Экономика

Вице-министр дизель отыны неге жеткізілмей жатқанын түсіндірді

© Sputnik / Серикжан КовланбаевЖанармай құю бекеті
Жанармай құю бекеті - Sputnik Қазақстан
Жазылу
"Petroprox" ЖШС Алматы облысының операторларына ақпан-наурыз айлары үшін 3,7 мың тонна отын жеткізбеген

АСТАНА, 20 наурыз – Sputnik. Ресурс ұстаушы "Petroprox" ЖШС ай соңына дейін Алматы облысының шаруаларына дизельді отын жеткізуге уәде етті. Бұл туралы бүгін энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Жанармай бекеті - Sputnik Қазақстан
Экономика
Қазақстанда дизель отынының тапшылығы желтоқсанға дейін сақталуы мүмкін
Бүгін үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрлігі "Petroprox" ЖШС Алматы облысының шаруаларына ақпан-наурыз айлары үшін 3,7 мың тонна дизельді отын жеткізбегенін, энергетика министрлігіне бірнеше мәрте жүгінгенмен, мәселе әлі шешімін таппаған айтқан еді. 

Отырыстан кейін журналистердің сауалына жауап берген энергетика вице-министрі ресурс ұстаушының өз міндеттемелерін неге орындамай отырғанын былай түсіндірді. 

"Бірде бір ресурс ұстаушы дизельді отынды нарықта сата алатын бағадан төмен бағаға жеткізгісі келмейді. Мен баяндамамда айтып өттім: біз ресурс ұстаушылар үшін бағаны тоннасына 156 мың теңге немесе бір литріне 130 теңге деп белгіледік. Дегенмен ресурс ұстаушылар орташа есеппен алғанда отынның бір тоннасын 170 мың теңгемен сатып жатыр. Тиісінше 14 мың теңгені ешкім шығын ретінде алғысы келмейді", — деді Мырзағалиев. 

Вице-министр "Petroprox" ЖШС-мен келіссөздер жүргенін, компания осы айдың соңына дейін міндеттемелерін орындауға уәде бергенін атап өтті. 

Дизель отыны - Sputnik Қазақстан
Өңірлер
Жаңа рекорд: Оралда дизель отыны 219 теңгеден сатылуда
"Біз аталған компаниямен сөйлестік, наурыз айының соңына дейін міндеттемелерді орындаймыз деп сендіріп отыр. Сол 1800 тонна көлемді (наурыз айы бойынша) орындайды. Ал сәуірден бастап біз бұл ресурс ұстаушыны басқасына ауыстырамыз", — деді министрдің орынбасары. 

Мырзағалиев биыл республика бойынша көктемгі егіс жұмыстарына қажетті 375 мың тонна дизельді отын өзіміздің МӨЗ-ден жеткізілетінін мәлімдеді. 

"Ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қажетті 375 мың тонна – бұл тек отандық отын. Яғни өзіміздің үш мұнай өңдеу зауытынан тиеледі. Тиісті квоталар бар, ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп өңірлерге отын жеткізу кестесін әзірлеп, бекіттік. Наурыз айынан бері жұмыс жүріп жатыр, қазір отынның 50 пайызы шаруаларға жеткізілді", — деді ол. 

Вице-министр көктемгі дала жұмыстары кезінде жанар-жағармай бағасының күрт құбылуы байқалмағанын атап өтті. 

"Біз жанар-жағармай бағасын реттемейміз. Баға сұраныс пен ұсынысқа байланысты қалыптасады. Бірақ әзірге бағаның күрт құбылуын байқап отырған жоқпыз", — деді министрдің орынбасары. 

Айта кетсек, бүгін үкімет отырысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев энергетика министрлігі Алматы облысына дизельді отын жеткізу мәселесін шеше алмай отырғанын айтты. 

Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров - Sputnik Қазақстан
Депутат Қоңыров отын мәселесі туралы: бізге мұндай үкімет не үшін қажет?
"Облыстарды мұнай өңдеу зауытына бекітіп беру кестесіне қарамастан, ресурс ұстаушы "Petroprox" ЖШС тарапынан Алматы облысының операторларына ақпан-наурыз айлары үшін 3,7 мың тонна дизель отынын жеткізу мәселесін энергетика министрлігі шешкен жоқ. Аталған ресурс ұстаушы энергетика министрлігі тарапынан биыл алғаш рет бекітіп беру кестесіне енгізілді және ақпан айы үшін 1,9 мың тонна дизель отынын жеткізу міндеттемесін орындамады деуге болады. Наурыз айы бойынша 1,8 мың тонна міндеттеменің де орындалмау қаупі бар. Егер ресурс ұстаушы "Petroprox" ЖШС міндеттемелерін орындамайтын болса, энергетика министрлігінен жұмыс тәжірибесі бар адал ресурс ұстаушыларға бекітіп бере отырып, көрсетілген отын көлемін мамыр айына қайта бөлу мәселесін қарастыруды сұраймыз. Аталған мәселе Алматы облысының әкімдігімен келісілді", — деп баяндады Евниев.


Жаңалықтар
0