АСТАНА, 26 желтоқсан – Sputnik. Instagram жұлдызы Айжан Байзақова ұсақ бұзақылық жасағаны үшін үш күнге қамауға алынды, деп хабарлады Алматы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Айжан Байзақоваға қатысты ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы, 1-тармағы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
"Қоғамдық орында тәртіп сақтамай, этикалық норманы бұзатын шара өткізгені үшін айыпталды", — деді Алматы ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Оның сөзіне сүйенсек, істің деректері Алматы бойынша мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жіберіліпті. Сот шешімі бойынша тәртіп бұзушы үш тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
"2017 жылдың 17 желтоқсанында А.С. Байзақова түнгі клубта қыздар арасында тыр жалаңаш шешінуден сайыс өткізіп, қоғамдық тәртіпті бұзған және өзге тұлғалардың мазасын алған", — делінген сот қаулысында.
Сайыс шарты бойынша тыр жалаңаш шешінген қызға 50 мың теңге сыйақы беретін болған. Әлеуметтік желіде пайда болған видеода жалаңаш қыз бір қырынан көрінеді, ал жүргізуші конкурс шартын түсіндіріп, өзгелерді қатысуға шақырып жатыр.
Келесі күні "Нұр-Мұқасан" дуэтінің әншісі Мұқасан Шахзадаевтың парақшасында оннан астам жігіттің қыздардың тәртібін сынға алғаны түсірілген видео пайда болды.