АСТАНА, 6 қараша — Sputnik. Алматылық бұрынғы полицей қыз зорлады деген күдікке ілінді, деп хабарлады Facebook-те зардап шегушінің адвокаты Айман Омарова.
"Алматы қаласы Түркісіб ауданының жол полициясы қызметкері ішімдік ішіп алып, менің қорғауымдағы қызды бірнеше рет айуандықпен зорлаған. Мұның бәрі Алматы облысында болған (алдын ала болжам бойынша Еңбекшіқазақ немесе Талғар ауданында). Екі рет зорлап, тұншықтырып, ұрып-соққан. Зардап шегуші әрең құтылып шығып, үйіне келген соң Алматы қаласы Әуезов ауданының ІІБ полиция бөліміне шағымданған", — деп жазды Омарова.
Ол полицей қылмыс жасаған уақытта құқық қорғау органдарында қызметте болуы мүмкіндігін алға тартып, "экс" деген сөзді қолданбаған. Адвокат басқа посттарының бірінде ер адамды "артқы күнмен" жұмыстан босатуы мүмкін деген күдік келтіреді.
Айман Омароваға Facebook-те бас прокурордың аға көмекшісі Думан Қожахметов жауап берді. Оның сөзіне қарағанда, тергеу барысын Алматы қаласы прокуратурасының басшылығы бақылауға алған.
Қожахметов зардап шегушінің арызы бойынша іс ҚР ҚК 121-бабының 1- бөлімі (Нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану) бойынша тіркеліп, күдікті анықталғанын хабарлады. Сондай-ақ ол қыз бен күдіктіден жауап алынып, екеуі беттестірілгенін, қажетті сараптамалар тағайындалғанын айтты.
Қолда бар ақпарат бойынша, ер адам қылмысты құқық қорғау органдарынан жұмыстан кеткен күннің ертесіне жасаған болуы мүмкін.
Қазіргі таңда күдікті уақытша ұстау абақтысында отыр.