АСТАНА, 19 қыркүйек — Sputnik. Шетелдегі білімді қазақтар — білікті мамандардың Қазақстанда уақытша жұмыс істеп, тарихи отанын дамытуға үлес қосуына мүмкіндік жасалады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова бүгін үкімет отырысында көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасының жобасымен таныстырды. Тұжырымдаманың негізгі бағыттарының бірі — этникалық көші-қон.
"Этникалық қазақтардың қайта оралуына, бейімделуіне және кірігуіне кедергі келтіретін бірнеше проблема өткен жылдан бастап күшіне енген заң аясында өз шешімін тапты. Атап айтсақ, этникалық қазақтарға "оралман" мәртебесін қоныстану аймағына қарамастан бір жыл мерзімге беру, олардың Қазақстан Республикасы азаматтығын алу мерзімі төрт жылдан бір жылға қысқартылды. Оларды ұтымды қоныстандыру мақсатында қосымша еңбек ресурстарын қажет ететін аймақтарға жолдау шаралары қабылданды", — деп баяндады Дүйсенова.
Нәтижесінде өткен жылы елімізге шетелден 16,5 мың отбасы көшіп келді. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 8,5 есеге көп.
Министрдің айтуынша, жаңа тұжырымдаманың жобасында Мемлекет басшысының биыл өткен Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайында берген тапсырмалары қарастырылған.
"Оған сәйкес этникалық қазақтарды тек көшіріп алу мәселесін ғана қарастырмай, сонымен қатар олардың әлеуетін тұрғылықты жерінде қалдыра отырып пайдалану мүмкіндігі ұсынылды. Осы мақсатта шетелде тұратын этникалық қазақтармен байланыстың қарқынын күшейту көзделуде. Бұл үшін Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы олардың тұрғылықты жерінде мәдени орталықтар құруына ықпал жасап, олардың бір-бірімен және Қазақстанмен тығыз қарым-қатынас ұйымдастыратын болады", — дейді ол.
Шетелде тұрып жатқан этникалық қазақтарды, оның ішінде білікті мамандар мен жетістікке жеткен азаматтарды елімізге тарту жұмысын мақсатты сипатта жүргізу үшін жеке электрондық дерекқор жасау қарастырылып отыр.
"Жоғары білікті этникалық қазақтарға уақытша жұмысқа келу мүмкіндігін беру үшін жұмыс берушілерге рұқсатты жеңілдетілген тәртіппен тегін беру тетігі қарастырылды. Сонымен бірге үкімет айқындаған солтүстік өңірлерде қоныс аударушыларды бейімдеу, кіріктіру қызметін көрсететін орталықтар құру немесе қазіргі жұмыспен қамту орталықтарының функциясын кеңейту ұсынылып отыр. Елімізде іске асырылып жатқан көші-қон саясатын және оның тетіктерін сыртта жүрген қандас бауырларымызға толыққанды және уақытында жеткізу мақсатында шетелдегі біздің елшіліктер арқылы белсенді ақпараттандыру жұмысын жүргізу де қарастырылды", — деді министр.