АСТАНА, 24 қараша — Sputnik. Алматыда жарылған жылу құбыры жоспарланғаннан кеш қалпына келтірілді. Бұл туралы Алматы ТКШ және жылу энергия кешені кәсіпорындарының өкілі Ян Гирин мәлімдеді.
Жақында Райымбек даңғылы мен Өтеген батыр көшесінің қиылысында жылу құбыры жарылып, 100-ге жуық қалалық нысан, соның ішінде екі мектеп пен екі балабақша жылусыз және ыстық сусыз қалды. Апаттың салдары жойылуда.
"Екі мектеп, бір балабақша, алты көп пәтерлі тұрғын үй мен 30 жеке тұрғын үйге жылу берілді. Қалған нысандарға жылу мен ыстық су беру процесі жалғасып жатыр. Апатты-қалпына келтіру жұмыстарын сағат үшке қарай аяқтау жоспарланып отыр», — деді Гирин.
Бұған дейін хабарланғандай, жарылған құбыр 1990 жылы пайдалануға берілген. Ол тек 25 жылға жарамды болған, ескі құбырды жаңасына ауыстыру келесі жылға жоспарланыпты. Құбырдан атқылаған ыстық судан ешкім зардап шеккен жоқ.