Қоғам

Тауық жылы өнерде кімдердің жұлдызы жанды?

CC0 / Pexels / Микрофон
Микрофон - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Әлем таныған Димаш, "Балалар даусының" жеңімпазы Данэлия, "Қайда" мен "Зың-зың"

АСТАНА, 31 желтоқсан – Sputnik, Нұргүл Абай. Санаулы сағаттан кейін тарих қойнауына енетін тауық жылы біршама өнер жұлдызының бағын ашып, жұлдызын жандырғаны рас. Биыл қазақ елі жаңа таланттармен танысты. Sputnik Қазақстан тілшісі ел есінде қалған жұлдыздар туралы шолу жасады.

Миллиардты бағындырған Димаш

Қазақ мәдениеті тауық жылында жас дарын Димаш Құдайбергеннің арқасында төрткүл дүниеге танылды. Небәрі 23 жастағы ақтөбелік әнші бір жарым миллиард Қытайды аузына қаратып, француздарды тәнті етіп, ел мерейін үстем етті. 

Қазақтың бағына біткен таланттың өнер жолындағы биік белесі – Қытайдың "Singer 2017" байқауы болды. Бір жылдан астам уақытқа созылған ән додада Димаш он кезеңнен тұрған іріктеу сынынан сүрінбей өтіп, жалпы есепте бірінші болып финалға өткен еді. Ақтық сында отандасымыз қытайлық жұлдыз Шаң Венжемен бірге Майкл Джексонның "The Way You Make Me Feel", "Erth song" және "Billie Jean" әндерін шырқады. Сондай-ақ, Димаш миллиардтаған тыңдарманын барабан аспабындағы өнерімен тәнті етті. 

Микрофон - Sputnik Қазақстан
Мәдениет
Димаш "Singer-2017" байқауында екінші орынға ие болды

Азияның әйгілі, мықты жұлдыздарымен бір сахнада бақ сынаған Димаш үкілеген үмітті ақтап, екінші орынды қанжығасына байлады. Қазақ баласы Алла берген талантының арқасында миллиардтаған Қытайды бағындырып қана қоймай, шет елдегі "фанаттарына" қазақ тілін үйретті. Қытайлық тыңдармандардың Димашқа деген махаббаты, ықылас-құрметі зор болғаны соншалық, олар қазақ баласының әлеуметтік желідегі әр жазбасын, тіпті Абайдың өлеңдерін өз тілдеріне аударып, танысқан еді. Тіпті жас әншіге қазақ тілінде хат жазып, сезімін білдірген қытайлық арулар болды. 

Атақты актер Джеки Чанның өзі Димашты теледидардан көріп, оны кездесуге шақырғаны есіңізде шығар. Танымал киножұлдыз отандасымызды жылы қарсы алып, эксклюзивті күртешесі мен арнайы фирмалық ән тыңдау құрылғысын сыйға тартты. Ал Димаш актерге қазақтың шапанын жауып, домбыра тарту еткен болатын.

Джеки Чан в Астане - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Джеки Чан Димашен қалай танысқанын айтып берді

Көктемнің екінші айында елорданың "Қазақстан" орталық концерт залында талайды талантымен таңдай қақтырған әншінің құрметіне "Әлем таныған Димаш" атты мерекелік кеш өтті. Әншiні 3,5 мың жанкүйері ерекше қошеметпен қарсы алды. Кеште мәдениет және спорт министрi Арыстанбек Мұхамедиұлы Димаштың ата-әжесін сахнаға шығарып, иықтарына шапан жапты. 

Ал Димаштың Астанадағы жеке үлкен концерті маусым айында "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесі аясында өтті. "Астана Арена" спорт кешенінің стадионында ине шаншар жер болмады. Жас жұлдыздың әніне құлақ құрышын қандыруға 30 мыңға жуық адам келген. Олардың арасында Қытай, Италия, Ресей, Украина, АҚШ пен Франциядан келген қонақтар да бар. Димаш қазақ, орыс, қытай, ағылшын және тағы басқа тілдерде ән шырқап, өнерсүйер қауымды әуезді әннің ырғағына тербеді. 

Алғашқы жеке концертінің жалғасы ретінде Димаш желтоқсан айында Қытайдың Чанша қаласында тағы бір концерт өткізді. Мәдени шара әншінің алғашқы әлемдік турнесі аясында ұйымдастырылған болатын. 

Димаш Құдайберген - Sputnik Қазақстан
Мәдениет
Димаштың Қытайдағы алғашқы жеке концерті қалай өтті?

Чаншадағы он мың адамдық зал Димаштың жанкүйерлеріне лық толды. Димаш бұл кеште төрт-бес тілде ән шырқады. Әншінің орындауындағы шығармаларды Қытай, Канада, Америка, Ресей, Украина музыканттарынан құралған оркестр сүйемелдеген. Қытайлық тыңдармандардың Димашқа деген махаббаты, ыстық ықыласы кеш бойы сезіліп тұрды. Залдағы көрермендер тіпті қазақ тіліндегі әндерді де Димашпен бірге қосылып шырқады. 

Биылғы жыл Димаш Құдайберген үшін өнімді, мерекелі жыл болды. Жас талант "Халықаралық деңгейдегі танымал әнші", "Азияның ең танымал әншісі", "Жылдың ең танымал әншісі" жүлделерін иеленді.

"Әлемнің болашақ жұлдызын көріп тұрмыз" 

Иә, Украинаның "Балалар дауысы" шоуында қазылар алқасының бірі 10 жасар Данэлияға қарап осылай деген еді. Тауық жылында ел абыройын асқақтатқан жарық жұлдыздардың бірі алматылық бүлдіршін Данэлия Төлешова болды. Жас талант "Голос.Дiти" шоуының финалында "Океан Эльзы" тобының "Не твоя вина" әнін орындап, жеңіске жетті. Қазақстандық бүлдіршінге риза болған қазылар алқасы орындарынан тұрып, қошемет көрсетті. 

Данэлия Төлешова - Sputnik Қазақстан
Мәдениет
Данэлия Төлешованың көптен күткен бейнебаяны шықты

"Голос. Діти" шоуындағы жеңісінен кейін Данэлияны "Балалар Еуровидениесіне" кастингке шақырған. Халықаралық байқау 2018 жылы Минскіде өтеді. Ал ұлттық кастинг келесі жылдың бірінші жартыжылдығында өтпек. 

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Данэлия Төлешовамен кездесіп, жас әншіні жеңісімен құттықтады. Ал таяуда Данэлияның көптен күткен "Другие" атты бейнебаяны жарыққа шықты.

Әншінің бағын жандырған хит 

Биыл жұлдызы жанған әншілер қатарын Қуандық Рахыммен толықтыруға болады. Жас әнші көпшілікке "Болайық бірге" әнімен танылған еді. Қуандық Рахым мен Альбина Шардарованың "Болайық бірге" әніне түсірілген бейнебаян әлеуметтік желіде тез тарап, жұрттың ыстық ықыласына бөленді. Жаз ортасында эстрада жұлдызының орындауында "Өлмейтіндер" әні жарыққа шықты. Әнді көпшілік жылы қабылдады. Тіпті танымал ақын Қалқаман Сарин де жаңа әнге қатысты өз пікірін білдірген болатын. 

"Өлді деуге сия ма ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған" деген хакім Абайдың сөзін еріксіз ойға оралтқан Қуандық Рахымның "Өлмейтіндер" əні – өлшеулі ғана өмірде өлшеусіз мұра қалдырған талай ақиық, нарқасқаларды тірілткендей күй кештіретін əн. Қазақтың бетке ұстар ақын, әнші-композиторларын, өнер иелерін дəріптеген əнде, алыптарға деген алапат сағыныш бар. Қазіргі жастардың əнге, анығында, сөзге деген талғамы төмен. Осы бір олқылықтың орнын толтырып, ән өнеріне олжа салған "үштік одақ" — ақын — сазгер — әншінің үндескен, сәтті шыққан туындысы дер едім",-деп жазды Сарин әлеуметтік желідегі парақшасында. 

Ерке Есмаханның рекорды

Тауық жылы қазақ эстрадасының ерке қызы Ерке Есмахан үшін "рекордты" жыл болды. Әншінің "Қайда?" бейнебаяны Youtube-тегі Gakku каналында қаралу саны бойынша рекордтық көрсеткішке жетті. Маусым айында жарыққа шыққан бейнеклип қазір 47 миллионнан астам рет қаралған. 

Американдық Эбби Гилберт Еркенің әнін орындады - Sputnik Қазақстан
Видео
Америкалық Эбби Гилберт әнші Ерке Есмаханның әнін орындады

Мұндай көрсеткіш бұрын-соңды эстрада жұлдыздарының ешқайсысында болған емес. Еркенің бейнебаяны танымалдылық жағынан белгілі шетелдік орындаушылардың клипін басып озды. "Қайда" әні қазақстандықтардың көңілінен шыққаны жасырын емес, желіде бұл әнге түсірілген көптеген видео тарады. 

Өзі орнатқан рекордты өзі жаңартқысы келді ме, кім білсін, көп ұзамай Ерке "Қайданың" жалғасын түсірді. Жаңа бейнебаян  "KZ жігіт" деп аталады. Бейнебаян бүгінде 8 миллион рет қаралған. 

Зың-зың "вирусы"

Биыл аз уақыт ішінде хитке айналып үлгерген "Зың-зың" әнінің авторы марқұм Болат Нұрымов енді-енді халыққа танылып келе жатқан еді. Әттең, жас композитор ауруы асқынып, өмірден ерте озды. 

Болат Нұрымов 1989 жылы Өзбекстандағы Жизақ облысында дүниеге келген. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде режиссер мамандығы бойынша оқыған. Жас әншінің артында әйелі мен бір баласы қалды.

"Зың-зың" әнінің дүниеге келуін марқұм композитор былай деп еске алған болатын: 

"Мен студияда әнді көркемдеумен айналысамын. Бір әнмен жұмыс істей беруден кейде шаршаймын. Сол кезде көңілді көтеру үшін түрлі қызықты әуендер жазып қоямын. Біраз уақыт өткенде жеңіл-желпі дайындалған әндерден ұялып, қайтадан жойып жіберемін. Бұл композиция да сондай еді. Осы әнді де жойған сияқты едім, бірақ интернетке қалай шығып кеткенін білмеймін". 

Қазнетте танымал болған "Зың-зың" әніне түрлі роликтер, жарнамалар түсірілді. 

 

 

 

Жаңалықтар
0