АСТАНА, 23 тамыз — Sputnik. Астанада өтіп жатқан көкпардан әлем чемпионатында АҚШ командасы тағы да жеңілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін чемпионаттың үшінші күнінде америкалықтар тәжіктермен көкпар тартысты. Ойын қорытындысы бойынша АҚШ командасы тәжіктерден 2:9 есебімен жеңілді.
Бұған дейін америкалықтар Моңғолия және Түркия командасынан жеңіліс тапқан болатын.
Америкалық ковбойларды ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы чемпионатқа арнайы шақырған еді.
"АҚШ-тың Вайоминг шататында көкпар командасы құрылып, кәдімгідей көкпар ойыны өтіп жатқаны туралы ақпарат жеткен кезде қатты қуандық. Қашаннан жаңалыққа құмар, алда жүретін АҚШ көкпарға кірісетін болса, ойынның бағы жанғанына еш күмән жоқ. Чемпионат өтер алдында АҚШ елшісіне арнайы шығып, америкалық команданы шақырдық", — дейді қауымдастық президенті Бекболат Тілеухан.
АҚШ командасындағы ойыншылардың барлығы дерлік Вайоминг шататынан келген, тек біреуі ғана Нью-Йорктен екен. Олардың жасы — 27-37 аралығында. Ойыншылардың жартысы өткен жылы Қырғызстанда өткен бүкіләлемдік көшпенділер ойындарына қатысқан.
Еске кетейік, Астанада көкпардан әлем чемпионаты тамыздың 20-28 аралығында өтеді. Жарысқа 11 елден 200-ге жуық спортшы келді. Жалпы жүлде қоры 18 миллион теңге.