АСТАНА, 15 сәуір — Sputnik. Димаш Құдайберген Қытай еліндегі "I am a singer" байқауында екінші орынға ие болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бірінші орынды гонконгтық әнші Sandy Lam жеңіп алды.
Димаш Құдайберген "I am a singer" ән додасы финалының екінші кезеңінде белгілі қытайлық әнші Лаурэ Шангпен бірге өнер көрсетті. Әншілер Майкл Джексонның репертуарынан попурри орындап, көрерменнің қошеметіне бөленді.
Айта кетсек, Димашқа қолдау көрсету үшін Қытайға әншінің анасы, сондай-ақ Димаш оқып жатқан білім ордасының ректоры Айман Мұсаходжаева аттанған болатын. Олар залдағы көрермендермен бірге Димаштың әнін тамашалады.
Қазақ әншісі Димаш Құдайберген "Singer-2017" байқауы барысында Қытайда аса танымал болды. Ол жақында "17th Top China Music Awards" шарасында "Халықаралық деңгейдегі танымал әнші" жүлдесіне ие болды. Ал бұған дейін Димаш Азиядағы ең беделді China Top music Awards сыйлығының "Азияның ең танымал әншісі" номинациясында жеңіске жеткен болатын.