Саясат

Жақып Асанов: прокурорлардың араласпайтын ісі, тұмсық тықпайтын жері қалмады

© Photo : Генеральная прокуратура КазахстанаЖақып Асанов
Жақып Асанов - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Мәжілісте прокуратура органдарын реформалау мәселесі талқыланды

АСТАНА, 31 мамыр — Sputnik, Айымгүл Әбіл. Бас прокурор Жақып Асановтың айтуынша, бүгінгі күні прокурорлардың араласпайтын ісі, тұмсық тықпайтын жері қалмады. Барлық іске үлгереміз деп жүріп, прокуратура органдары халықтың жанына батып жүрген мәселелерді шет қалдырды. Бұл туралы Жақып Асанов Мәжілісте "Прокуратура туралы" заң жобасын таныстыру барысында айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Жақып Асанов - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Жақып Асанов "Қорғастың" бұрынғы басшысы Нидің босап шығуына қатысты пікір білдірді

"Біз былтырдан бері бір күрделі мәселеге тіреліп қалдық. Қаншама талқылау болды, бүкіл жүйе болып бір мәселені шеше алмай келеміз. Сонда іздегеніміз не? Іздегеніміз — стратегия мен миссия. Ал прокуратураның стратегиясы, миссиясы қандай болу керек? Осы сұраққа жауап таппай, осыны анықтамай, жалпы прокуратура не үшін керек екенін айту қиын. Біз енді жай орган емеспіз ғой, конституциялық статусымыз бар. Осындай құрылымда нақты стратегия болмаса, белгілі мақсат,  миссия болмаса, одан не күтуге болады? Біз қызметкерлерімізге дәл мақсат көрсетпесек, олар қай жаққа ұмтылады? Бұл қараңғыда жол таппай жүргенмен бірдей емес пе?", — дейді Бас прокурор. 

Жақып Асановтың айтуынша, прокуратура не үшін керек екенін анықтап алмай, жұмыс еш уақытта тиімді болмайды. Қазірде біздің заңдарымызда прокуратураның нақты құзыреті айқындалмаған. Мәселеге осыған келіп тіреліп отыр. 

"Я ауқым жоқ, я шек жоқ, нақты жауапкершілік аясы жоқ. "Торғай сойса да, қасапшы сойсын" деген қазақта жақсы сөз бар. Әркімнің өзінің шаруасы болуы керек қой. Бұл деген бәрімізге ақиқат. Прокуратура заңдылықты қадағалайды. Заңдылыққа бағынбайтын еш нәрсе жоқ. Кез келген саланың өзінің тәртібі бар, соған ол тәуелді. Әрбір министрлік, мемлекеттік органның өзінің жауап беретін саласы бар, сол салада ол заңдылықты қамтамасыз етеді. Ал прокуратура болса, соларды қайталаймын деп, жағаласып, солардың жұмысына араласа береміз. Кімді тексереміз десек те, өз еркіміз. Шынын айтсақ, шашылып кеттік. Араласпайтын іс, мұрын тықпайтын жер қалмады. Барлығына үлгереміз деп, сондай бір пысық келін болғымыз келеді. Осының кесірінен халқымыздың жанына батып жүрген мәселелерді біз шет қалдырдық. Неге? Өйткені уақытымыз жоқ дейміз. Жалпы қадағалау бар, бизнесті, мемлекеттік органдарды тексерумен айналысып кеткенбіз. Ал қылмыстық процесс өз бетінше қалды. Жыртыққа жамау болып, күшімізді ұсақ-түйекке жұмсаудамыз", — деді Жақып Асанов. 

Оның сөзінше, прокуратура тексеруші органдардың жұмысын өзіне жүктеп алған. Оларға да ыңғайлы, жауапкершіліктен қашады. Сайып келгенде, мұның барлығы жемқорлыққа жол ашады. 

Архивное фото мужчины на скамье подсудимых - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Бас прокурор: халықтың жанына бататыны - тергеу мен сот үкімі

"Көбінесе біз қаржылық бақылау деген бар ғой, соның терісін жамылғымыз келеді. Неге? Өйткені мемлекеттік сатып алу, тендер, соның маңайынан шыққымыз келмейді. Бірақ ондай тексеруден кейін жалпы жағдай пәлендей жақсартып жатыр деп айту қиын. Екіншіден, алпыс шақты бақылаушы, тексеруші органдар бар. Олардың жұмысын мойнымызға іліп алдық. Олар осыған әбден үйреніп кетті. «Түйенің жүгі жеңілдеген сайын жалқау келеді» демекші, олар қит етсе болды, жауапкершіліктен қашып, прокуратураға барыңыз дейді. Бізге де ыңғайлы, тексереміз десек, тексереміз, тексергіміз келмесе, басқаларға сырып саламыз. Мұның барлығы жемқорлыққа тура жол", — деді Бас прокурор.  

Оның айтуынша,  барлық проблеманы шешетін, бүкіл арыз-шағымдарды қарайтын әмбебап орган болу мүмкін емес. Мұндай ешбір елде жоқ. Былтырдың өзінде прокуратура органдарына 350 мың арыз түскен. 

"Қандай сапа болуы мүмкін? Әрине, арыздан біз қашпаймыз, одан құтыламыз деген ойымыз жоқ. Керісінше бір ай бұрын бас прокуратурада халықты қабылдайтын арнайы орталық аштық. Біз қазір азаматтардың арызын жазып беріп отырмыз. Біздің міндетіміз емес, бірақ мына заң жобасы бойынша бір міндетіміз бар –халықтың сенімін ақтау. Бұл алғаш рет болып тұр. Осындай орталықтарды облыс орталықтарында, келешекте аудандар құрамыз. Екі айда Бас прокуратурада бірінші қабатты толық халыққа берейін деп отырмыз. Олар еш кедергісіз көшеден кіретін болады, оларға біз құқық қорғау қызметтерін көрсетеміз", — дейді Бас прокурор.

Жаңалықтар
0