АСТАНА, 14 шілде – Sputnik. Қазақстанның ұлттық банкі бірқатар елдерде Android операциялық базасында орнатылған мобильді банктік қосымшаларға заңсыз қол жеткізу бөлігінде қауіп төндіретін зиянкес бағдарламаның (вирустың) жаңа түрінің таралу жағдайларының анықталғаны туралы хабарлады.
"Бұл вирус суреттер немесе өзге де мультимедиялық файлды "көруге" сілтемеден тұратын SMS-хабарлар арқылы таратылады". – деп түсіндірді Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
ҚР Ұлттық Банкі Интернетке/мобильді банкингке қол жеткізілетін мобильді телефонға хабарлар алған кезде қырағылық танытып, оның және оның салдарларының таралу тәуекелін төмендетуге бағытталған мынадай шараларды қабылдауға кеңес береді.
"Біріншіден, келіп түскен хабарларды мұқият қарау және белгісіз адресаттардан келген сілтемелерді ашпау, белгілі адресаттардан сілтеме алған кезде және вирус деп күдіктенсеңіз (бұған дейін бұл адресат мұндай тақырыпқа сілтеме жібермесе), сілтемені ашпағаныңыз жөн. Мобильді қондырғыға келіп түскен белгісіз бағдарламаларды орнату және (немесе) оларға қосымша құқық беру туралы хабарларға рұқсат бермеген дұрыс", — деген кеңес берді елдің орталық банкінің қауіпсіздік қызметкерлері.
Сонымен қатар, вирусқа қарсы сенімді бағдарламаны пайдалану, оны және операциялық жүйені үнемі жаңартып отыру қажет.
"Өзіңіз қызметтерін пайдаланатын Банктердің сайттарын не жаңалықтар жолақтары арқылы әлеуетті қауіптер мен олардың алдын алу әдістері туралы мәліметтерді үнемі қадағалап отырыңыз; төлем карточкалары және банктік шоттар (PIN-код, карточканың сырт жағындағы СVV код, Интернеттегі/мобильді банкингтегі пароль) бойынша конфиденциалды мәліметтерді (деректемелерді) үшінші тұлғаларға бермеңіз", — деп түйді Ұлттық банк.