АСТАНА, 7 маусым — Sputnik. ҚР парламент мәжілісінің депутаты Құдайберген Ержан елімізде шыбын-шіркей, шегіртке, сондай-ақ су тасқынмен күресу жөнінде комиссия құруды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Өз сауалын Ержан Қазақстанның үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа жолдады. Еліміздің түкпір-түкпірінен келіп түскен шағымдар жүгінуге себеп болған.
"Соңғы бес жылда Батыс Қазақстан, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан облыстарында шыбын-шіркеймен күресу мәселелері ерекше алаңдаушылық туғызып жатыр. Бұл құбылыс ауылшаруашылығы жұмыстары қайнайтын мамыр-маусым айларына келеді. Осылайша олардың жұмысына кедергі келтіріледі", — деді депутат.
Оның атап өтуінше, шыбын-шіркейдің шаққан жері адамды қышындырып, ісіп, қызуын көтереді. Бұл ретте ол аталған өңірлердегі эпидемиологиялық жағдайға теріс әсерін тигізеді.
"Жыл сайын су тасқыны мен шегірткемен күреске қыруар қаражат тиімсіз жұмсалатынын атап өткім келеді. Жыл сайын бір нәрсе қайталана береді, өйткені жүйелі жұмыс жоқ. Бұл қатерлерді жою бойынша жұмыс жолға қойылмаған. Жағдайдың жыл сайын қайталануына байланысты, осы проблемаға қатысы бар жетекшілердің жауапкершілігін күшейту қажет деп санаймын", — деді мәжілісмен.
Қорыта келе депутат орталық, жергілікті, органдарының жауапты қызметкерлері, сонымен қатар осы проблемалармен айналысатын ғалымдардың қатысуымен жедел комиссия құруды ұсынды.