АСТАНА, 31 мамыр — Sputnik, Айымгүл Әбіл. "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының бұрынғы президенті Василий Ниді қылмыстық жауапкершіліктен босату бойынша сот шешімі қоғамда үлкен дау тудырған еді. Бас прокурор Жақып Асанов осы іске қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бас прокурор Жақып Асанов Мәжіліс отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің "Аталған резонанстық іс бойынша сот шешімімен келісесіз бе?" деген сұрағына жауап берді.
"Бір нәрсені есте сақтау керек, ешбір елде ешқашан мінсіз заң болмайды. Өмір қашанда заңдардан парасатты келеді. Заңдар әрқашан компромисс өнімі. Естеріңізде ме, екі-үш жыл бұрын бір "мажор" (Мақсат Үсенов) жантүршігерлік жол апатын жасап, салдарынан адамдар көз жұмып, зардап шекті. Туыстары оны кешіріп, қылмыстық іс тоқтатылды. Неліктен тоқтатылды? Өйткені ҚР Қылмыстық кодексінің 68-бабы бұл істі тоқтатуды міндеттейді. Бірақ қоғам келіспеді. Нәтижесінде Парламент осы 68-бапты өзгертті. Егер ол қазір сондай іс жасаса, міндетті түрде түрмеге отырар еді", — деді Жақып Асанов.
Бас прокурор Василий Ниге қатысты іске тоқтала келе, Қылмыстық кодекстің 65-бабы осындай шешім қабылдауға мүмкіндік бергенін айтты.
"65-бап бірқатар жағдайды ескере келе, сотқа осындай шешім қабылдауға құқық береді. Иә, сот оны айыпты деп таныды. Бірақ сот заңнан басқа ішкі сенім, ар-ожданды басшылыққа алады. Бұл соттың құқығы, ешкім сот заңды бұзды деп айта алмайды. Судья істі қарап шығып, барлығын тыңдап, осындай шешім қабылдады және 65-бапты пайдаланды. Олар айыпты деп танылды, бір жылға жуық тергеу абақтысында отырды. Айыптау үкімі бар. Бірақ олар жазадан босатылды", — деп атап өтті Бас прокурор.
Жақып Асанов қоғамда үлкен дау тудырған осы мәселеге қатысты өзінің жеке пікірін айтты.
"Менің жеке пікірімді білгілеріңіз келе ме?", — деп сұрады Бас прокурор журналистерден. – Мұны мен шешпеймін. Мұны Парламент шешеді. ҚР Қылмыстық кодекстің 65-бабын да біз өзгертуіміз керек. Менің ойымша, бұл бап ондай қылмыстар бойынша қолданылмауы керек. Дегенмен, судья заңды бұзды деп айта алмаймыз. Елеулі заңбұзушылық, Қылмыстық және қылмыстық-процестік кодекс нақты бұзылған жағдайға ғана наразылық жасауға болады. Мұндай тікелей заңбұзушылық жоқ – бұл соттың құқығы", — деп түйіндеді сөзін Жақып Асанов.
Еске сала кетейік, "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының президенті Василий Ни 2016 жылғы 5 қыркүйекте миллион доллар пара алып жатқан жерінен ұсталған болатын.