Қоғам

"Ағайын, кешіріңдерші". Төреғали Төреәлі қарияны концертінен неге қуып шыққанын түсіндірді

Жазылу
Басы дауға қалған Төреғали Төреәлі халықтан кешірім сұрады

АСТАНА, 23 желтоқсан — Sputnik. Дөрекі сөйлеп, халықтың сынына ұшыраған әнші Төреғали Төреәлі өз ерсі қылығын түсіндіріп, халықтан кешірім сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Асыға күтіп отырған шығарсыздар.  Мен де жанымды қоярға жер таппай кеттім. Тікелей эфирге шығуға тура келді", — деп бастады сөзін әлеуметтік желіде тікелей эфирге шыққан әнші. 

Төреәлі әрі қарай Павлодардағы концертте болған жағдайды түсіндірді. 

"Анда-мында іс-сапарда жүргесін, пендеміз ғой, мүмкін жүйке сыр берген шығар. Ашуға бой алдырып қойғаным рас. Өйткені шынымен қытығыма тиетін сөздерді көп айтты. Біреулердің жаны ашып, жаны қалмай жақтасып, кейбіреулердің жаны кіріп, жамандап жатқанын көріп өзім жауап берейін дедім. Ол жерде болған менен басқа адамдар қанша айтқанмен, ешкім сенбей жатқан сияқты, құлақ аспай жатқан секілді", — деді ол. 

Төреғали Төреәлі - Sputnik Қазақстан
Мәдениет
Отандық радио Төреғали Төреәлінің әндерін эфирден алып тастады

"Ауырып шыққаным рас. Солтүстіктің аязын жақсы білесіздер. Павлодардағы кешті жасамай-ақ қоюға да болушы еді, бірақ кішкентай жүгіріп жүрген бүлдіршіндерді көріп, қандай жағдайда болсам да, бір ән болса да айтып шығуға бел будым. Менің кешім болғаннан кейін, мен айтыскер ақын болғаннан кейін көп адам менен сөз, әңгіме күтеді. Бір әнді орындар алдында міндетті түрде авторын, қалай шыққан оқиғасын білгенімше айтуым керек. Соны көп кісілер көп сөйлейді дейді, айыптайды. Халық өзі таразылап алады ғой, әркім әр түрлі талап қояды. Десе де кішкентай бүлдіршіндер суретке түсуге шығады. Суретке түскісі келетін адамдар көп, олардың бетін қайтарып, көңілін қалдырғым келмейді. Сол кезде балконда отырған үлкен ағаның "Ей, Төреғали" деген даусы естілді. Мен жалт қарап едім, "Тоқтат суретке түсуді" деді. Мен үндеген жоқпын. Залдан көп адамдар сөйлей береді. Бір концерттерде үлкен кісілер "Ей, Ерке қайда?" деп айқайлап, шулайтын кездер болады. Сосын оған қатты мән бермей, құлақ аспадым.

Гүл беріп, тағы суретке түсіп жатыр едік,  "Концертің не болып кетті" деп тағы да айқайлады, оған да үндеген жоқпын. "Үрген иттің бәріне жауап бере берсем, аузымда не қадір қалады" дедім. Үшінші рет тағы сөйледі. Павлодардағы бүкіл зал, халық тыңдап отыр. "Әй, Төреғали, сен Қызылорданы позор қылып жүрген адамсың, білесің бе?" деп айқайлады. Бұл сөз менің намысыма тиіп кетті. Менде де намыс бар, ағайын. Мен де басымнан сөз асырғанды жақсы көрмеймін. Сосын "Әй, көке, Қызылорданың намысын сіз бе, мен бе жыртып жүрген?" дедім. "Мен Қызылордадан, сен Қызылорданы позор қылып жүрсің" деп аузына келгенін айтып, боқтап-боқтап кетті. Кеткен жоқ, мен кет дедім. Неге десеңіз, сондай жақсы болып жатқан концерттің шырқын бұзды", — деп жалғастырды сөзін Төреғали. 

"Сіздер ол кісінің айқайлағанын көрген жоқсыздар, өйткені мені қаралау мақсатында шыққан видео болғаннан кейін ол адам өз мақсатына жетті. Болмаса, өзімнің кешімде тұрып алып, келген қонақтарға "Кет" деп айтатын ондай тәрбиесіз адам емеспін, ағайын. Содан халықтан "Ағайын, не істейміз, бұндай адам кетсін бе, кетпесін бе?" деп сұрадым. Халық кетсін деді. Менікі дұрыс емес болса, Павлодардағы халықтың бәрі ақымақ емес қой, ағайын. Болмаса мені сахнадан қуып жібермей ме? Әркім әр түрлі жазып жатыр. Павлодардағы радиодан әндерді алып тастады дейді. Оған қуанып, қосылып, шапалақтап жатқан жандар да бар екен. Менің қолымда қатты күш, билік жоқ. Мен бірақ еліме аямай қызмет етемін. Мен шаршамаймын, бұндай сынақтардың бірнешеуінен өттім. Әдейі жасалған кездер де болды", — деді әнші. 

Микрофон в руке - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Төреғали Төреәлі елді шулатқан видеоға қатысты жауап берді

Ол концерттегі үлкен кісіні кешірім сұрау үшін іздегенін, бірақ таба алмағанын айтты. 

"Кішкене қаным қызба, тез ашуға бой алдыратыным рас, мойындаймын, бірақ ешкімге өздігімнен барып, шүйлікпеймін. Мен сіздерден үлкен емеспін, мен халықтың батасын алып, өркендесем-өссем, бір жетістікке, дәрежеге жеткен болсам, өз қабілетімнен емес, ол менің талантымнан деп айтпаймын. Ол әуелі Алла, екінші сіздердің қолдауларыңызбен. Ең бірінші өтірік деп салған себебім, ол видео толық болмағаннан кейін сіздерге өтірік болып жетті. Егер ол шал, үлкен кісіні шал деймін-ау, шал да қалған жоқ қазір қазақта, шауқан болды ғой бәрі. Аталы ақсақалдар да азайды ғой, бұрын ауылыңа алты жасар бала келсе, алпыстағы шал келіп, қолынан алады деуші ме еді. Қазіргі үлкен кісілерді ондай жоқ. Тек төстен алып, бетке шабу болды ғой. Өтірік деп жазғаным сол еді. Уақыт келеді ғой, түсіндірем бе десем, ушығып бара жатыр", — деді әнші.

"Жүректеріңіздің кеңдігіне, пейілдеріңізге, патша көңілдеріңізге салып ағайын, қате кеткен, ағаттық жасаған жерім болса, Алланың атымен сіздерде кешірім сұраймын. Менің жаныма қатты батып жатыр. Бірақ бас жарылған жоқ, қол сынған жоқ, ешкімді қорлап-зорлаған жоқпыз. Тек әдеттегідей басымнан сөз асыра алмадым болды, балалығым шығар мүмкін, 25 жасқа толғандағы қалып қойған кішкентай шалалығым шығар. Жаным, ағайын, кешіріңіздерші. Үлкен кісіге олай деп сөйлегім келген жоқ. Он үште болса баланың даналығы болады, алпыста болса да шалдың шалалығы болады ғой. Сондықтан ол кісіні көрсем, міндетті түрде кешірім сұрар едім. Ол кісі де сұрайтын шығар деп ойлаймын. Қолдауларыңызға рақмет! Сіздер жазықсыз жазғырмаңыздар. Мен-ақ кінәлі болайын, мен көтеремін. Мен Ұлы даланың ұлымын ағайын! Сыйластықта болайық, аман болыңыздар, сіздерді жақсы көремін!", — деді әнші. 


Жаңалықтар
0