Мәдениет

Димаштың Қытайдағы алғашқы жеке концерті қалай өтті?

© Photo : Instagram Christy ChanДимаш Құдайберген
Димаш Құдайберген - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Он мың адамдық зал тыңдармандарға лық толды

АСТАНА, 18 желтоқсан — Sputnik. Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген кеше Қытайдың Чанша қаласында әлемдік турне аясындағы алғашқы концертін өткізді. Он мың адамдық концерт залында ине шаншар жер болмады. Миллиардтаған қытайды өнерімен баураған қазақ баласы бұл жолы да тыңдармандардың құлақ құрышын қандырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан

Чанша қаласындағы он мың адамдық зал Димаштың жанкүйерлерімен лық толған. Димаш бұл кеште төрт-бес тілде ән шырқады. Әншінің орындауындағы шығармаларды Қытай, Канада, Америка, Ресей, Украина музыканттарынан құралған оркестр сүйемелдеген.

"16 желтоқсанда ҚХР-дың Шаңша қаласында Димаштың жеке концерті болып өтті. Он мың адамдық  зал лық толып, көрермендер көтеріңкі көңіл күймен концертке үлкен  серпін берді. Бұл кеште қазақ, ханзу, франсуз, ағылшын тілдеріндегі əндер шырқалды. Димаштың орындауындағы шығармаларды Қытай, Канада, Америка, Ресей, Украиналық музыканттардан құралған оркестр сүйемелдеп, бишілер билерімен өрнектеді", — деп жазды инстаграмдағы парақшасында  Димаштың әкесі Қанат Айтбаев. 

Кеш шымылдығы Қанат Айтбаевтың сөзіне жазылған "Сəлем" əнімен ашылған. Сондай-ақ, концертте Ұлықпан Жолдасовтың Асқар Дүйсенбінің сөзіне жазылған "Жұлдызым" əні, Айгүл Бажанованың "Махаббат бер маған" əнінің ханзу тіліндегі нұсқасы, Орал Байсеңгірдің сөзіне жазылған Димаштың " Ұмытылмас күн" əндері орындалды. 

Қытайлық тыңдармандардың Димашқа деген махаббаты, ыстық ықыласы кеш бойы сезіліп тұрды. Залдағы көрермендер тіпті қазақ тіліндегі әндерді де Димашпен бірге қосылып шырқады. 

"Бейжің қаласынан келген шығармашылық топ замануи сахналық безендірудің, режиссерлік оңтайлы шешімдердің шеберлігін көрсете білді. Қытай еліндегі қазақ фольклорлық триосы қытай халықтық триосымен бірлесе шығарма орындап концертке көрік берді – достық əуендерін төгілтті. Димаш өзін рояльмен сүйемелдей отырып Естайдың "Хорланын" орындады. Интернационалдық оркестрмен бірге Нұрғисаның "Əлқиссасын", Құрманғазының "Адайын" домбырамен тартты. Димаштың жақында жазылған "Əлемде соғыс болмасын" атты төл туындысы қытай тілінде орындалып, халықты тебірентті. Кеш бойы көрермендердің қошеметі, ықыласы ерекше болды", — деп жазды Қанат Айтбаев.

Концертте кроссовер, этно, классика, поп бағытындағы жалпы саны 31 шығарма орындалған. Кеш шымылдығы Саят Əбеновтің сөзіне жазылған Димаштың " Тəтті елес" əнімен жабылды. 

Жас әнші Димаштың өзі де инстаграмдағы парақшасында концерттен үзінді жүктеп, қолдау көрсеткен барша жанкүйеріне, тыңдармандарына алғыс айтты.

"Лық толы стадион – рахмет, Чаңша! Dears, сіздерге сөзім жоқ, керемет қолдау көрсеттіңіздер! Кезек Фуджоу қаласында! Əлемнің түкпір-түкпірінен жиналған, ең мықты музыканттардан құралған командама рахмет айтамын! Олармен сəл кейінірек таныстырамын", — деп жазған Димаш.

 

Жаңалықтар
0