АСТАНА, 19 қыркүйек — Sputnik. Шетелдік мамандардың Қазақстанда жұмыс істеуіне рұқсаттың үш түрін беру ұсынылып отыр, деп хабарлады бүгін үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.
"Көші қон саясатын дамытудың алдағы стратегиясын айқындау кезінде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ОЭСР) елдерінің тәжірибесі пайдаланылды. Бұл елдерде ұзақ мерзімді көші-қон іске асырылады. Бұл экономиканың инновациялық секторына жоғары білікті мамандарды тартуға мүмкіндік береді. Уақытша және ұзақ мерзімді көші-қонды біздің шарттармен үйлестіру нәтижелі болады деген ойдамыз", — деді Дүйсенова үкіметте көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасының жобасын таныстыра отырып.
Оның айтуынша, осы мақсатта шетелдік мамандардың жұмыс істеуіне рұқсаттың үш түрін пайдалану ұсынылып отыр.
"Бірінші, біліктілігі төмен жұмысшылардың уақытша жұмыс істеуіне бір жылға дейін ғана рұқсат беріледі, бұл олардың ағынын шектейтін болады. Рұқсаттың бұл түрі жеке тұлғалар жалдайтын маусымдық шетелдік жұмысшылар мен еңбек мигранттарына беріледі. Олардың жасы 18-ден кем болмауы тиіс және алым төлемі сақталады", — деп атап өтті министр.
Рұқсаттың екінші түрі жоғары білікті шетелдік мамандарға еліміз үшін маңызды жобаларға қатысуға 3 жылға дейін беріледі. Яғни, рұқсат жобаның мазмұнына байланысты бірден 3 жылға берілуі мүмкін. Ал қазір ол бір жылға қарастырылып, кейін ұзартылып отырады.
Ал үшінші рұқсат түрі ұзақ мерзімді жобаларды жүзеге асыруға атсалысатын білікті шетелдік мамандарға арналған.
"Бұл биылғы жылы енгізілген анықтамалар жүйесі, тұжырымдама аясында бұл анықтамалардың жарамдылық мерзімін 3 айдан 3 жылға дейін ұзарту ұсынылып отыр. Яғни, қызметкердің білімі мен біліктілігінің бекітілген талаптарға жауап беретіні жөніндегі анықтаманың 3 жылға дейін күші болады. Ол үш жыл ішінде Қазақстанда жұмысқа тұра алады", — дейді Дүйсенова.
"Осы іс-шаралар жалпыұлттық біліктілікті көтеру бағдарламасымен бірге іске асырылатын болады. Бұл алдағы уақытта шетелдік мамандарды өзіміздің кадрлармен ауыстыру үшін қажет", — деп түйді сөзін министр.