АСТАНА, 28 желтоқсан — Sputnik. Әнші Төреғали Төрәлінің даулы концертінде болған 70 жастағы Павлодар қаласының тұрғыны Әсетолла Медеуов оқиғаның қалай болғанын айтып берді, деп хабарлады Pavlodarnews.kz. Қария Жаңа жыл қарсаңында қазақстандықтарды әншіні кешіруге шақырды. Әсетолла Медеуовтың айтуынша, 21 желтоқсан күні жұбайы екеуінің отау құрғанына 49 жыл толған. Осыған орай, ақсақал концертке барған.
– Балконда отырып дауыс көтерген қызылордалық көрерменнің қылығы дұрыс болмады. Ал жас әнші ашуға бой алдырды. Ол албырт, жүректі жігіт. Енді қанаттанып келе жатқан талант. Елімді көркейтемін деп жүрген азаматты басып тастау қателік деп есептеймін. Кешірімді болу керек. Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ. Үлкен қариялар оған осы күнге дейін талай батасын берді. "Өркенің өссін" деп тілегін айтты, – дейді70-тегі қария.
– Менің анам жол апатына ұшырап, 12 адамның арасында жалғыз көз жұмды. Жүргізуші болған жиен ағамды соттауға болатын еді. Бірақ, қазақта "Кешірімді болу", "Күншіл болма" деген сөз бар. Оның қасында Төреғалиды кешіруге болады ғой. Ашумен айтылғаны белгілі. Жас баланың жастығы. Сол концертте мүгедек бала фотоға түсуге келді. Төреғали суретке түсті, ол жамандық ойлағаны ма? Қолындағы сәбиі бар бала да суретке түсуге келді. Әнші бас тартпады. Қолтаңбасын да берді, жамандық ойлағаны ма? Адамның жүрегі ашық болу керек. Ал, балкондағы көрерменнің айғай көтеруі орынсыз болды, – деп түсіндірді ол.
Әсетолла қарияның ойынша, "Ұлы дала баласы" Павлодарға концертпен келіп, халықтан кешірім сұрау керек.
Ол өзімен бірге редакцияға болған оқиғаға қатысты жазған хатын ала келген.
Еске салайық, 21 желтоқсан күні Төреғали Төреәлі Павлодар қаласында Естай атындағы мәдениет сарайында "Айхай-25" атты ән кешін өткізген болатын. Концерт кезінде көрермендердің бірі өзін Қызылордадан келгенін айтып, әншіден суретке түсе бермей, ән айтуы керектігін ұрысып айтқан. Сахнада тұрған Төреғалидің жауабы қалың жұртшылыққа ұнамаған болатын. Келесі күні әнші Іnstagram-да тікелей эфирге шығып, халықтан кешірім сұрады.