АСТАНА, 28 ақпан – Sputnik. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Айсұлтан Назарбаев Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті қызметіне тағайындалды деп хабарлайды ұйым сайты.
28 ақпан күні кадр мәселесі бойынша атқарушы комитеттің отырысы болған.
"2017 жылы 28 ақпанда ҚФФ Атқарушы комитетінің шешімімен ФИФА, УЕФА халықаралық ұйымдары және Ұлттық ассоциациялармен байланыс бойынша Федерацияның вице-президенті қызметіне Айсұлтан Назарбаев тағайындалды", — делінген хабарламада.
Бұрын Айсұлтан Назарбаев футбол федерациясының жұмысын, оның бұрынғы басшысы Ерлан Қожағапановтың қызметін бірнеше рет сынаған болатын. Тіпті Қазақстанның футбол федерациясын басқаруға дайын екенін мәлімдеген еді. Футбол федерациясын 2014 жылдың желтоқсан айынан басқарып келген Ерлан Қожағапанов 2016 жылдың қазанында қызметінен кетті. Қараша айында федерация президенті болып "Қайрат" пен КСРО құрамасының бұрынғы қорғаушысы Сейілда Байшақов сайланды.