АСТАНА, 18 шілде — Sputnik. Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің келісімімен Алматы қаласы әкімінің орынбасары болып Мұрат Дәрібаев тағайындалды. Бұған дейін әкімнің орынбасары лауазымында болған Румиль Тауфиков басқа жұмысқа ауысады, деп хабарлады қала әкімінің баспасөз хатшысы Тимур Базарбаев.
"Алматы әкімі Бауыржан Байбек Румиль Тауфиковке атқарған жұмысы үшін алғысын білдірді, кейін белгілі болатын жаңа қызметіне табыс тіледі", —деп жазды баспасөз хатшысы Facebook парақшасында.
Баспасөз хатшысы атап өткендей, Румиль Тауфиков жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасына басшылық жасай отырып, қаланың көлік құрылымын реформалауды белсенді жүргізді, жалақы жөніндегі қарызды 1 млрд. теңгеге азайтып, жұмыспен қамту және миграция мәселесімен айналысты. Төтенше жағдайлар департаментімен бірге төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, моренді көлдердің таяздануын болдырмау барысында қомақты жұмыстар жүргізді, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру бойынша ұтымды шешімдер қабылдады, денсаулық сақтау басқармасына басшылық жасай отырып, міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге зор ықпал етті.
Алматы әкімінің жаңа орынбасары болып бұған дейін "Алматы" әлеуметтік-кәсіпкерлік" ҰК" АҚ-ы басқармасының төрағасы қызметін атқарған Мұрат Дәрібаев тағайындалды.
Қала әкімінің жаңа орынбасары мамандығы бойынша инженер-құрылысшы, экономист, Алматы автожол институты мен Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін тамамдаған.
Түрлі жылдары Қостанай облысы әкімінің орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, ҚР Индустрия және сауда министрлігінің өнеркәсіп Комитетінің төрағасы, ҚР Президенті Әкімшілігі әлеуметтік-экономикалық сараптама бөлімі меңгерушісінің орынбасары, "Бүркіт"Мемлекеттік авиакомпания" РМК директорының бірінші орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің Қауіпсіздік Кеңесі Хатшылығының бас инспекторы, аппарат басшысы, ҚР Индустрия және сауда министрлігінің кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры, ҚР Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі Агенттіктің көлікті реттеу және телекоммуникация жөніндегі департамент директоры, ҚР индустрия және сауда министрлігі шағын бизнесті қолдау жөніндегі Комитет төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігі әлеуметтік-экономикалық сараптама бөлімінің сектор меңгерушісі және басқа да қызметтерді атқарды.