АСТАНА, 21 тамыз – Sputnik. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемені +/-1% дәлізбен 10,25%-ға дейін төмендетуге шешім қабылдады.
Шілдеде базалық мөлшерлеме +/-1% дәлізбен 10,5% деңгейінде сақталды. Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 2017 жылғы 9 қазанда Астана уақыты бойынша сағат 17:00-де жарияланатын болады.
Жылдық инфляция баяулап, нысаналы дәлізде тұр, ал оның төмендеу бағыты Ұлттық Банктің болжамдық бағалауларына сәйкес келеді. Ақша-кредит талаптарының жұмсаруына инфляциялық күтулердің тұрақты деңгейі, шикізат нарықтарындағы ахуалдың тұрақтануы, сол сияқты орта мерзімді кезеңдегі инфляция деңгейінің одан әрі төмендеуі бойынша болжамдар себепші болды.
Бұл ретте Ұлттық Банк, сыртқы жағдайлардың қазіргі белгісіздігін және құбылмалылығын назарға ала отырып, базалық мөлшерлемені қысқа мерзімді кезеңде одан әрі төмендету перспективаларына қатысты бағаны қайта қарады.
Базалық мөлшерлеме бойынша шешім мынадай факторларды ескере отырып қабылданды.
2017 жылғы шілдеде жылдық инфляция, күтілгендей азық-түлік нарықтарында бағаның төмендеуінің ықпалымен 7,1%-ға дейін баяулады және нысаналы дәліздің ортасында тұр. Әлеуметтік маңызы бар тамақ өнімдері бойынша да, сол сияқты азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қызметтер бойынша да баға статистикасы осы кезеңдегі баға қозғалысының тарихи серпініне сәйкес келеді. Базалық инфляция жылдық көрсетуде сондай-ақ төмендеуін жалғастыруда. Өткен жылдың төмен базасына байланысты ағымдағы жылдың күзгі айларындағы жылдық инфляцияның күтілген уақытша шамалы өсуі ақша-кредит саясаты тарапынан түзету шараларын қолдануды талап етпейді.
Халықтың инфляциялық күтулері орнықты болып қалуда. Инфляцияны бір жыл бұрын сандық бағалау 6,4%-ды құрайды және нақты инфляция деңгейінен төмен, сондай-ақ 2018 жылға арналған нысаналы дәліз шегінде қалып отыр.
Экономикалық белсенділік қалпына келуді жалғастыруда, ішкі тұтыну және инвестициялық сұраныс серпінінде оң үрдістер сақталуда. Экономика жаңғырғанын сауда, халықты еңбекпен қамту бойынша және сыртқы сұраныс көрсеткіштері бойынша деректер растайды. Сонымен бірге, нақты еңбекақының теріс серпіні инфляциялық тәуекелдерді шектейді.
Халықты кредиттеудің біртіндеп өсуі тұтынушылық сұранысқа қолдау көрсетуде, алайда тұтынушылық кредиттеудің бұдан әрі өсуі жеке тұлғаларға арналған пайыздық мөлшерлемелердің серпініне байланысты болады, олар қазіргі кезде барынша жоғары деңгейде сақталуда.
Шикізат нарықтарындағы ахуалдың тұрақтанғаны, мұнай бағасын маусымдағы төмендеуден кейін шамамен бір баррель үшін 50 доллар деңгейіне теңестіру байқалды. Сонымен қатар, сыртқы ая белгісіздіктің өсуімен және тәуекелдердің күшеюімен сипатталады. Шілдеде астық, сүт өнімдері бағасының көтерілуі салдарынан әлемдік азық-түлік бағалары индексінің ұлғаюы күткеннен де жоғары болғаны белгілі болды. Сыртқы қысымның өсуі негізгі сауда әріптес елдердегі экономикалық жағдайлардың өзгеруінен де туындады.
Ақша-кредит талаптары бейтарап болып қалуда. Нақты пайыздық мөлшерлеме деңгейі (яғни, инфляцияның таргеттелетін деңгейіне түзетілген номиналдық мөлшерлемесі – 2018 жылға 5-7%) экономикалық өсудің ұзақ мерзімді әлеуетті қарқынымен салыстырылатын деңгейде тұр.