АСТАНА, 26 маусым — Sputnik. Ұшақ бортында темекі шегіп, алкогольдік ішімдік ішкені үшін әкімшілік қамауға алынғандарға арналған арнайы мекемеден атышулы қазақстандық Мақсат Үсенов шықты.
16 маусым күні сот Үсеновті ҚР ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлімімен (Ұсақ бұзақылық) қарастырылған құқық бұзушылық жасауда кінәлі деп танып, он он күні қамауға алу туралы қаулы етті.
Осылайша өзінің 28-ші туған күнін Үсенов қамауда қарсы алып, алайда сол күні босатылды. Мекеменің алдында оны қымбат көлік күтіп тұрды. Ол сол көлікке мініп кетті.
Бұған дейін хабарланғандай, Мақсат Үсенов Таиландта ұшақ бортында ұсталған болатын. Ол ұшақ экипажына бағынудан бас тартып, бортта өзін ұстау әдебін өрескел бұзған. Кейін ҚР Сыртқы істер министрлігі Бангкок арқылы Вьетнамға ұшқан Мақсат Үсеновті тайландтық құқық қорғау органдары жауапкершілікке тартпай, босатқанын хабарлады.
Осы оқиғадан кейін Үсеновтің 160 мың теңгеден астам салық борышы бар екені белгілі болды. Ал мұндай қарызы бар адамның шетелге шығуға құқығы жоқ. 8 маусымда ол берешегін төледі.
Еске сала кетейік, 2013 жылдың желтоқсанында "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясы құрылыс департаментінің бұрынғы басшысы Қажымұрат Үсеновтің ұлы Мақсат Үсенов өзінің BMW X6 көлігімен жүйіткіп келіп, жол жиегінде тұрған алты адамды қағып кеткен болатын. Салдарынан жас жігіт қайтыс болып, бірнеше адам зардап шекті. Тәртіп сақшылары бұл жайтқа байланысты қылмыстық іс қозғағанымен, тараптардың бітімге келуіне байланысты іс тоқтатылды.