АСТАНА, 1 желтоқсан — Sputnik. Бүгін Қазақстан халқы Тұңғыш Президент күні мерекесін атап өтеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
2011 жылдың 10 желтоқсанында парламент сенаты депутаттарының бастамасымен "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" заңға толықтыру енгізу туралы» ҚР заңы қабылданды. Осы заңды қабылдау арқылы Қазақстанның тұңғыш президентінің елге сіңірген зор еңбегі танылған еді.
Тарихқа үңілсек, 1991 жылы 1 желтоқсанда еліміз алғаш рет бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде өзінің тұңғыш президентін сайлады. Сайлауға қатысқан азаматтардың 98,7 пайызы жақтап дауыс беріп, ел тізгінін Нұрсұлтан Назарбаевқа тапсырды. Содан бергі 26 жылда тұңғыш президенттің көшбасшылығымен қазақ елі даңғыл даму жолынан өтті.
Тұңғыш Президент күні елімізде кеңінен аталып өтеді. Ал мереке қарсаңындағы айтулы оқиғалар арқылы Елбасының ерен еңбегі айшықтала түсетіні анық. Айталық, кеше Алматы қаласындағы басты көшелердің бірі — Фурмановқа Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді.
Қазақстандықтар тұңғыш президентін сайлаған күн мемлекеттік мереке болып бекітілген. Сондықтан бұл күні күллі халық демалады.