АСТАНА, 8 қараша — Sputnik. Елімізде дизель отынының жетіспеушілігі Павлодар мұнайхимиялық зауытын модернизациялау мерзімін кейінге қалдыруға байланысты желтоқсан ортасына дейін созылуы мүмкін, деп хабарлады зауыттың бұрынғы бас директоры Шухрат Дәнбай энергетика министрлігіндегі жиналыс кезінде.
Дәнбайдың мәліметіне сүйенсек, Еуро-4 және Еуро-5 жоғарыоктанды жанармай класын кең көлемде өндіруге мүмкіндік беретін жаңа каталитикалық крекинг қондырғысын сынақтан өткізу 10 қарашаға тағайындалған.
Алайда, тағы бір проблеманың бар екені белгілі болды – зауытта бірнеше аптадан бері дизель отынын шығаруға қажет сутегін өндіру қондырғысы істен шығып қалыпты. Оны жөндеу желтоқсанның ортасына дейін созылуы мүмкін, соның салдарынан елімізде дизель отыны тапшылығы болуы ықтимал.
"Зауытта дизель отынын өндіру көлемі қараша-желтоқсан айларында 150 мың тоннадан 25 мың тоннаға дейін төмендейді, яғни ай сайын 125 мың тоннаға кемімек. Бұл сұмдық жайт. Сіз жұмысты бүлдірдіңіз", — деді Қанат Бозымбаев Шухрат Дәнбайға.
"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының басқарма басшысы Сауат Мыңбаев хабарлағандай, ҚМГ өзіне шығын келтірсе де, ресейлік дизель отынын сатып алып, мәселені шешпек. Сонда ол нарықта қазіргідей 157-160 теңгеге сатылатын болады.