АСТАНА, 4 қазан — Sputnik. Кейбір сарапшылар Алматы түбіндегі әуе апатының себебі қозғалтқыштан ақау шығуы мүмкін деген болжам жасап отыр. Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында сенімді дереккөз, әуе саласында басшылық лауазым атқаратын қызметкер бұл мәселе техникалық қызмет көрсету сапасының төмендігінен туындауы мүмкін екенін айтты.
"Ондай техникада ұшуға болмайтынын біз талай рет айттық", — дейді сұхбат беруші.
Оның айтуынша, жалпы алғанда АН-28 жақсы ұшақ, бірақ уақытты ескермеуге болмайды.
"Ұшақ жақсы, бірақ қазіргі уақытта ешқандай техникалық қызмет көрсетілмейді. Ондай қозғалтқыштарды шығарған зауыт он жылдан бері жұмыс істемейді. Мендегі ақпарат бойынша, бір жылдай бұрын бұл ұшақтардың бірінің қозғалтқышы жанған. Бір жерін жөндеп, қайта ұша бастады. Ұшақ, әрине, өте ескі. Ондай ұшақпен ұшуға, әрі жолаушыларды тасымалдауға болмайды", — дейді сарапшы.
Айтуынша, ескі ұшақтарды оны шығарған зауыттың техникалық көмегінсіз жөндеудің сапасы көңіл көншітпейді.
"Мүмкін ескі ұшақтардың бөлшектерін алып, екіншісіне салып, жөндегендей болады. Осындай ұшақтарға ұшуға, адамдарды тасымалдауға қалай рұқсат береді?! Дәрігерлер мұндай ұшақтармен ұшу науқастар үшін де, өздері үшін де қауіпті екенін талай рет айтты. Бірақ оларға "бұл сіздердің жұмыстарыңыз емес, ұшпасаңдар, жұмыстан кетесіздер" деп айтты", — дейді сарапшы.
Сұхбат беруші АН-28 ұшағының жаңғыртылған түрі әлі күнге дейін шығарылатынын атап өтті, бірақ ол техникалық жағынан алғашқысынан мүлдем өзгеше.
"Негізі АН-28 ұшағын поляктар шығарды. Украина жасап шығарғанымен, өндірісті Польшаға берді. Қозғалтқыш шығаратын зауыт жұмысын тоқтатқаннан соң жаңғыртылған қозғалтқыш шығарыла бастады. Олар қозғалтқышты жетілдіруге дайын. Бізге ұшақ қозғалтқыштарын жаңғыртуға беруге болар еді", — деген пікірімен бөлісті сарапшы.
Айтуынша, бізде батыстың әуе техникасына келгенде "бәрі жақсы".
"Ал кеңес кезінен қалған кейбір ескі ұшақтарға қатысты жағдай мүшкіл. Енді тиісті органдар мұндай техникаға қалай рұқсат берілетінін анықтасын", — деп түйді сөзін ол.
Еске сала кетейік, 3 қазанда Алматыдан 28 шақырым жерде санавиация ұшағы құлап, бес адам қаза тапты. Олар босанған әйелге көмек көрсетуге Шымкентке ұшып бара жатқан. Ұшақтың ішінде командир, екінші ұшқыш, техник және екі дәрігер болды.