АСТАНА, 27 желтоқсан — Sputnik. Қазнеттің танымал блогерлері Instagram жұлдызы Айжан Байзақованың қамауға алынуына қатысты пікір білдірді.
Танымал блогер Ержан Рашевтің пікірінше, Қазақстанда "ұят мәселесі қызғыштай қорылады".
"Ешкім жартылай жалаңаш суретін жарияламасын, үлкендерге дауыс көтермесін, жұрттың көзінше шешінбесін, әсіресе, қызтекелікті насихаттамасын. Егер ұяттан аттап кеткен біреу болса – оны даттап, тіпті қарсы күресе бастайды ғой. Тепсе темір үзетін жігіттер видеоүндеу жазып, қарсылық петициясына қол қояды және президентке хат жазады. Оған айтар дауым жоқ, бұл да дұрыс шығар, менталитетіміз сол болса, қайтеміз енді", — деп жазды Рашев Facebook желісінде.
Сонымен қатар, ол "ұят" деген ұғымның неліктен жалаңаштану әрекетімен байланысты екеніне таңғалды.
"Неге кедейлікке қатысты ұят демейміз? Немесе жаман жолдар туралы? Экологияға қатысты ше? Мәселен, шалғайдағы бір ауылда кедей отбасы тұрып жатыр делік. Айына 30 мың теңге жалақыға күн көреді. Кенеттен үйлеріне бір топ жігіт пен депутаттар бір қап ақша алып кіріп, оларға айғай салса: Не деген адамдар! Не істеп жүрсіңдер? Бұлай өмір сүру ұят емес пе! Мә, ақшаны алыңдар, баспана алыңдар, жағдайларыңды түзеңдер! Елді масқаралағандарыңды қойыңдар!", — дейді ол.
"Немесе былғары күрте киген зіңгіттей жігіттер Алматы әкімінің кабинетіне басып кіріп: Бәке, қалада мұндай лас ауамен демалу ұят емес пе?! Жұрт не дейді, а? Бұл сұмдықты доғарыңыз. Қолдау көрсетеміз, видеоүндеу жасаймыз, жағдайды тез арада реттеңіз! Адамдардың түшкіріп, ауырып жүргені жарамас. Олай болмайды! Ұят! Күнә!", — деп қысым көрсетсе…", — деп жалғастырады блогер.
Бірақ Қазақстанда мұндай "ұятмендер" жоқ, дейді Рашев.
Yuframe вайнерлер командасының мүшесі Артур Асқарұлы "әріптесін" жақтап, пікір білдірді.
"Достар, Интернеттегі образды шынайы өмірден ажырата білуіміз керек, қыздардың өз еркімен шығып, шешінгені үшін үш күнге қамауға алғаны несі? Сахнада тұрып оларға шешінбеңдер деген жоқ па? Оғаш әрекеті, ашық-шашық суреттері үшін жазасын алды деудің де реті жоқ. Ол өмірде мүлдем басқадай жан. Кім көргісі келсе, сол қарайды. Құрбыма қолдау көрсетіңіздер, айыппұл салса да жеткілікті еді деп ойлаймын", — деп жазды Асқарұлы Instagram парақшасында.
Байзақоваға Yuframe-нің тағы бір қатысушысы Карина Өксікпаева да қолдау білдірді.
"Біздің жұрт болмысы өзге жандарды басып тастауға дайын тұрады. Бұл оқиға туралы ештеңе айтқым келмейді, әйтеуір, Айжан өзімен бірге екенімізді білсе болды", — деп жазды ол.
Визажист Владимир Атамас та қыздың қамауға алынуына наразылығын жасырмады.
"Достар, бұл не сұмдық??? Айжан Байзақованың кінәсі жоқ! Ол қыздарды шешінуге МӘЖБҮРЛЕГЕН ЖОҚ, олар өз еркімен жалаңаштанды! БАЙЗАҚОВА КІНӘЛІ ЕМЕС!!!", — дейді ол.
Естеріңізге сала кетсек, Байзақова түнгі клубта қыздар арасында тыр жалаңаш шешінуден сайыс өткізіп, қоғамдық тәртіпті бұзғаны және өзге тұлғалардың мазасын алғаны үшін қамауға алынған. Сайыс шарты бойынша тыр жалаңаш шешінген қызға 50 мың теңге сыйақы бермек болыпты.
Әлеуметтік желіде пайда болған видеода жалаңаш қыз бір қырынан көрінеді, ал жүргізуші конкурс шартын түсіндіріп, өзгелерді қатысуға шақырып жатыр. Келесі күні "Нұр-Мұқасан" дуэтінің әншісі Мұқасан Шахзадаевтың парақшасында оннан астам жігіттің қыздардың тәртібін сынға алғаны түсірілген видео пайда болды.