АСТАНА, 24 желтоқсан — Sputnik. Air Astana әуе компаниясын қазақ халқынан кешірім сұрауға және бортсеріктерді қазақ тілін үйренуге міндеттеген сот шешіміне ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитеті төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Тоты Әмірова түсініктеме берді.
"Әуе кемесінің бортсерігі қазақ тілін білуі тиіс деген бапты заңға енгізген кезде оның ешқандай саяси астары болған жоқ, ол ұшу қауіпсіздігін сақтау мақсатында ғана жасалды, өйткені шетелден көшіп келген қазақтардың барлығы бірдей орыс немесе ағылшын тілін білмейді", — деді Әмірова Facebook-те жариялаған жазбасында.
Ол бортсерік ең алдымен жолаушылар өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс екенін атап өтті. Әмірова ірі халықаралық әуе компанияларының бортсеріктерінен әрқашан "бас кеңсенің"тілін талап етпейтін әлемдік тәжірибені мысалға келтірді.
Комитет төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы ұшу қауіпсіздігі мәселесінен саяси астар іздеу дұрыс емес пікірде, өйткені халықаралық рейстердің бортсеріктері тілді ең алдымен ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ететіндей деңгейде білуі тиіс, олардан заң терминдерін білуді талап ету қисынсыз.
"Эйр Астана" жолаушысы жариялаған видеоролик әлеуметтік желілерде үлкен резонанс туғызды. Қорланған жолаушы компанияны сотқа беріп, жеңіп шықты. Алматы қаласы Түркісіб ауданының соты Оғыз Доғанның талабына сәйкес, Air Astana әуекомпаниясын өз клиенттеріне мемлекеттік тілде қызмет көрсетпегені үшін қазақ халқынан кешірім сұрауға және бортсеріктерді қазақ тілін үйренуге міндеттеді.
Сонымен қатар, әуе компаниясы Оғыз Доғанға 1 (бір) теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуі тиіс.