байланыс орталығына немесе 8(7172)77-12-00, 8(7172)39-69-08, 8(7172)79-88-97, 8(7172)77-12-92 нөмірлері бойынша "Астана-Теплотранзит" АҚ-ның диспетчерлік орталығына хабарласу керек. Қызмет көрсететін ұйым мен ПИК-тер су жылыту құралын сөндіру мен жөндеуге қажетті шараларды қабылдауы керек", — деді Голев.