АСТАНА, 6 қыркүйек — Sputnik. ҚР Парламенті мәжілісі каникулдан соң Астанадағы жалпы отырыста ҚР Ұлттық қорынан кепілдендірілген трансферт көлемі мен ҚР республикалық бюджет туралы заң жобасын қарастыруда.
Алтыншы рет шақырылған парламент мәжілісі үшінші сессиясының жұмысын бастай отырып, мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин президент Нұрсұлтан Назарбаев парламент палаталарының бірлескен отырысында атап өткен заң шығару жұмысының стратегиялық басымдықтарын еске салды.
"Аталған мақсаттардың бәрін орындау үшін, сонымен бірге мемлекет басшысының стратегиялық бағытына заң шығару органы тарапынан қолдауды қамтамасыз ету үшін біз үкімет енгізген және депутаттар ұсынған заң жобаларымен жоспарлы және сапалы түрде жұмыс істеу керекпіз. Бұл жұмыс бейінді комитеттерде де, портфеліміздегі заң жобалары бойынша құрылған палатаның жұмыс топтарында да белсенді түрде жүргізіліп жатыр", — деп атап өтті Нығматулин.
Үкімет 2018-2020 жылдарға республикалық бюджет туралы және 2018-2020 жылдарға кепілдендірілген трансферт туралы заң жобаларын ұсынды.
Нығматулин депутаттарға кедендік реттеу туралы кодекстің жобасымен жұмыс істеуді тапсырды.
"Бұл кодекстің жобасымен жұмыс істерде, біз кедендік процедураларды оптимизациялау бойынша президент айтқан ұстанымларды пайдалануға тиіспіз, яғни бірыңғай терезе қағидасын енгізу, электронды декларациялау жүйесін дамыту және талап етілетін құжаттар тізімін қысқарту керек", − деп атап өтті ол.
Жуырда мәжіліске енгізілетін бюджетке төленетін салық және басқа да міндетті төлемдер туралы кодекс жобасымен жұмыс барысында да депутаттар осы ұстанымға сүйенетін болады.
ҚР парламенті мәжілісі қаржы және бюджет бойынша комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсова хабарлағандай, 2018-2020 жылдарға Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы заң жобасы бойынша қорытынды биыл 15 қарашаға дейін дайын болады.
2018-2020 жылдарға бюджет бойынша қорытынды да сол мерзімде жасалмақ.