АСТАНА, 23 тамыз — Sputnik. Астанада өтіп жатқан көкпардан әлем чемпионатында Қазақстан көкпаршылары ресейлік команданы 15:3 есебімен жеңді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қазақстан көкпаршылары ойынның алғашқы минутынан басымдық танытып, алаңды билеп-төстеді.
"Біздің ресейлік қарсыластарымыз жаңа үйреніп жатыр. Сондықтан қиын болған жоқ. Біздің ең мықты қарсыластарымыз – бұл қырғыздар. Олардың аттары мықты, бірақ біздің аттар одан да мықты. Ойын бәрін көрсетеді", — команда капитаны Бақтыбай Шырынқұлов.
Сондай-ақ көкпаршы жарыстың өз жерімізде өтуі, жанкүйерлердің қолдауы ойын барысында көмектесетінін атап өтті.
Сонымен, чемпионаттың үш күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан командасы барлық жарыста жеңіске жетті. Бұған дейін қазақ көкпаршылары Ауғанстан командасынан 9:2 есебімен басым түсті, ал Әзербайжан командасы чемпионатқа келмегендіктен жеңіс Қазақстанға берілді.
Айта кетейік, Астанада көкпардан әлем чемпионаты тамыздың 20-28 аралығында өтеді. Жарысқа 11 елден 200-ге жуық спортшы келді. Жалпы жүлде қоры 18 миллион теңге.