АСТАНА, 5 қыркүйек — Sputnik. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Айсұлтан жан күйзелісінен арылу үшін, есірткіге салынғанын мойындады.
"Мен аса ауыр дерттен айықтым – Жаратқан ием өздеріңізді одан сақтай гөрсін, туған-туыс, жақындарыңыздың арасынан табылмауын тілеймін", — деп жазды Айсұлтан Facеbook парақшасында.
"Атам – академик Мұхтар Әлиев қайтыс болғаннан кейін арада бір жарым ай өткенде, австриялық түрмеде әкем Рахат Әлиев өз-өзіне қол салды. Өмір маған алғаш рет екі есе күшті, орасан зор соққы жасады. Жұрттың айтуынша, бақытқа бөленіп, байлықта шалқып өмір сүріп жүрген жас Айсұлтан Әлемдегі ең бақытсыз жанға айналды. Сондай сәттерді жаныңды қоярға жер таптырмайтын қайғыны сезінбеу үшін, қол-аяғыңнан айырлуға да дайын боласың", — дейді Айсұлтан.
Оның айтуынша, сол қиын сәттерде оған бүкіл отбасы қолдау көрсетіпті, "әсіресе нағашы атасы Нұрсұлтан Назарбаев ерекше қамқорлық танытқан екен".
"Елбасы күндіз 17 миллион адамның мәселесін шешсе, кешке бар назарын жалғыз жиеніне аударды. Ол кезде бар назарын маған салу үшін атам қаншалықты күш-жігер, денсаулығын жұмсағанын түсінбеп едім. Сондықтан өмірдегі ең сорақы әлсіздікке бой алдырдым. Жұбанышты есірткіден іздедім", — деп жазады Айсұлтан.
Ол мойындағандай, есірткіге салыну қоғам үшін нағыз әлеуметтік проблема, ал адам үшін ауыр сырқат. "Бастапқыда әлем өзгеріп сала береді, проблемалар көзден ғайып болып, тек жақсылықты көресің. Бұл тек басында ғана. Көп ұзамай есірткі ағзаны құртатын бірқатар процеске түрткі болады, бүкіл ішкі органдарды зақымдап, айықпас дертке шалдықтырады. Шектен шыққандардың ажал құшары анық. Мұндай у жаныңа дауа болмасы хақ", — деп мойындайды Айсұлтан.
Жақын адамы есірткіге салынғанда, ең әуелі, отбасын үрей билейді, деп жазады ол. "Енді не болмақ? Не шара? Көршілер не дейді? Жұмыстағылар ше? Қорқыныш қарым-қатынасты бұзып, араны суытады. Үрей жалғыздық сезімін тудырады. Үмітті сөндіреді. Бастапқыда менің де отбасымды үрей биледі", —деп еске алады Елбасының жиені.
Бірақ, Айсұлтанның пікірінше, ол сол кезде "дұрыс қадамға барады – атасына бәрін айтады". "Бәлкім, басқа бір Президент проблеманы жасырып, одан қашуға тырысатын шығар. Бірақ Нұрсұлтан Назарбаев ондайға бармайды. Атам рухани жағынан менің нағыз әкем. Бірінші айтқан сөзі – "Жарайсың, ашық айттың. Науқасың жеңіл емес, бірақ шалдыққан жалғыз сен емессің. Жеңіп шығуға күшің жетеді". Мен бұл дертті жеңіп шығуға уәде бердім. "Айсұлтан маған уәде берсе, ол міндетті түрде сөзінде тұрады", — деп ол салмақты жауап берді", — деп еске алады Айсұлтан.
Қазір жақындарым қасымда, бәрі маған қолдау көрсетеді, ең бастысы сол, деп атап өтті Айсұлтан.
"Мен шығар жол таптым – Жаратқан ием жар болды. Есірткіге салынған жандар мені жақсы түсінеді. Менің түсінгенімше, ешкім кінәлі емес – бәрі есіткінің құрбаны. Иә, себептер жоқ емес. Сондада мынаған сенімдімін: есірткімен күрескен дұрыс, бірақ есірткіге шалдыққандармен күресу – қылмыс", —деп атап өтті ол.
Сонымен бірге, Айсұлтан Narcotics Anonymous халықаралық қауымдастығына алғысын білдірді.
"Бұл күрес мен үшін өте қиын болды, өз-өзіңмен күресу: дертке беріліп, өмірмен қош айтысу немесе бойыңдағы ерік-жігеріңді жинап, өмір үшін шайқасу. Нағыз ішкі джихад. Бағымызға орай, бәрібір жақсылық жамандықты жеңіп шығады", — деді ол сөз соңында.